Құрбандық шалу қай уақытта бітеді?

Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшам намазына аз уақыт қалғанда дейін жалғасады. Белгілі себептермен айт намазына бара алмаған жан намаз оқып болатындай уақыт өткеннен соң құрбан шалуына болады. Еліміздегі барлық мешіттерде көп мүмкіндік жасалып отыр. Қойлар сатылып, тіпті малды мешіт алдында құрбандық иесінің қатысуымен сойып, жүнінен тазартып, бөліп те береді.

Құрбандық шалу төмендегідей төрт шартқа ие жандарға уәжіп:

  1. Мұсылман болуы;
  2. Ақылды және балиғат жасына толуы;
  3. Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы; 
  4. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы. Нисап мөлшері - 85 грамм алтын немесе соның құнына тең келетін ақша. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен, жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат етілген.

Құрбан айттан бір күн алдын әрбір үйде дайындық жүргізілгені абзал. Бұл күнді Арафа күні дейміз. Арафа күні үйдың іші-сыртын күл-қоқыстан тазартып, балаларды жуындырып, ғұсыл алып, дастархан дайындау керек. Ауылда қарбалас, қызу өмір басталатын осы күн ауылда өскен әр баланың есінде болса керек. Яғни, апаларымыздың жеті шелпек пісіріп, дәмді тағамдар дайындағаны. Бұл үрдіс қала тіршілігінде де ұмыт қалмай, керісінше күннен-күнге маңызын арттыра түсуі абзал.

Мүмкін болса құрбандық шалатын жан өз құрбандығын өзі шалғаны жақсы. Дегенмен, өкілеттік беру арқылы басқа адамға да бауыздатуға болады. Құрбандық шалатын жанның мұсылман болғаны абзал.

Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: «Ешкашан құрбанның еттері, қандары Аллаға үлгермейді. Бірақ, сендердің тақуалықтарың үлгереді». ("Хаж” сүресі, 37-аят). Демек, Алла біздің сойған малымызды емес, ықыласымыз бен тақуалығымызды, ниетімізді қабыл етеді.  Алла Елшісі (с.ғ.с.) хадисінде: «...қаны шыққан мал Қиямет күнінде (иесіне) мүйіздерімен, тұяқтарымен және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып, Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан шын жүрекпен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар» деген. Ал, келесі бір хадисте: «Құрбандыққа шалынған малдың алғашқы қаны жерге тамумен, құрбандық шалушының бұрынғы күнәлары кешіріледі», - деген. Бұл мерекенің ұлықтығы да осында болса керек. Шалынған мал иесін қорғауға келсе, күнәлары кешірілсе, ең бастысы Алланың рақымына бөленсе, пенде үшін одан асқан қайыр бар ма?!

Ел-жұртымыз аман болып, барша мұсылманның шалған құрбандығын Алла Тағала қабыл етсін! Өзінің шексіз мейірімімен сансыз мол сауаптардан жазсын!

 

Төлтаев Ербол Мұқанұлы

Балқаш қалалық орталық мешітінің бас имамы

 

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін