Алланың махаббаты уәжіп болған пенде

Махаббат, достық, бауырмалдық –

адамның ең бір асыл қасиеттері 

(Ғабит Мүсірепов).

Әбу Идрис әл-Ихуани есімді Алланың тақуа құлдарының бірі мынадай оқиғаны баяндайды:

«Мен Дамаскте Қудус мешітіне кірдім. Онда күлімсіреген бір жігіт отырды. Адамдардың барлығы соның қасына жиналыпты. Егер олар өзара бір нәрсеге келіспей қалса, онда әлгі жігіттің сөздеріне сүйеніп, соның пікірімен келісіп, амал етіп отырды.

Мен олардың қасына барып, әлгі жігіттің кім екенін сұрадым. Олар:

– Бұл, Мұғаз ибн Жәбал (р.а.).

Таң атқан соң мен қайтадын жылдам мешітке бардым. Сөйтсем, Мұғаз ибн Жәбал менен бұрын келіп, намаз оқып тұр екен. Оның намаз оқып болғанын күттім кейін, алдына келіп:

– Аллаға қасам етейін! Мен сені жақсы көремін – деп айттым.

Ол менен:

– Алла үшін жақсы көресің бе?  деп сұрады. Мен:

– Алла үшін жақсы көремін, дедім. Ол шапанының етегін ашып, мені өзіне тартты да:

– Олай болса саған қуанышты хабарым бар! Алла елшісінің (с.ғ.с) мынадай хадисын естіген едім: «Алла Тағала: «Мен үшін бірін-бірі жақсы көргендерге, бірге мәжіліс қылғандарға және Мен үшін бір-біріне демеу көрсеткендерге Өзімнің махаббатымды уәжіп қылдым».

Әңгімеден шығатын пайдалы сабақтар

Адам өзінің жақсы досын, білетін байсалды жолдасын көрген кезде, оған оның Алла үшін жақсы көретінін, оны сыйлатынын айтқаны дұрыс. Алла үшін жақсы көру дегеніміз, белгілі бір нәрсені Алланың разылығына бөлену үшін ұнату. Әдетте, Алла үшін жақсы көру Алланың көрсеткен жолын ұстанған адам үшін болмақ. Ал енді Алла үшін жақсы көрудің өлшемі – иман. Алла үшін жақсы көру бұл дүниеде жетістікке жетелесе, ақыретте Алланың ризалығына алып келеді. Бұған пайғамбардың мына хадисі куә:

«(Рух) бір-бірін таныса дос болады, егер (ол екеуі) бір-бірін жек көрсе, қарсыласады»(Мүслим).

Адамдар арасында сыйлайсытқ пен сүйіспеншілік, бауырластық орнатудың бірден бір жолы – Алла үшін жақсы көру. Әбу Идрис мешітте отырған Муғаз ибн Жәбалді ғалым, білімді болған үшін сыйлап, оған оның құрметтйітінін айтты. Себебі ол басқаларға тәлім беріп, олардың білмегендерін үйретіп отырды.  

Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Ей, Алла! Маған Өз махаббатыңды, Сені сүйген пенделерінің махаббатын, Сенің махаббатыңа жақындататын амалды жақсы көруімді нәсіп ет! Махаббатыңды маған салқын судан да жақсы көрсет!», – деп дұға қылатын (Термизи).

Расында да жоғарыда айтқанымыздайИсламның мақсаттарының бірі адамдар арасындағы жүректерді біріктіру, олардың арасында мейірім мен қайырымдылық байланысын орнату. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Бір-біріне деген махаббатта, мейірімділік пен жанашырлықта мұсылмандар біртұтас тәнге ұқсайды: егер оның қандай да бір бөлігі ауырса тәннің қалган мүшелері де тынышсызданады», – деп айтқан (Бұхари, Мүслим).

Екінші пайдалы сабақ: Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла.

Бұл әңгіме бізге ғалым адамды, білім иесін, ұстазды қалай сыйлау керектігін үйретеді. Әбу Асуад ғалым турасында былай деген екен:

«Ғылымнан асқан азиз нәрсе жоқ. Патшалар адамдарға билік жүргізсе, ғалымдар патшаларға билік қылады».

Құранда Алла тағала білетін білім иелері мен қарапайым адам турасында былай деген: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?»  (Зумар: 9).

Алла тағала «Білетіндер менбілмейтіндер бірдей бола ма?» – деп сұрақ қою арқылы білімнің қадірін түсіндіріп, білімді мен білімсізді салыстыруға шақыруда. Демек, Алланың құзырында да олар тең емес, ғалым басқалардан – артық.

Білімді адам жарық шам секілді, білімсіз, надан болса, қараңғы түн сияқты. Білімді адам ақыл-парасатымен, ой-қабілетімен бірнәрсені түсінуге тырысады. Ал, надан болса, басындағы ақылын, бойындағы қабілетін дұрыс қолдана алмайды. Сондықтан, білім иелері хақтың жолы исламға ден қойып, Алла тағаланы танып, имандылыққа бет бұрады. Алланың құдіретін мойындап, құлшылық-ғибадат жасайды. Білімсіздер надандықпен небір күпірлікке барып, күнә істерге бас ұрады.

Үшінші пайдалы сабақ: Білгеніңді басқаға үйрету.

Алла кімге білім берсе, сол оны шамасына қарай басқаларға үйретуге міндетті. Басқаларға білгенін үйретіп, уағыз-насихат айтып, адамдарды жақсылыққа шақырып, бұзық істерден қайтаруы тиіс. Білім берсем, білімім тауысылып қалады деген ойдан арылған жөн. Себебі білімнен басқа күллі нәрсе азаяды. Білім керісінше, басқаларға үйреткен сайын, арта түседі.

Пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Алла тағаланың бұл дүниеде білім ошақтарын іздейтін періштелері бар. Ол періштелер білім үйреніп отырған ортаны көрсе, біріне-бірі: «Мына мекенге келіңдер! Сендердің іздегендерің осы жерде», – деп сол ортаны қоршап, (білім үйреніп жатқандармен бірге) отырады. Ал, (ғылыми мәжілістен) қайтып, періштелер Алланың құзырына барғанда, Алла тағала оларға: «Сендер куә болыңдар Мен сол жерде(яғни, ғылыми мәжілісте) отырған баршаның күнәсін кештім», – дейді. Сонда бір періште: «О, жартқан Алла! Әлгі орында пәленше атты кісі болды, бірақ ол ілім алу үшін емес, өзінің бір қажеті үшін келіп еді», – деді. Сонда Алла тағала: «Сендер куәгер болыңдар. Мен оның да күнәсін кештім», – деді»,– деп айтқан.

Келесі хадисінде: «Олар (білім алушылар) сондай қауым олармен отырған адамдар ешқашан бақытсыз болмайды», – делінген. Демек, білім ошағында отыру, бақытты ортада болу деген сөз.

Хасан әл-Басри бұған қатысты былай деген: «Егер адамдар білімге бас ұрып, бірақ амал қылмаса және туыстық қатынасты қойып, тек сөз жүзінде дос болса, онда Алла оларға лағынет айтады. Оларды саңырау қылады, көздері көрмейтін болады».

Адам өзінің алған білімінің садақасын, зекетін беріп білімін тазартып тұруы керек. Зекет пен садақа тек ақша мен мал үшін ғана емес, білімге де тиесілі. Білімде басқалардың да ақысы бар. Сол білімнің садақасын басқаларға беру арқылы адам өзінің білімін молайта алады.

Төртінші пайдалы сабақ: Білім іздеу қажеттігін білдіреді. Адам өзінің жас-шамасына қарап, білім үйренуден шектелмеуі керек. Жоғарыда Әбу Идрис әл-Ихуанидің:

«Мен Дамаскте Қудус мешітіне кірдім. Онда күлімсіреген бір жігіт отырды. Адамдардың барлығы соның қасында топталыпты. Егер олар өзара бір нәрсеге келіспей қалса, онда әлгі жігіттің сөздеріне сүйеніп және  соның пікірімен әрекет қылып отырды», – деп айтуы, адамдардың ғалымды қоршап, білмеген нәрсесін сол жас ғалымнан сұрап, білім үйреніп отырғандарын көрсетеді.

«Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді. Шынында, періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалым үшін міндетті түрде аспандағы әрі жердегі бүкіл нәрсе, тіпті судағы балықта, Алладан оның күнәларының кешірілуін тілейді! Ал ғалымның қарапайым құлшылық етушіден артықшылығына келер болсақ, оның артықшылығы – аспандағы толық айдың басқа жұлдыздардан артықшылығындай. Шынында, ғалымдар пайғамбарлардың мұрагерлері, ал пайғамбарлар болса, өздерінен кейін динар да, дирһам да (мал-дүние) қалдырмаған. Олар тек білімді мұра етті. Кімде-кім бұл білімді алса, онда ұлы сыбағаға қол жеткізді» (Термези).

Бұл хадисте білімді үйренген ғалымдардың мәртебесі ашық баяндалғас. Ілім-білім жолында жүргендердің Исламда қадір-қасиеті биіктей түседі. Өйткені, білім талабы үлкен дәреже. Тағы бір хадисінде Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай дейді:

«Кімде-кім мешітке жақсылық (білім)  үйренуге немесе жақсылықты үйретуге келген болса, оған толық қажылық жасаған адамның сауабы жазылады» (Табарани).

Пайғамбардың заманында білім беретін арнайы оқу-орындары, діни медреселер болмады. Сондықтан, халық білім алу үшін мешітке келді. Мешіт шағын медресе болатын. Сол себепті, көптеген хадистерде білім алу туралы айтылса, мешіт деп айтылады. Адамдар мешітте діни сауат алады, жақсы уағыздер естиді.

Білім алған, біліміне амал жасайтын ғалымға аспандағы періштелер де, жердегі адамзат пен жан-жануарлар да истиғфар айтатыны жоғарыда келген хадисте баяндалып тұр. «Истиғфар айту» Аллдан жарылқауын тілеп, дұға ету деген сөз. Ғалым адам оқыған білімімен халықты Алланың хақ жолына шақырғаны үшін Алла тағала ол ғалымды жақсы көреді. Ел-жұрты да ондай ғалымды сыйлап, құрмет көрсетеді. Ал шәкірттері Алладан оның аман-саулығын сұрайды.

Ия, достым. Шынайы айтылған: «Алла үшін жақсы көремін» сөзінің қаншалықты мол пайдасы бар десеңші. Әрине, білген кісіге бұл әңгімеден алар пайда көп. Біз жай ғана соған бағыт беруге тырыстық. Бұл айтылғанды бойға сіңіріп, өмірде амал қылу сенің ықтиярыңда. Кім білер, күндердің күнінде Алланың махаббаты саған да уәжіп болар. Алла тағала біздің бір-бірімізге деген құрмет пен сүйіспеншілігімізді артсын.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін