Алла Тағаланың 100 әмірі мен тыйымы.

Адам жаратылыстардың ең абзалы, ақыл, сезім және дене пішімі тұрғысынан ерекше жаратылған.

Алла бүкіл ғаламның Ұлы Жаратушысы. Ол жер бетіндегілердің тамаша өмір сүрулері үшін адам баласын халифа етіп жаратты. Бірақ адамға жол көрсету үшін дін түсіріп және адамдарды оған мойынсұнуды бұйырған.

Ал діннің негізі Алла Тағаланың кітабы Құран кәрімде жинақталған. Оның әмірлерден, тыйымдардан және өсиеттерден тұрады.
 

100 ӘМІР МЕН ТЫЙЫМ


1. Алла Тағаланың Жаратушы, Раб және Иләһ сипаттарына шын жүректен сену (иман ету);

2. Ақыретке (қиямет, қайта тірілу, тағдыр, есеп беру және амалдардың сыйы мен жазасының берілуі) сену;

3. Жақсылық пен жамандықтың жаратушысы Алла екендігіне, жақсылық пен жамандықтың орындалуында адамның да үлесі бар екеніне сену. Алла Тағаланың басымызға салғанына ризалық таныту;

4. Пайғамбарларға және хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) соңғы пайғамбар екеніне сену;

5. Кітаптарға және Құран кәрімнің соңғы кітап екендігіне сену;

6. Періштелерге сену;

7. Шірк, күпір, қарсылық, екіжүзділіктен аулақ болу. Осыларға апаратын жолдардан қашық болу;

8. Намаз, ораза, зекет, қажылық құлшылықтарын орындау;

9. Жүніп, хайыз және нифастан кейін ғұсыл құйынып, намаз, тәуәп, тіләуәт сияқты құлшылықтар үшін дәрет алу. Дәрет пен ғұсыл алуға шамасы келмейтіндей жағдайда тайяммум алу;

10. Ойға алған істі пысықтау үшін Құран кәрім және хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сөздері мен іс-әрекеттерін үлгі ету;

11.Хазреті Мұхаммедті (с.ғ.с.) үлгі ету;

12.Дінді үйрену және үйрету;

13.Алла Тағалаға қарсы келуден, мойынсұнбаудан қорқу;

14. Дін өз қалауымен таңдалады, амал да шын көңілден жасалады. Ешкімді Исламға кіруге, ал мұсылмандарды амал етуге зорламау;

15.Қасиетті жерлерді, басқалардың да қасиетті деп танығандарына құрмет көрсету;

16.Алла Тағала дұшпандық жасағандармен дос болмау;

17. Бүкіл Жаратылыстың Алла Тағалаға тән екендігін мойындау;

18. Діннің әмір және тыйымдарын шын көңілден жақсы көре отырып мойындау және өз қалауымен орындау;

19. Халалдан ішіп-жеу, харамнан аулақ болу;

20. Тәлім-тәрбиеге көңіл аудару. Білімді үйреніп, үйрету, оның ең бағалы қазына екенін мойындау;

21. Балаларды имани жолмен тәрбиелеу;

22. Өзінің және отбасының нәпақасы үшін еңбек ету, оны халал жолмен табу;

23. Алла Тағалаға тәуекел ету. Қолынан келгенін істеген соң қалғанын Аллаһқа қалдыру;

24. Алла Тағаланың мейірімінен үміт үзбеу; азабынан қорқу, жәннаттан үміт ету;

25. Алла Тағалаға мадақ айту, шүкіршілік ету;

26. Алла Тағаланы еске алу, зікір ету;

27. Тек Алла Тағалаға ғана дұға етіп, Одан ғана жәрдем тілеу;

28. Күнәдан қашық болу, біліп-білмей жасалған күнәлар үшін тәубе ету және кешірім тілеу;

29. Дұға, тәубе секілді құлшылықтарды араға еш дәнекер қоспай тікелей Алла Тағала ғана жасау.

30. Басқа түскен қайғы-қасірет, қиыншылықтар үшін Алла Тағалаға қарсы келмеу. Дүниеден өткендер үшін шашын жұлып, бет тырнамау;

31.Ықылас, тақуа, шыншыл, ихсан секілді жақсы сипаттарға ие болуға тырысу;

32.Жақсылық және ізгі істердің ақиретте сыйлығын, күнә, жаман амалдардың қияметте жазасын алатынына сену;

33 Жауапкершілікті сезіну. Алла Тағалаға, қол астындағыларға, бүкіл жаратылыстарға деген жауапкершілікті сезіну;

34. Зұлымдықпен, әділетсіздікпен басқаның мүлкіне қол сұқпау, адамның ақысын жемеу, біреуге зияны тиген болса, кешірім сұрау;

35. Адамдардың қандай да бір ақысын жемеу, оларды қорғау, зиян келетін іс-әрекеттерді жасамау. Оларға зиян тигізушілерге қарсы тұру;

36.Адамдарды өзінен кем санамау, мұндай ойлардан да қашық болу, адамдарды тең және азат деп білу;

37. Әртүрлі дінге еріп кетпеу үшін дұрыс жолды таңдау;

38.Мүміндерді бауыр деп білу, бауырлар арасындағы жанжалдарды күшейтпей араларын жарастыру;

39.Тақуалықты алға шығару. Соғыс ең соңғы шешім, оған бар мүмкіншілік, қайрат, жігермен дайын болу, ұрыс алаңынан қашпау.

40.Әр адам өзінің жасаған әрбір ісінен сұралады. Ешкім ешкімнің сауабын да, күнәсін де көтермейді.

41.Жер бетінде жақсылық пен әділеттіліктің қанат жаюына атсалысу, оны адамдарға түсіндіру. Адасушылық, жамандық, лас нәрселерден адамдарды алыстатуға шақыру;

42.Аманатқа қиянат жасамау, сөзінде де, аманатта да сенімді болу;

43. Уәде де тұру;

44. Қандай мәселе болса да қабылданған шешімге мұқият болу;

45. Маңызды істер жасағанда мамандармен ақылдасып, кеңесу;

46. Әр жұмысты өз маманына істетуге мүмкіндік беру.

47. Ешкімге де көтере алмайтын жүк жүктемеу, әркімге қабілеті мен мүмкіншілігіне қарай тапсырма беру;

48. Бос және пайдасыз істермен айналыспау;

49. Білмейтін нәрселердің соңына түспеу, не пайдасы жоқ істерге көңіл аудармау.

50. Жақсы адам болуға ұмтылу, дұрыс нәрсені өсиет ету;

51. Адамдарды мазақтамау, ұнатпайтын лақап атты таңбау, болмайтын нәрсе үшін айыптамау;

52. Адамдардың кемшіліктерін іздемеу;

53. Әртүрлі ысырап пен шектен шығудан аулақ болу;

54. Сөз тасымау, біреудің сыртынан күмәнді ой ойлаудан қашық болу; нақты болмаса біреуді айыптамау;

55. Жала жаппау;

56. Зұлымдық жасамау. Залымдардың осы және о дүниеде де жазасыз қалмайтынын білу;

57. Әділетсіздік жасамау және оны жақтамау;

58. Жамандыққа жақсылық жасау;

59. Нәпсінің қалауларына және шайтанға ермеу, шайтанның азғыруынан Аллаһқа сыйыну;

60. Әртүрлі жамандықтар мен жауыздықтарға қарсы тұру. Керек болған жағдайда Аллаһ жолында малымен, жанымен жиһад ету;

61. Әртүрлі арсыздықтардан және шектен шығушылықтан аулақ болу;

62. Тәкәппарлықтан, менмендіктен сақтану;

63. Сабырлы болу, мүміндерге сабырлықты өсиет ету.

64.Жасандылықтан сақ болу, сырт көз үшін құлшылық жасамау;

65. Әртүрлі іс-әрекет және мәселелде әділ болу;

66. Таразымен өлшеуде, сауда-саттықта қулық жасамау, алдамау;

67. Пайыз, сыбайластық, құмар ойыны секілді арам табыстардан қашу;

68. Ішкілік, есірткі, ұрлық, айлакерлік, күш көрсетіп тартып алу секілді харам істерден аулақ болу;

69. Ата-анасына қарайласу, оларға үнемі дұға жасап, күнәсінің кешірілуін тілеу;

70.Ұятты жерлерді жабу, ұятты істерді жасамау;

71. Төсек қатынасын тек некелі жарымен ғана жасап, өмір бойы бірге, бір отбасы болып өмір сүруге ұмтылу;

72. Отбасының ынтымағын сақтау, отбасындағы келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу, ажырасуды ең соңғы шара ретінде қарастыру;

73. Ажырасуға тура келген жағдайда міндеттерді дұрыс атқару. Әйелінің мұқтажын өтеу;

74. Арлы-намысты және әдепті болу;

75. Ар-намысын, ұятын қорғау;

76. Зинадан қашу, зинаға себепші болмау және одан пайда көрмеу, зинаның басқа да түрлерінен аулақ болу;

77. Әйеліне хайыз, нифас уақытында жақындаспау;

78. Өтірік сөйлемеу, жалған хабарды таратпау, өтірікке куә болмау;

79. Бос және жалған ант ішпеу, берілген уәдені орындау;

80. Сиқыр жасамау және балшыларға сенбеу;

81. Жөнсіз кінә тақпау;

82. Адам өмірін бағалап, оның ар-намысына тимеу;

83. Адам өлтірмеу, зорлық-зомбылық жасамау, өзіне де қол жұмсамау;

84. Жетімдерге қарайласып, ақысын жемеу, керісінше оны қорғау;

85. Бүліктен, яғни қоғамның ынтымағы мен татулығын бұзатын іс-әрекет және пікірлерден аулақ болу;

86. Қоғамның ынтымағына үлес қосу;

87. Екіжүзді болмау;

88. Сатқындық жасамау, оны ойына да алмау;

89. Өзгелерге көмектесуге ұмтылу;

90.Қайтарымын күтпей шын көңілмен қол ұшын созу, садақа беру;

91. Жасалған жақсылықтарды, берілген садақаларды міндет етпеу;

92. Жақын туыс пен достарға материалдық әрі рухани қолдау көрсету;

93. Мұраны әділ жолмен бөлісу, әйелдерге де мұраның үлесін беру;

94. Ашуланбау, кешірімді болу;

95. Орынсыз дұшпандық жасамау, кек және қан дауынан қашық болу;

96. Қызғанышқа берілмеу;

97. Дөрекі және жауыз болмау;

98. Шектен шықпау;

99. Материалдық және рухани тұрғыда таза болу, тазалықты діннің алғашқы шарттарынан деп білу. Өйткені, Аллаһ тазалықты сүйеді.

100. Үнемі жағымды, әдемі нәрселерді жасау. Өйткені Аллаһ әдемілікті жақсы көреді.
Смайыл Хасанов

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін