Бейуақта ұйықтаған адам мына жағдайға тап болады?

бір хадисте: «Екінтіден кейін ұйықтаған әлдекімнің басы дел-сал болса, өзінен көрсін»[1], – деген.  Сондықтан, ғалымдардың көбі бейуақта ұйықтауды (жеңіл) мәкрүһ деп санайды. Себебі, хадисте айтқандай бұл уақытта ұйықтаған адамның басы дел-сал болады. Ханбали құқық мектебін құрушы Имам Ахмәд «екінті уақытынан кейін ұйықтау ұнамсыз әрекет. Бұл ақылына қауіпті[2]» дей келіп, бейуақта ұйықтамаған абзал екенін білдіруде.

Дегенмен, бұл уақытта ұйықтаған адам күнәға батпайды. Мұны Пайғамбарымыздың үмметіне берген кеңесі ретінде қабылдаған жөн.  Олай болған себебі, Пайғамбарымыздың өзі де кейде екінті уақытында ұйықтағаны айтылады[3].  

Жалпы, ғалымдар күндізгі ұйқыны үшке бөліп қарастырған:

Біріншісі, таң намазы мен күн арқан бойы көтерілген уақыттағы (Духа уақыты) ұйқы – ұнамсыз әрекет. Бұл уақыт аралығы ризық берілу уақытысы болғандықтан, мұсылман адам ұйқыға беріліп, несібеден құр қалып қалмау жағын ойлауы керек. Олай дейтін себебіміз, Әзіреті Османның риуаяты бойынша жеткен хадисте Алла Елшісі: «Азандағы ұйқы – ырысқа кедергі», – деген. Оның (с.а.у) үмметіне тілеген тілеуінің бірінде «Уа, Жаратушы Ием! Үмметіме азанғы уақытта ырысын арттыр!»,[4] деген. Осылайша азанғы уақыттың ырзық-несібе теретін уақыт екендігін меңзеп отыр. Сондай-ақ, сахабалардың ішіндегі ғұлама Абдулла бин Аббас, күн шығып жатқан кезде ұйықтап жатқан ұлын оятып: «Тұр орныңнан! Ырыс жауатын уақытты ұйқымен өткізбекпісің!?», – деген екен. Міне, осыдан кейін «ерте тұрған еркектің ырысы артық» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. +

Екіншісі – түскі уақыттағы ұйқы. Күн тас төбеден батысқа қарай ауа бастаған уақытта ұйықтау – ұнамды іс. Бұл уақытты арабшада «қа’ила» немесе «Қайлулә» дейді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) өзінің асыл сөздерінің бірінде: «Ораза ұстау қуатын сәресіден алыңдар, ал тәһәжжуд намазына тұру қуатын түскі ұйқыдан алыңдар (қайлүлә)»[5], – дей келе, түс кезіндегі ұйқының ұнамды әрекет екенін көрсетуде. Әзіреті Омар да бір сөзінде былай дейді: «Түс ауа бастаған уақытта шайтан ұйықтамайды, сендер ұйықтаңдар!».[6]

Үшіншісі – жоғарыда айтып өткен екінтіден кейінгі уақыт.

[1] Хайсами, Китабут Тыб, 8471-хадис.Әлсіз хадис.
[2] Мухаммәд әл-Мақдиси, Әл-Әдәбуш Шарғия.
[3] Әль-Қирафи, әз-Зәхира, Китабуль Фараиз.
[4] Тухфатуль Әхуизи, Тирмизи шархы – 1212 хадис түсіндірмесі.
[5] Әл-Асқалани, Фатхуль Бари – 5923 хадис түсіндірмесі.
[6] Ғазә'уль Әлбәб, «Матләбу нәумиль Қаила».
Абдусамат Қасым
© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін