Жамағатпен намаз оқудың маңызы

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен!

Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамбардың (ﷺ) былай дегенін риуаят етеді: «Сендерге түнде бір періштелер, күндіз бір періштелер алмасып келіп тұрады. Олар таң намазымен аср намазында жиналып, сосын сендермен түнде бірге болғандар көкке көтеріледі. Сонда Алла олардан жақсы біліп тұрса да: «Пенделерімді қандай жағдайда тастап келдіңдер?», - деп сұрайды. Періштелер: «Біз оларды намаз оқып тұрғандарында тастап келдік, сондай-ақ, біз оларға барғанымызда да олар намаз намаз оқып жатыр еді», - дейді Бұхари, Мүслім). Адам намаз оқығанда періштелер бірге қосылып оқитыны жайлы хадистерде жеткен. Ал, сол періштелер қай кезде бірге болады? Бұл жайында Алла елшісі (ﷺ): «Жамағат намазы біреуіңнің жалғыз оқыған намазынан  жиырма бес есе артық және таң намазына түнгі періштелер мен күндізгі періштелер жиналады» (Бұхари).  Басқа хадисте: «Жамағатпен оқылған намаз, жалғыз оқылған намаздан жиырма жеті саты жоғары» делінген (Бұхари, Муслим). Әбу Хурайрадан риуаят етілуінше: «Қаласаңдар, оқыңдар: «Расында таңғы Құранға (періштелер) қатысады (яғни, таңғы Құран оқуды түнгі періштелер мен күндізгі періштелер тыңдайды» («Исра» сүресі, 78-аят), - деп айтқан (Бұхари). Осы хадистерге сүйеніп, намазды мешітте оқығанның сауабы молдығына куә боламыз. Жамағат намазы – өне бойына түрлі хикметті жиған, ислам діні аса үлкен маңыздылық танытқан, адамға түрлі игіліктерді, еселенген сауаптарды сыйлайтын Пайғамбардың (ﷺ) сүннеті. Дегенмен, мешітте оқылған таң және құптан намаздарының сауабы туралы айтылған көптеген хадистер бар. Бұл хадистерге сүйеніп, Алланың құлдары адамзатқа берілген осындай нығметтерден құр қалмай, мол сауапқа кенелсе екен дейміз. Осман (р.а.): «Мен пайғамбардың (ﷺ): «Кімде-кім құптан намазын (мешітте) жамағатпен оқыса, ол түннің жарымын намазбен өткізгендей болады және кімде-кім таң намазын (мешітте) жамағатпен оқыса, түнді түгел намазбен өткізгендей болады», - дегенін естідім», - дейді (Мүслім). Періштелер жамағатпен бірге намаз оқып қана қоймай, жамағатпен намаз оқыған адам үшін кешірім сұрайды, тіпті, ол намаз оқымай, күткені үшін де сауапқа ие болады! Алла Елшісі (ﷺ): «Мединеде бір адам тұратын, мен ол адамнан мешіттен алыс тұратын адамды білмейтінмін. Бірақ, ол соған қарамай мешітте жамағатпен оқылатын бірде-бір намазды жібермейтін. Бірде мен оған: «Сен өзіңе түнде жүруің үшін және ыстық жермен жүрмеуің үшін бір есек алсаң еді!», - дедім. Сонда ол маған жауап ретінде: «Менің үйім мешіттің жанында болса, мен оған қуанбас едім. Расында, менің үйден мешітке және мешіттен үйге жүргенімнің жазылуын қалаймын!», - деді. Сол кезде Алла Елшісі (ﷺ): «Алла саған (сауабыңды) толығымен жинап қойды!», - деді (Мүслім). Тағы бiр хадисте:  «Жақсылап дəрет алып,  мешiттердiң бiрiне жамағатпен намаз оқу үшiн барған адамның Алла əрбiр қадамына сауап жазады жəне əрбiр қадамы үшiн амал дəптерiнен бiр күнəсiн өшiредi. Жəне де жəннатта оның дəрежесiн көтереді», - делінгеняя. «Кім Жәннаттың ортасын қаласа жамағатта болсын: расында, шайтан бір адаммен болады, ал екі адамнан алыстайды» (Ахмад, Тирмизи). Сондай-ақ, намазды да жамағатпен оқу туралы мынадай хадис бар: «Бір ауылдағы немесе шөлдегі үш адам жамағат болып намаз оқымаса, шайтан оларға билік жүргізеді. Сондықтан да, намазда жамағатпен болыңыздар, қасқыр да отардан бөлінген қойды жейді» (Әбу Дәуд, Тирмизи).

Әрдайым бізбен болатын періштелер Аллаға жақсы амалдарымызды жеткізсін деген және қажылыққа барғандай сауап алуды қалаған адамзат мешітті өзінің екінші үйі етуге амал етсін. Жамағатпен оқылатын намаздан құр қалмауға тырысқан жөн. Баршамызға Алла жар болғай!

 

Қалмағанбетов Нұржан

«Бала қажы» мешітінің наиб имамы           

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін