Әйел табыс табатын еркек мынаны білсін!

Жарылқасын Жарбол

Ардақты елші (саллаллаһу алайһи уә сәлләм): «Сендердің әйелдердің алдында, әйелдеріңнің сендердің алдында міндеттері бар» деген (Тирмизи). Дініміз әйелге де, ерге де белгілі бір құқықтар мен міндеттер бөліп берген. Осы тұрғыда отбасын асырау жауапкершілігі ер кісінің мойнында. Сондықтан әйелдің бар қажетін ері көтеруге міндетті. Бұған қоса, әйелдердің де жұмыс істеу, мәхір немесе мұра жолымен дүние мен ақшаны иелену жағдайы бар. Фиқһтағы әйелдің орнын қарастырған мамандар өзіне тән мүлкін әйелдің қаласа еш жаратпауға құқы барын айтуда. Тұрмысқа шығу арқылы әлеуметтік жағынан қорғалған әйел үшін: «Ер кісі барлық жағдайда да қаражат жұмсауға міндетті» деген. Яғни дінімізде әйелдер өз ақшасын қалауынша жұмсауға ерікті. Дегенмен дін мамандары отбасында татулық пен сыйластыққа сызат түсірмеу тұрғысынан қаражат мәселесін әйелдің ерімен ақылдасып шешуіне кеңес беруде.

 

Ер кісі әйелінің қаражатын жұмсай ала ма?

Алла тағала Құран Кәрімде: «Ер кісілерге табысынан бір үлес бар, әйелдерге де табысынан бір үлес бар. Алланың игілігінен нәсіптеріңді іздеңдер» (Ниса, 32) деген. Сондықтан екеуінің де жұмыс істеуі мен табыс табуы құпталған. Бұған қоса, исламда әйелдің жұмыс істеуі дәл ер кісідей мәжбүрлік жағдайында емес. Егер әйел жұмыс істесе, ар-ұятын, ибасын сақтай алатын адал ортада жұмыс істеуі керек әрі бұған ерінің разылығы қажет. Бірақ қажеті өтелмеген жағдайы нашар әйел күйеуінің разылығынсыз да жұмыс істей алады. Отбасын құру ортақ өмір сүру болғандықтан, әйелдің де тапқан табысымен үйін асырауға үлес қосуы құпталған. Алайда ер кісі бұны мәжбүрлік деп қабылдауы дінде құпталмаған. Кей ғалымдар әйел кісінің отбасын асырауға үлес қосуын опалылық пен құрмет түсінігі ретінде қарастырған. Алайда бұған қоса отбасын асырау, керегін бүтіндеу жауапкершілігі ер кісіге тән болғандықтан, әйелдерінің айлығына күйеулерінің билік жүргізуіне құқы жоқ. Дегенмен бұл тұста да дін мамандары ерлі-зайыптыларға бұндай нәзік мәселелерді өзара ақылдасып, бір-бірін ренжітпей, татулықпен шешу керектігіне кеңес беруде.

 

Әйел күйеуінен хабарсыз оның ақшасын жұмсай ала ма, садақа бере ала ма?

Бір хадисте: «Әйел күйеуінің үйінен бір нәрсе садақа етсе, өзі бір сауап, күйеуі бір сауап, сондай сауапты қызметшісі де алады, ешбірінің сауабын екіншісінікі азайтпайды. Күйеуі сауапты сол табысты тапқаны үшін, әйел жақсылықты істе жұмсағаны үшін иеленеді» (Әбу Дәуіт) деген. Яғни өте- мөте әйелдердің садақа беруі мақталған, сауабы бүкіл отбасы мүшелеріне тиесілі болады. Алайда бұл жерде маңызды бір мәселе бар: күйеуінің рұқсаты болып-болмауы. Неге десеңіз, Расулалла Меккені азат еткеннен кейін жасаған мәлімдемесінде: «Күйеуінің жауапкершілігіндегі ешбір әйел ерінің дүниесінен одан рұқсатсыз біреуге беруі дұрыс емес» деген (Нәсаи). Кей ғалымдар өзіне қойылған сұраққа осы шартты алға тарта отырып жауап берген. Яғни, үйді асырауға тиісті ер кісі жағдайы бола тұра осы міндетін

орындамағандықтан, әйел осындай жолға барса, бұдан жауапқа тартылмауы мүмкін. Ер кісі әуеден әйеліне қалаған кезінде, қалауынша жұмсауына ерік берген болса, онда да мәселе жоқ.

Сахабалар уақытында өткен мына оқиға әйелдің ерінің рұқсатынсыз оның дүниесінен жұмсай алуындағы шартты білдіруде: Әбу Суфиянның әйелі Хинд бірде Расулаллаға келіп, күйеуінің дүниесінен оған айтпай өзі және бала-шағасы үшін жаратуға болып-болмайтындығын сұрайды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) оған былай дейді: «Жақсылық үшін өзіңе және балаңа жететіндей ал» (Бұһари). Бұл жағдайда әйел ерінің ақшасын одан рұқсат алмастан тек қажеттіліктерін өтейтіндей мөлшерде ғана жұмсай алады.

 

Бай әйел күйеуіне зекет бере ала ма?

Тақырыпқа қатысты мұсылман ғалымдардың түрлі көзқарастары бар. Әбу Ханифа мен Ханбали мәзһабы бойынша, әйел көмекке мұқтаж күйеуіне зекет бере алмайды. Бұл кедергінің себебі, зекеттің нәпақа болып қайта өзіне қайтатындығында. Екінші жағынан Әбу Юсуф, Имам Мұхаммед секілді Ханафи имамдарымен Шафиғи және Малики мәзһабтары бұған қайшы көзқарасты жақтайды. Яғни, бай әйел кедей күйеуіне зекет бере алады. Олар көзқарастарын Пайғамбарымыздың Абдуллаһ ибн Масғудтың әйелі Зейнепке айтқан мына хадиске сүйейді: «Күйеуің мен балаң – садақа беруге ең лайық адамдар» (Әбу Дәуіт). Қазіргі заман фиқһ ғалымдарынан да Ислам отбасы құқығында дүние бөлектігі негізге алынатындықтан, бай әйелдің өз күйеуіне зекет беруіне рұқсат бар деп қарастыратындары бар. Бірақ отбасын асырауға жауапты ері болғандықтан, күйеуі бай әйел де байлар қатарына жатады. Бұндай жағдайда бай әйелдің өз күйеуіне зекет беруі дұрыс емес.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін