18-қазан – тұрақтылық пен келісім күні!

 

18-қазан – ұлты мен діни сенімге қарамастан барлығымызды біріктіретін қоғамдағы тұрақтылық пен келісім күні. Сондықтан да бүгінгі мереке бірлік пен қайырымдылық, жақсылық пен гүлдену мерекесі болып табылады. Бұл мерекенің арнайы аталып өтуі елімізде бірлік пен қайырымдылық, жақсылық пен сенімділік, ауызбіршілік пен сыйластық орнату.

Ел Президенті  Н.Ә.Назарбаев: «Біз өзіміздің жатсынбас тұрпатымызбен, этносаралық, конфессияаралық татулығымызбен және өзара үндесуімізбен күллі әлемге танымалмыз», – деді. Қазақта «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» – деген жақсы сөз бар. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса да Отаны бір қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп, азаматтық бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтап, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді.

Ислам діні ынтымақ пен береке діні. Ол сыпайылық пен қарапайымдылыққа құралған. Техника дамыған ХХІ ғасырда ақпарат алмасу ауқымы кеңейіп жатыр. Осы ретте дінді насихаттаушы ақпарат көздері шынайылыққа құрылған болуы тиіс. Исламды үгіттеу өте көркем әрі сыпайы түрде жүргізілгені дұрыс. Алланы таныту турасында білім алмасу қарым-қатынас дұрыс қалыптасқан ортада нәтижелі болмақ.  Алла Тағала: «Кітап иелерімен көркем түрде, сыпайылық пен әдептілікті сақтап пікір таласыңдар» дейді (Анкабут, 46). Мұсылманның міндеті дөрекі сөйлеп, өзгелерді діннен үркіту емес, керісінше сыпайылық танытып, мәдениетті түрде Ислам дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу.

Ұлық имамы Әбу Һанифа бірде ұлы Хаммадтың біреумен ақида мәселесінде қызылкеңірдек болып пікір таластырып жатқанын көріп, алдымен екеуін мұқият тыңдайды.

Сөйтеді де, ұлына ендігәрі ондай таласқа бармауын ескертеді. Ұлы: «Әке, сіз де пікір таластырасыз ғой» деп қалады.  Сонда ұлық имам ұлына: «Ұлым, біз пікір таластырғанда, алдымыздағы адамды байқаусызда иманнан суытып алмауға қатты көңіл бөлетініміз сонша, басымызға құс қонақтап, сол құсты үркітіп алмайық дегендей бұған асқан сезімталдықпен қарайтынбыз. Жайлап қана сөзге тарту арқылы ол адамның дұрысын үйренуіне жағдай жасаймыз. Ал, сендер әлгі адамды жерден алып, көрге саласыңдар. Бұларың жөн емес», - деген екен. Олай болса мен білемдікке салынып, тәкаппарлық танытпай, керісінше барынша мейірімді кейіппен ілімді жеткізу қажет.

Пайғамбарымыз (ﷺ) бір хадисінде былай деген: «Сендерге намаз, ораза және садақадан да артық нәрсе айтайын ба? - деді. Сахабалар: «Иә, Расулулла!», - десті. Сонда Пайғамбарымыз: «Жарастыру, татуластыру», - деді (Тирмизи, Қиямет, 56). Мешіт жамағаты да қоғамның ажырамас бөлігі екендігін ескеретін болсақ, жамағат арасында түрлі жанжал мен араздық тудыру, имамның айтқанын тыңдамай қарсы келу осы хадис пен «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» (Мәидә, 64) деген аяттың шеңберіне кірмейтінін ескеруіміз қажет.

Дінімізді көркейтуде тәкаппарлыққа, мансапқорлыққа, асығыс шешім шығаруға жол жоқ. Әли (р.а.) қайтыс болғанда (661 ж.) куфалықтар оның үлкен ұлы Хасанды халифа етіп сайлайды. Әли (р.а.) оңтүстік аймақта халифа болып тұрғанда. Солтүстік яғни Сирия аймағында Мұғауия (р.а.) өз халифалығын жариялап, бір мезетте Ислам әлемін екі халифа басқарған еді. Хасанды халифа етіп тағайындаған соң, Ислам әлеміндегі саяси жанжал қайта жанданып, екі халифа арасында соғыс өрті шығу қаупі туындайды. Сол кезде Хасан небары 6 ай халифа болса да, Ислам әлемінің тыныштығы, қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін халифалықтан бас тартып,  Мұғауияға (р.а.) биліктің тізгінін ұстатады. Өйткені, қаншама бейкүнә жандардың опат болуы мүмкін еді (Дін насихат, 55 б.). Сол себепті Хасан қоғамның ынтымағын жеке бастың пайдасынан жоғары қойды.

Білмегенді білемін деп, білгенін асыра сілтеп, мақтаныш пен жалған атақты көздеу, әсіресе дінді насихаттағанда үлкен қателікке орындырары сөзсіз. Ғаламтор, уацап, фейсбук желілері арқылы үгіт жүргізіп, бірақ соған амал етпеу де қателік. Аталмыш желілер арқылы жіберілген сурет немесе хадистердегі қателіктерді түзеткен ілім иесіне қарсы шығып, дау шығару да білімсіздіктің көрінісі болса керек. Жоғарыда айтқанымыздай мұндай кикілжің тудырар сәтте «Кітап иелерімен көркем түрде, сыпайылық пен әдептілікті сақтап пікір таласыңдар» деліген қасиетті Құранда.

Алла Тағала: «Дінде зорлық жоқ», деп анық баян еткен (Бақара, 256). Сол себепті, әрбір мұсылман пенде өз дінін бойына сіңірген көркем мінез арқылы насихаттап, қоғамда бейбітшілік орнатуға талпынғаны дұрыс.  

 

 Төлтаев Ербол Мұқанұлы

Балқаш қаласы мешітінің бас имамы

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін