Оразада әйелдердің тозақтан құтылуына мынау себеп...

Ораза уақытында істелген игі істердің сауабы еселеніп берілетіні жайлы көптеген хадистер бар. Ол хадистер әртүрлі істерге қатысты жазылған. Солардың бірі – әйелдер берген садақа туралы.

Имран бин әл-Хусайнның (р.а.) жеткізуі бойынша Алла елшісі (ﷺ) әйел адамдардың көптеп садақа беріп тұруын ескерткен. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен Жұмаққа қарағанымда, ол жерден көп жарлыны көрдім. Сосын тозаққа қарадым, ал ондағылардың көбі әйелдер қауымы еді», - деген (имам Бұхари, имам Муслим). Бұл хадисті келтіріп отырғанымыздың себебі, осы хадисті айтып болған соң Пайғамбар (ﷺ) әйелдер қауымын тозақтан сақтанудың жолы садақа беру екенін ескерткен. Абдулла ибн Аббастың риуаят етуі бойынша Алла елшісі (ﷺ) былай деген: «Маған Тозақ көрсетілді. Мен ондай жаман жерде бұрын соңды көрген емес едім. Ондағылардың көбі әйелдер болды». Адамдар: «О, Пайғамбар, неге онда әйелдер көп?» деп сұрады. Ол: «Олардың қанағатсыздақтары себепті», - деп жауап қатты. Адамдар: «Олар Аллаға қанағатсыздық танытады ма?» деп сұрады. Сонда пайғамбар (): «Олар өз күйеулеріне ризашылық танытпайды. Егер бүкіл өмір бойына жақсылық жасап, бір рет жағымсыз әрекетін көрсе, олар: «Мен сенен ешқашан жақсылық көрген жоқпын», - дейді (имам Бұхари).

Абу Саид әл-Худридың риуаят етуінше: «Бір күні Алла елшісі () Ид әл-Адха немесе Ид әл-Фитр күні уағыз айтатын жерге барды. Әйелдердің жанынан өтіп бара жатып: «О, әйелдер, садақа беріңдер, мен Тозақтағылардың көпшілігі әйелдер екенін көрдім» деді. Олар: «О, Алла елшісі неге бұлай?» деп сұрады. Ол: «Сендер өз күйеулеріңе жиі қанағаттық танытпай, оларды қарғайсыңдар. Мен сендер сияқты ақылы аз және діни міндеттерін орындамайтындарды кездестірмедім. Көреген және зерделі адам сендерді бұл жолдан мүмкін қайтарар» деді. Әйелдер тағы: «Біздің діни міндетімізді толық атқармаумен ақылымыздың аздығы неден көрінеді?» деп сұрады. Сонда Алла елшісі (): «Екі әйелдің куәлік етуі бір еркектің куәлік беруімен теңеспейді ме?» деп сұрады. Әйелдер: «Иә» деп жауап қатты. Сосын: «Бұл – оның ақылының аздығы. Сондай-ақ, әйелдердің етеккір келгенде намаз оқымауы мен ораза ұстай алмайтындығы да рас емес пе?» деді пайғамбар. Әйелдер қауымы тағы да «Иә» деп тіл қатты. Пайғамбар сөзін жалғасытырып: «Осы – әйелдің діни міндетін толық орындамауы және ақылының аздығына жатады», - деді (имам Бұхари).

Жабир ибн Абдуллах былай деп айтқан: «Мен бір мерекелік намазда Алла елшісімен (ﷺ) бірге болдым. Ол азан және иқамсыз құтпаға дейін намаз бастады. Сосын жоғары көтеріліп, Біләлге сүйкене тұрып, Аллаға бой бұру турасында шақырып, тақуалық жайлы уағыз айтты. Ол адамдарды оқытып, оларға ескертулер айтты. Сосын әйелдерді үйретіп, оларды ескертті. Соңынан: «Зекет, садақа беріңдер немесе сендердің көбің тозақтықсыңдар» деді. Қара жапқыштағы әйелдер тұрып: «Неге олай, о, Алла елшісі?» деп сұрады. Ол: «Сендер күйеулеріңе ризашылық танытпайсыңдар да оны айыптайсыңдар» деді. Сосын әйелдер тұрып, сырға, білезік секілді құнды заттарын садақа ретінде Біләлдің етегіне салды» (Муслим).

Осы хадистерге сүйеніп, әйелдер қауымына ораза уақытында Аллаға құлшылықты арттырып, қайыр-садақаны көбейткен абзал дегіміз келеді.  

Алла берген садақаларыңызды қабыл етіп, рақымына бөлесін!

 

Абдрахманов Ысқақ Раxымбекұлы

Теміртау қалалық орталық мешітінің бас имамы

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін