Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру бағдарлама аясында

     2016 жылы Алматыда ҚМДБ-ның Төралқа мәжілісінде, «Уағыз-насихат, діни-сауат ашу, жат ағымдармен жұмыс, қайырымдылық»-атты «Төрт бағыттық» ауқымды жоба бекітілген еді. Осы мәжіліс үстінде Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы: «Дін саласындағы әр қызметкер өзіне жүктелген міндетті тың жауапкершілікпен орындауын, ХХІ ғасыр әрбір дін қызметкері үшін тарихи кезең екендігін, осы кезеңде барлығымыз жоғары деңгейде қызмет етуімз қажет»-деп ескерткен болатын. Осы жобадан соң ҚМДБ-ның бекіткен негізгі бағыттары еліміздің барлық өңіріндегі мешіттерде тиісті деңгейде іске асып жатқаны белгілі. Ал үстіміздегі жылы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен ашылған «Насихат және қоғаммен байланыс» бөлімінің бағыттары аясында, Теміртау орталық және қалалық мешіттерінде айтылатын уағыз-насихат жұмыстарын үйлестіріп орнына келтіре бастады. Нарықтық қоғамда нар тәуекеліне сүйеніп, қоғамның қыруар істерімен тығыз байланыс жасап, ҚМДБ-ың төрт бағыт бағдарына аса ден қойып келелі игі істердің айылын тартып тізгінін түзеп күн тәртібімен келе жатқан мешіттердің қатарында Теміртаудағы орталық және қалалық мешіттері ойып тұрып орын алады. Соның бір дәлелі аталмыш екі мешіттің қызметкерлері осы бағыттар бойынша қызу еңбектің қайнаған ортасында, міндеттелген жауапты істерін әр қадам, өлшеулі сәт сайын тиянақты атқарып, сүбелі табыстарын жетілдіру үстінде.

Теңдесі жоқ Ислам дініміздің құнды құндылықтарының бірі саналатын негізгі амалдарының бірі «Уағыз-насихат» екені баршамызға аян. Қалауын тапсаң қар жанады дегендей сонау 2013-ші жылдан бері үзбей жалғастырып келе жатқан яғни жамағаттың көңілінен шыққан көрнекті уағыздың бірі «Сенбілік» насихат еді.  Теміртау өңіріндегі екі мешіт сенбі күні кешкі құптан намазынан кейін осынау аталмыш уағыз шарасын алма кезек өткізіп, асыл дінімізді дәстүр мен сабақтастыруды үрдіске айналдырғаны, қастерлі қағиданы ақиқат қатарына қосқанының шынайы дәлелі болды.  Үстіміздегі жылдың қазан айының соңғы аптасынан бастап, сеніміне үміт артқан үгіт насихаттарымыздың кейбір қаңтарулы игі сауалдары еркіне жіберіліп, соның қатарынан оза шапқан «Сенбілік уағыздар» жамағатқа жол тартты.  Сенбілік іс-шараларының құрметті қонақтары ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкілі, Қарағанды облыстық «Әнет баба» атындағы орталық мешітінің бас имамы Бекқожа Өмірзақ қажы Қазкенұлы, Қарағанды облыстық 1-ші «Әл Машани» мешітінің бас имамы Қабылбек Әліпбайұлы, Қарағанды облыстық «Әнет баба» атындағы орталық мешітінің наиб имамы, және «Нұрлы білім» қоғамының теологі Хушгельдиев Жанболат,  ұстаз Елдос және Қарағанды облысы Бұхар-Жырау ауданы Ростов  елді мекеніндегі «Балкен ана» мешіттің бас имамы,  Әбдіғалиұлы Естай қатысып, сарыла күткен  салиқалы кешті қуана қарсы алған жамағаттар мен бірге кемел отырыстың көрігін қыздырып ажарын ашты.  Сенбілік кеште ғимарат іші іне шаншар жер қалмай адамдар лық толып, теолог және имамдардың көсіле сөйлеп кеңінен толғаған насихатын ұйып тыңдады. Нақтырақ айтар болсақ, «Сенбілікті» ұйымдастырушы орталық мешітінің бас имамы Ысқақ Рахымбекұлы Абдрахманов және қалалық мешітінің бас имамы Мирзаев Олимбек Даулетбекұлы алма кезек сөз алып,  сенбіліктің бет ашарын бастап   арнайы келген құрметті қонақтарды таныстырып, Қарағанды облыстық «Әнет баба» атындағы орталық мешітінің бас имамы Бекқожа Өмірзақ қажы Қазкенұлына лебіз тізгінін ұсынды. Көп жылдан бері ислам дінінің кеңейіп өркендеуіне аянбай тер төгіп,  ерінбей еңбек етіп, мол тәжрибе жинап әбден ысылып алған діни қайраткер, бас имам Бекқожа Өмірзақ қажы, асыл діннің аясында, аңсаған арманының жетегінде, тізгіндеп келген жетелі ойын ортаға тастап бүкпей тиегін ағытты. Ол:  

-Құрметті имамдар! Халқымыздың еңселі ел, іргелі жұрт болуы үшін   қоғамымызда қалыптасып келе жатқан ұлттық құндылықтарды, сан ғасырлық  ділі мен дінін, салты мен санасын, дәстүрі мен әдет ғұрпын, теңдессіз бай мұраларын қаз қалпында сақтап қалуының негізгі тамыры отансүйгіштігі, имандылығы мен ибалылығының арқасы. Жаңа ғасырымыздың жаңару өркениетіне қадам басқан тұсындағы халқымызды ынтымақты-бірлікке шақырушы күші ол ислам дініне сүйенген өнегелі өмірдің жанға сая дін мен дәстүрлі сабақтастығы болып табылады. Сондықтан да тұрмыс пен тіршілікті түзетудің бірден бір амалын бағыттаушысы ол да имандылықтың ақ жолы. Ақылға салсақ даналыққа жеткізетін бір амал ол иман. Иманды әрқашан жоғары ұстау керек. Біздің болашаққа сенім артқан жастарымыз иман жолымен тәрбиеленсе екен дейміз. Біз зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды ұмытпайық. Сол мемлекетіміздің ата заңын құрметтеуді де ұмытпайық. Елбасы дінге еркіндік беріп өзінің шексіз ықласын танытуда. Алла Тағала бізді мұсылман етіп жаратқанына мыңда шүкір етейік. Әлхамдулла әр мұсылманның бойына ерекше қасиеттер дарытып көркем мінез сыйлады.  Мен сіздермен бас қосқан әрбір сәттерімде осы бағыттағы ойымды ортаға тастап шегелеп айтып келе жатқан себебім де осы.  Қадірлі  жамағаттар! Біле-білсеңіздер бұл Теміртау еліміздегі ең үлгі тұтар қаланың бірі. Себебі: осы қалада орналасқан екі мешітте әр апта сайын 100-ден 500 адамға дейін ынталы жамағаттардың басын қосып бірлік пен ынтымаққа шақырып, киелі ислам дінін насихаттау ақ жолына бастаған ұйымдастырушы имамдар және белсенді ат салысушы Батыр, Қуаныш қатарлы ислам жанашырларының жігерлі еңбектерінің жемісін көпшілік қауымға  паш етуімен қатар киелі орданың құрметке бөленген азаматтары екенін осы орайда айрықша атап айтқым келеді. Теміртаудың жастары берекелі бірлікке көпті тартып ынтымақты өте ұйымшыл екенін таныта білуіне біз ризамыз. Еліміздің әр өлкесі бұл іс шараны үлгі ретінде қызығушылыкпен қабылдап жалғастырып жатыр. Жалпы айтқанда имамдар және діни қызметкерлеріміз және жамағаттарымыз халқымыздың игілігіне осылай қызмет етуімен қатар бүгінгі таңдағы баршамыздың атқарып келген игі ісіміз осы бағытқа қосқан сүбелі үлесіміз болмақ деп тұңғиық түбінде жатқан салиқалы санасын, тұщымды ақылын дүйім жұртқа жеткізе білді.

 Сөз кезегіне шыққан теолог-имамдар толғағы жетіп өзімен бірге ала келген және арқау болған өзекті тақырыптары жайындағы еркін әңгімелерін тілге тиек етіп, көпшіліктің қызығушылығын туғызып олардың назарын аударып көкрегінен шыққан құнды уағыздар шашылған маржандай төгіліп жатты. Ерекше толқыныс тудырған таңғаларлық көріністің бірі, 8 жасар сабиден 80 жасқа дейінгі қариялар мен толығып, соның ішінде әйел жамағаттарының саны 40-60 адамға дейін сенбіден сенбіге жалғасып жатқаны нұр үстіне нұр болған іспетті еді.

Теологтардың әр сенбілікте айтылған насихаттарының негізгі астары Алла Тағаланың бірлігі, сипаттары, рақымы және мейірімі, ислам дінінің құлшылықтары Ақида,  Фикһ ілімдері, пайғамбарымыз (с.ғ.с)-ың сахих хадистері, адами қасиеттері, қиямет қайым, о-дүниедегі ақырет өмір, Алладан тілек тілеу және қанағат-ынсап, дін мен дәстүр, әдет-ғұрып сабақтастығы оның озығы мен тозығы жайлы бағытталуымен қатар сұрақтар мен жауаптарға ұласып кеңінен тербелді. Және құлшылықтың өзекті саласының бірі қайырымдылық пен садақа мәселесіне де тоқталып тыңдармандардың ой-өзегіне нұр сепкендей болды.

Орайлы уағыздардың отырысын пайдаланып ақшам мен құптан аралығында жалпылай жамағаттар мен шәкірттерге қазақ және орыс тілінде ақида, фикһ сабақтары Теміртау орталық және қалалық мешітінде  тәжрибелі ұстаздар Жанболат пен Жұмаділда Елдос  өткізіп үрдіске айналдырып келеді. Діни ілімге құштар нәзік жанды әйелдер қауымына да ұстаз Индира Максутова Құран тәжуйді, фикһ және ақида ілімінен жеңілдетілген жағдайдағы сабақтары қатар жүріліп қатысушылардың ризашылығына бөленуде. Тағлымы мол осы іс шараның барлығы әр сенбі күндерінің еншісінде өткізіліп жатыр. Осы орайда айта кетер   өзекті ұсыныстардың бірі әр сенбіліктерде бұрын соңды естімеген ислам құндылықтарының қаймағы қозғалмаған тың деректерінен,  шөліркеп қалған еңселі қауымға жеткізіп жан дүниелерін жайдары етіп тұрса имандылығымыздың туы мәңгі желбіреп тұрар еді. Осылайша қаладағы екі мешіт салиқалы насихат жұмысын бірге атқарып, негізгі мақсаттарының тиегі болған уағыз насихат шаралары табысты деңгейге жетуде. Үгітіне үміт артқан имамдарымыздың білімі шыңдалып халқының алдында мархаматқа бөленіп жатқаны айтпасақта түсінікті.

Теміртаулық мешіт қызметкерлері әр сенбілікке қатысқан құрметті қонақтары, қадірлі жамағаттары, жиналған барша қауымды жоғары деңгейде құрметтеп ақ дастархан жайып  олардың ықластарына бөленіп ауқымды іс шара өткізіп жатқаны біле білсек бұл амалдары қашанда берекелі болуымен қатар һәм сәулелі игі іс шараларымыздың негізгі кілті іспетті екені айдан анық. Осы игілікті іске мұрындық болған барша мүмин мұсылмандарға Алла разы болсын! От басыларына аманшылық пен иман байлығын нәсіп етсін!

 

Теміртау қаласы.       Қалалық мешітінің баспасөз қызметі.  «27» қараша 2017 ж.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін