Үш сағаттық соқырлық

Бірде Түркияның Ыстамбұл қаласындағы Мәрмәр университетінің асханасына барсам, көзіндеріне қара көзілдірік киген, біреулері қолтығынан сүйеп ұстаған бірнеше қыз-жігіттер жүр. Бірі жанындағылардың жәрдемімен тамаққа кезекке тұрса, бірі тамағын алдына алып түстенуге отырып жатыр. Сөйтсе, көзілдіріктің әр жағы көзге түртсе көргісіз қараңғылық екен. Құдды, соқыр адамдай, бірісі қасығын таба алмай үстел сипалап отырса, енді біреуі қабырға жағалап жүр. Әйтеуір, біреудің жәрдеміне мұқтаж, тек басына еш тірлік тындыра алар емес.

Асылында, көзілдірік кигендер соқыр емес екен. Зағиптардың жағдайын түсіну үшін және өзгелердің де назарын соқырлар қауымына аудару үшін әдейі осындай акция ұйымдастырыпты. Яғни, «бір күн соқыр бол да, соқырдың да жағдайын түсін» деген секілді. Бұл шара менің де қызығушылығымды аудырды. «Маған да неге бір сәт соқыр болып көрмеске?» дедім.

Дедім де, бір күні көзімді мен де таңып тастадым.

Зағиптың күйіне түстім.

Айнала қап-қараңғы... Жарық дүние әп-сәтте қап-қара түнекке оранды. Күннің сәресі ме, бесін әлеті ме, намаздыгер ме, жоқ әлде намазшам ба, біліп болмайсың. Сен үшін барлығы айсыз қара түн. Біраз уақыттан кейін бойды үрей мен қорқыныш билей бастайды екен. Айналаңда адамдар жүрсе де, өзіңді қапастағы жалғыздай сезінесің. Ілгері қадам басуға қорқасың. Сүйенер сырық, таянар таяқ жоқ. Әйтеуір біреудің көмегіне мұқтажсың. Біреудің сүйеуінсіз, біреудің жәрдемінсіз жан баға алмайтын жарым адамның күйіне түсесің.

Балаңның сыңғыр күлкісін естисің, бірақ жарық жүзін көре алмайсың. Жарыңның жарқын жанарына қарағың келеді, бірақ қарай алмайсың. Құдай-ау, туғаннан соқыр жандар туған анасының жүзін көруге қалайша зар болып жүр екен? Мұны ойласаң, құйқаң шымырлайды. Зағиптардың ішіндегі зарын сыртына ақтарсаң, запыраны дүниені шарпиды-ау.

Сенде көзіңді уақытша байлағандықтан, жарық дүниені көру сенімі бар ғой, ал иненің жасуындай да саңылауы жоқ көр соқырларда бұл жарықты көремін деген үміт те жоқ қой.

Екі көз... екі жанар... Алланың адамға берген ең құнды нығметтерінің бірі екен. Әшейінде қадіріне жете бермейтін көздерді көрге айналғанда түсіне бастайды екенбіз-ау. Қазақ су қараңғы соқырды «көр» деп бекер айтпапты ғой. Көрдегі жағдайды татпаса да, бір сәтке көрге түсіп шыққандай күйді кешеді-ау бұл соқырлар.

Көзсіз небәрі үш-ақ сағат жүре алдым. Одан әрі шыдай алмадым. Жарықтық, жарық дүниені көріп жүргенге не жетсін. Көзді сау жаратқаны үшін Аллаға сансыз шүкір айттым. Әрине, бұл шүкірім де аз...

Өйткені, Алла Тағала «Сендерге құлақ, көз, жүрек бітірдік, сонда да шүкір етулерің тым аз!» демей ме Қасиетті Құранда (Мүминун сүресі, 78-аят).

Әл-Мунзиридің «Тәръиб уә тәрхиб» кітабында сахих иснадпен, яғни дұрыс риуаятшылардың тізбегімен жеткен мынандай хадис бар:

Екі Әлем Сардары Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

– Сахабаларым, жаңа біразда қасыма келіп кеткен Жәбірейіл (ғ.с.): «Уа, Мұхаммед! Сені адамзатқа тура жол көрсету үшін хақ Пайғамбар ретінде жіберген Аллаға ант етемін», – деп ғибратқа толы мына хикаяны баяндады: «Ертеде бір мүмин дүниені тәрк етіп, шалғайда иесіз жатқан, тірі жаны жоқ бір аралға кетеді екен. Бұл жер адамдардан және дүниелік істерден ұзақ, өзіне ыңғайлы болғандықтан бүтіндей құлшылыққа бас қояды. Біраз уақыт ғибадаттан кейін қарны ашып, шөлдей бастайды. Бірақ, азық қайдан болсын? Аралда тек тік шатқалдар, шатқалды аласұра соққан долы теңіз және өзі. Басқа ешкім жоқ.

Күн артынан апта, апта артынан ай келіп, уақыт сырғып жылжи береді. Тақуа құлдың да әлі құрып, тағаты таусыла бастайды. Өңі солып, жүзі сарғайған құл шыдай алмай: «Уа, Раббым! Саған құлшылық қылар әл-дәрменім қалмай барады, ғибадат етер күш-қуатымнан айрылмас үшін талғажау етерлік дүниелер нәсіп ете гөр!», – деп Аллаға жалбарынады. Күндердің бір күнінде құдіреті шексіз Алла шатқалдардың арасынан мұздай суық, шәрбәттай тәтті бұлақ атқылатып, нарттай қызыл анарларымен көмкерілген үлкен анар ағашын жайқалтып өсіріп қойып, тілегін орындайды.

Құл күн бойы ғибадат етіп, бұлақ басына шығып, анар ағашынан бір анарды үзіп жеп, қайта құлшылыққа бас қояды. Намаз соңында да: «Уа, Раббым! Жанымды сәждеде ал, өлген соң да денемді шірітпе, қияметке дейін сәждеде жатқан күйімнен айырма!» деп дұға етеді. Осылайша бес жүз жыл өтеді екен. Ақыр аяғында Алла Тағала құлының жанын тілегеніндей сәждеде алады.

Осыдан кейін Жәбірейіл былай дейді: «Расында да біз әлгі иесіз жатқан аралға қанша түсіп көтерілсек те әлгі мүминді сәждеде Алланы зікір етіп жатқан күйде көреміз. Қиямет жетіп, адамдар үрейленіп маһшар алаңына жиналғанда оны тағы да сол иләһи сырларға шомып, ғибадат қылып жүрген күйде көреміз. Әркім Алланың алдына шығып, есеп беріп жатқанда ол да Алланың алдына келер.

Алла Тағала оған тіл қатып, былай дейді:

– Уа, тақуа құлым! Сені рахметімнің саясына алып, кеңшілігіммен жәннатқа кіргіземін. Кел, кір! – дейді. Құл болса, былай деп жауап береді:

– Жоқ, Раббым! Жәннатты амалымның арқасында олжаладым, – дейді. Сонда Алла Тағала:

– Ей, періштелер! Құлымның жасаған ғибадат-құлшылықтары мен оған нәсіп еткен нығметтерімді таразыға тартыңдар! – дейді.

Тақуаның барлық ғибадат амалдары мен оған нәсіп еткен Алланың нығметтері таразыға тартылады. Сонда тек бір ғана көзі 500 жылдық ғибадат құлшылықтан ауыр басады. Өзге нығметтерге қарсы тартылатын құлдың басқа құлшылықтары да қалмайды.

- Алла Тағала періштелерге:

– Бұл құлды жәһәннәмға лақтырыңдар! – деп әмір етеді. Сонда құл шыр-пыр болып:

– Уа, Раббым, жаңылысыппын, кешір мені! Жәннатқа тек рахметіңмен ғана кіреді екенмін! – деп жалбарынады. Құлының бұл сөзіне рахымы түскен Алла Тағала:

– Бері әкеліңдер оны! – дейді. Құл Алланың құзырына әкелінеді. Алла:

– Ей, құлым! Сені жоқтан бар еткен кім еді? – дейді. Құл:

– Сенсің, уа Раббым! – деп жауап береді. Алла тағы да:

– Бұл бар ету, яғни, сені жоқтан жарату сенің амалыңмен жүзеге асып пе еді, жоқ менің рахметіммен бе еді? – деп сұрайды. Тақуа:

– Шүбәсіз, сенің рахметіңмен! – дейді. Алла Тағала:

– Бес жүз жылға жуық құлшылық етуге күш-қуатты саған кім берді? Иесіз аралда сені шәрбәт сумен сусындандырып, күн сайын тәтті анармен ырзықтандырған кім еді? – дейді құлға. Құл:

– Сенсің, уа Раббым! – дейді. Сонда Алла:

– Міне, мұның бәрі менің кеңшілігім мен рахметімнің арқасында жүзеге аспағанда, басқа не? Қане, ендеше жәннатқа кір! – дейді екен».

Міне, 500 жылдық құлшылық та бір көздің құнын өтемегенде біздің шүкіріміз не өзі? Жырып-жұлып оқыған намазымыз, үзіп-созып ұстаған оразамыз күндік нығметіміздің де шүкіріне жетпейді... Бұған үздіксіз кеп тұрған дем деген бір ғанибетті қоспадым.

Тек үміт Алланың рахымы мен кеңшілігінде... Тек содан ғана үміттімін...

Иә, Алла! Көкірек көзіміздің де бас көзіміздің де соқырлығынан сақтағайсың!

Салтан САЙРАНҰЛЫ

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін