МӘҺР БЕРУГЕ МІНДЕТТІМІН БЕ?

      Ханафи мәзһабы бойынша, неке қию кезінде ер жігіт өзінің некелесіп отырған жарына мәһр беруге міндетті. [1]

      Мәһрдің мөлшеріне келер болсақ, ханафи мәзһабы бойынша, ең аз дегенде он күміс дирхам болуы керек. Бір дирхамның салмағы шамамен 3-3,5 грамм болса, мәһр ретінде берілетін күмістің мөлшері ең азы 30-35 грамм болуы қажет. Күмістей беру шарт емес. Сондықтан да, 30-35 грамм күміске тең келетін ақшалай не заттай сыйлық берсеңіз де болады. [2] Мәһр неке қию барысында берілетін болса, мұны шариғатта «мәһр муғажжаль», яғни дер кезінде берілген мәһр деп атайды. Ал екеуара келісіп, мәһр беруді кейінге қалдырса, мұны «мәһр му-әжжаль», яғни уақыты созылған мәһр дейді. Ерлі-зайыптылар мәһрдің берілетін уақытын нақты белгілесе, сол келісілген күні берілуі тиіс.

     Кейде ерлі-зайыптылар мәһрдің нақты уақытын белгілемей, әйелі ерімен «әйтеуір бір берерсің» деп келісетін кездерде де болады. Шариғатымыз оған да рұқсат береді. Бірақ, бұның уақыты, ерлі-зайыптылардың ажырасуымен немесе біреуінің дүниеден озуымен шектеулі. Яғни, ажырасқан күні, мәһрді беру еріне міндет, ал күйеуі бақилық болған жағдайда, мәһр ерінің артында қалған дүниесінен алынады. Ақшадан басқа, үй, автокөлік, киім-кешек т.б. осы секілді дүние-мүліктер мәһр қатарына жатады. Келісілген мәһрдің мөлшерін азайту яки мәһрден түбегейлі бас тарту қыздың өз ықтиярында. [3]


[1] Бәдруддин Айни альХанафи, Әль-Биная – 131 бет, 5 том.

[2] Маусули, әл-Ихтияр – 89 бет, 3 том.

[3] Юсуф бин Ахмед, Жамигул әсилатиль фикхия аля мәзхабиль ханафия/Китабун Никах.
 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін