Әйелін ұрып-соғып, түнде бір төсекте жататын еркек мынаны білсін

Қазақта отбасы, ошақ қасы, отағасы деген ұғымдар бар. Байқап қарасақ, бұл айтылғандардың барлығы жылылықпен байланысты болуы тегін емес. Өйткені әркімнің жан жылуына ең көп бөленетін жері өзінің отбасы. Күнкөріс қамымен белгілі бір уақытқа үйден алыстап кеткендер «Өз үйім – өлең төсегім» деп өз шаңырағын аңсап, сағынады. Бүгінгі қоғамда көп мән берілмегенімен, бұл өмірдің ең маңызды байлығының бір отбасы. Өкінішке орай, бүгінгі таңда еліміздің кейбір отбасыларында жылылықтың, өзара сүйіспеншіліктің, құрметтің азайғанын байқаймыз. Тіпті, бүгінгі қоғамда ер адамның өз әйелін құрметтеп, қадірлеуін қорлық, ұят санайтындар да кездеседі. «Неге сонша әйелжанды болып кеткенсің? Әйелдің ақылын тыңдаған еркек еркек пе?» деген секілді надандықтан ақылсынған сөздер аз айтылмайды. Шынында ақиқат дінімізде әйелді адам қатарынан шығарып тастау бар ма? Алдымен айтарымыз, әйеліңіз біреудің тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай, мәпелеп отырған қызы екенін, өмірлік серігім болса екен деп өз таңдауыңызбен алғаныңызды ұмытпаңыз. Өзіміздің де қызымыз ертең бір үйге келін болып барады. Ал қызының барған жерінде айтқан сөзі еленбейтін, ойы бағаланбайтын, еңбегі адал, ақылы арам саналып, қор адамдай күн кешкенін қай ата-ана қалайды? Екіншіден, әйел жер бетінде, адамдар нәсілін көбейтудің ең негізгі себепкерлері. Қазақта сөз бар ғой: «Қырық еркек үйді толтыра алмайды, бір әйел толтыра алады» деген. Әйелсіз артымызда ұрпақ қалдыра алмайтынымыз анық. Ендеше, Алланың назарында әйелдің алар орны үлкен. Жаратушы иеміз Адам атадан соң Хауа анамызды текке жаратпаған. Бұл маңызды мәселелер,кішкентай деп қарауға болмайды. Сондықтан болар, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде былай деген: «Сендердің ең жақсыларың, әйелдеріңмен жақсы мәміледе болғандарың.  Араларыңда отбасына ең жақсы қарайтын менмін». Сонымен қатар, кейбіреулер «әйелді анда-санда ұрып тұрғанның пайдасы бар» деп санайды. Бұл Алланың екі дүниеге қатысты заңдарынан бейхабар, ақыретінен қорықпайтын адамның сөзі. Біріншіден, күштің әлсізді қорлауы сау ақылға сыймайды. Әлімжеттік жасаудың ақыры берекесіздік пен араның сууынан басқа ештеңеге әкелмейтіні белгілі. Әйелге қол көтеру – еркектің рухани осалдығы. Әйелдің табиғатында ақылдан гөрі сезім басым жаратылған. Сондықтан кейде сезімге беріліп қателік жасауы мүмкін. Бұл, әрине еркекті ашуландырмай қоймайды, сонымен қатар, жоспарлап отырған ісіне кедергі келтіруі де әбден мүмкін. Алайда қанша жерден себебі болғанымен, әйелге жұдырықты ала жүгірудің соңы неге апарады? Қатты ызаланған күні орнынан тұрмастай етіп сабап тастап, аузымызға келген дөрекі сөздердің бірін қалдырмай айтып тастағанмен, ол түзеле қалушы ма еді? Жарайды сөйттіңіз, бірақ, одан кейін сыйластық, сүйіспеншілікпен біргше өмір сүріп кету оңайға соға ма екен? Бұл тұрғыда сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына бір хадисінен аларымыз көп:  «Сендердің біреулерің қандай оймен өз әйелін құлды сабағандай ұрып-соғады? Түн болғанда сол әйелмен бір төсекте жатпай ма?» Қорқытып-үркіту арқылы адам еш уақытта түзелмейді. Керісінше, ұрыстыс, сөгісті көп естіген әйелдің еті үйреніп, күйеуін мүлдем елемей қоюы ықтимал. Етедегі бабаларымыз, аналарымызды ұрып-соқпай-ақ қабағымен жөн көрсетіп отырған.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін