Абыл мен Қабылдың құрбандығы қабыл болды ма?

Ассаламу алайкум уа рахматуллахи уа баракатух, құрметті мұсылман бауырлар.

 

Пайғамбарымыз  (ﷺ): «Құрбан айт күнін мереке етуге бұйырылдым. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке етті!».

 

Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пен-дешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Құрбандық шалу мына адамдарға уәжіп:

1. Мұсылман болуы;

2. Ақыл-есі бар және балиғат жасына толуы;

3. Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы;

4. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы.

Құран Кәрімде өзара таласқан Абыл мен Қабылдың кімнің ақтығын анықтау үшін құрбандық мал шалғандары, соңында Абылдың құрбандығының қабыл болғандығы айтылады. Осы оқиғадан бастау алған құрбандық шалу Аллаға ғибадат ретінде Жаратқанның елшілері арқылы жүздеген жылдар бойы жалғасып, Ибраһим (ғ.с.) мен Исмаилдың (ғ.с.) дәуірінен бүгінгі біздің дәуірімізге дейін келіп жетті.

Құрбандыққа бір жасар қой-ешкі, екі жасар сиыр, бес жасар түйе шалынады. Сойылатын мал арық, ақсақ, соқыр, құлақсыз шұнақ, мүйізі сынған болмауы керек. Әртүрлі кемшіліктерден ада, толыққанды түлік болуы тиіс. Құдай жолында ең жақсы малды шалмай разылыққа жетем деу әбестік. Әнес сахаба (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) құрбандыққа мүйізді, ақ ала екі қошқарды тәкбір айтып өз қолымен шалғандығы туралы жеткізген. Қой және ешкіні бір адам ғана сояды. Бір адам екі не одан да көп құрбандық шала алады және барлық құрбандықтарының сауабын алады. Ал сиыр мен түйені жеті адам бірігіп союларына болады. Бір адам жалғыз өзі бір сиыр не түйені құрбандыққа шалуына рұқсат етіледі. Жәбір ибн Абдуллаһ (Алла әкесі екеіне разы болсын): «Худайбия жылы Алла елшісімен (с.а.с.) бірге түйені жеті адамның және сиырды жеті адамның (атынан) бауыздадық», - деді.

Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахаб. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне, олар бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және жанұясында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.
Алла Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер».
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын».

Құрбан айт мерекесі барша ұлттың басын қосатын ұлық мереке болып қалыптасуы қажет. Ағайын-туыстың басын қосып, ренжіскендер жарасып, әрбір шаңырақта қуаныш, күлкі орнап, бала-шаға шат-шадыман жүруі осы дүниенің бақыты болса керек.

Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен ізгі амалдарымызды және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.

 

Нуров Махмуд қажы Нурұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін