Мұндай шаш үлгісін жасаған әйелді тозақи деген

Әссаламуғалейкум! Мына хадистің түсіндірмесін әркім әртүрлі айтады. Нақтысын білгім келеді. Хадисте «Шаштары түйенің өкрешіндей бұлғақтаған....» делінген.  Мұның мағынасы қалай? Ол орамал таққандарға қатысы бар ма? Шашты шүйде тұсына буу да, хадисте айтылғанға кіріп кетеді ме? Жалпы хиджабты сәл сәндеп кию күнә мә?  Раян Абдікәрім.

 

Уағалейкум әссәләм! Сіз айтып отырған хадис сахаба Әбу Һурайрадан жеткен. Хадистің толық аудармасын келтірер болсақ, Пайғамбарымыз (с.а.у) былай дейді: «Бұрын-соңды көрмегендозақтық екі топ бар. Бірі – сиырдың құйрығына ұқсаған қамшымен адамдарды сабайтын топ. Екіншісі – үстерінде киімдері бар, бірақ,  жалаңаш, күнәға бейім, өзгелерді де күнәға шақыратын, бастары түйенің салбыраңқы өркешіне ұқсаған әйелдер. Міне, осы әйелдер жәннатқа кірмейді. Тіпті, мынанша ұзақтықтан сезілетін жәннәттің иісін де иіскемейді».[1]

Аталмыш хадистегі «бастары түйенің салбыраңқы өркешіне ұқсайтын» деген сөйлемге бірнеше түсініктеме берілген. Атап айтсақ: 

  1. Шәлі, орамал т.б. басты орауға жарайтын нәрселермен түйенің өркешіне ұқсатып бастарын орап биіктету
  2. Бөгде еркектерге көз сүзетін. Еркектерге  қараудан көзін тыйылмайтын, бөгде ер көргенде көзін тайдырып басын төмен салмайтын әйелдер. 
  3. Шашын өріп, төбеге байлау арқылы түйенің өркешіне ұқсатып басының төбесіне жинақтау.
  4. Өрілген шашты бастың төбесіне көтеріп, бұрымдарды жинақтап байлау. Жинақталып байланған бұрымдар бастың бір жағына салбыранқы боп тұрады. Құдды өркештің салбырауы секілді[2].
  5. Хадистегі «бухт» сөзі - өркеші үлкен түйенің бір түрі. Ал, «сәнәм» араб тілінде түйенің өркешін білдіреді. Ертеректе әйелдер шаштарын безендіріп, сәнденіп көріну үшін бұрымдарын бастың орталарына орап, көтеріп қойятын. Сондықтан да олардың бастарын түйенің өркешіне ұқсатып отыр[3].
  6. Кейде әйелдер шашын шүберекпен дүңкитіп орап алады. Бұны «көрген ел дүңкиіп тұрғанның бәрі шаш екен деп қалсын» деген мақсатта жасайды.  

Қорытынды:

Жоғарыда берілген мәліметтерді қорыта келе айтарымыз:

  • Қыздардың жартылай жалаңаштанып жүрулері - тозаққа түсулеріне бірден-бір себеп.
  • Күнәға жақын болу, өзгені күнә жасауға азғыру тозаққа кіргізеді  
  • Түйенің өркешіне ұқсатып, шашты төбеге буып қою – хадисте айтылған тозақы әйелдердің шаш үлгісі
  • Хижаптың төбесін дөнкейтіп қойған мұсылман әйелдерді де тозақтық деп айта алмаймыз. Өйткені, хадисте ашық-шашық әйелдер жайында айтылған. Дегенмен де, ондай үлгі – тозақы әйелдердің шаш үлгісі болғандықтан,  мұсылман әйел аталмыш үлгіде тақпағаны абзал.
  • Әйел баласының киген киімі шариғат нормасына сай әурет жерлері жабық болуымен қатар,  дене мүшелері сыртқа теуіп тұратындай да тар болмауы тиіс. Жалпы алғанда, шариғаттың шеңберінен шықпай, хиджабты да жарасымды етіп, сәндеп киюге рұқсат.
  • Шашын шүйде тұсына бууына болады.

[1] Муслим – 2128.
[2] Шарху ән-Нәуәуи аля муслим, Китабуль Жәнна: «Бәбу фи шиддәти харри нәри жәһәннам», №2842 хадис.
[3] Фатхуль бари, Китабуль либас – №5589 хадис түсіндірмесі (Құртубидің сөзінен үзінді)

 

Абдусамат Қасым
© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін