Құран үлкен бе, нан үлкен бе?

«Нан үлкен бе, Құран үлкен бе?» деген шайтани сұрақ ел кезіп жүр. Сорақысы сол 70 жастан асқан имам кісінің нан үлкен дегенін өз құлағыммен естідім. Сіздерден өтініш осы сұраққа «Ислам және өркениет» газеті арқылы жауап берсеңіздер. Бұрынғы қариялардың бәрі дерлік нан үлкен деп соғып жүр осы шайтани сенімге нүкте қоятын кез жетті емес пе? Нұржан Жүмәдилов.
 

Құрметті Нұржан! Қасиетті Құран ­­– бүкіл әлемді жоқтан бар етуші, оны әсем түрде шеберлікпен жаратқан Алла Тағаланың пенделерге жіберген теңдесіз қазынасы, баға жетпес асылы, таусылмас байлығы. Оған еш нәрсені салыстыруға келмейді. Оның қаншалықты қымбат дүние екендігін Алла Тағала мына сөздерімен-ақ білдіреді: «Егер осы Құранды бір тауға түсірсек, Алладан қорыққандығынан үрейленіп, быт-шыт болғанын көрер едің. Бұл мысалдарды адам баласы ойлансын деп келтіреміз»[1].

Сондықтан, «Құран наннан төмен!» деу қателік. Себебі, Құран еш нәрсеге салыстыруға келмейді.

Дегенмен осы сөзді айтқан ақсақалдың ниеті "Құранды төмен түсуру" болмаса керек. Себебі еш бір мұсылман әсіресе имам кісі Құранды еш нәрседен төмен көрмейді. Ол кісінің әлгі сөзін "шайтани сенім" дегеннен гөрі, сөзде кеткен қателік деп түсінгеніміз жөн. "Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ" болмайды ғой.

[1] Құран Кәрім, әл-Хашр сүресі, 21-аят.
© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін