Экстремизмнен сақтан, бауырым!

Бүкіл мақтау мадақтау Әлемдердің Раббысы болған Алла  Тағалаға тән. Алла Тағаланың сүйікті елшісі, адамзаттың ардақтысы, соңғы пайғамбары  Мұхаммедке (ﷺ)  Алланың сәлемі және мейірімі  болсын! 

 

 

Қазақстан Республикасы әрбiр адамның наным бостандығы құқығын құрметтейтiн демократиялық, зайырлы мемлекет болып табылады. Елімізде тұрып жатқан азаматтар діни сеніміне қарамастан тең құқылы. Мемлекетіміздегі барша азаматтар Қазақстан халқының  рухани мұрасымен үйлесетін дiндердiң мәдени және тарихи құндылығын және дiни төзiмдiлiктi және азаматтардың дiни нанымдарын құрметтейді. Қазақта «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір», – деген жақсы сөз бар. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса да Отаны бір қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп, азаматтық бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтап, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді. 2017 жылғы  31 қаңтарда мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында дін тақырыбына жеке тоқталған. Онда діни экстремизмнің алдын алу үшін ғаламторды, соның ішінде әртүрлі элеуметтік желілерді дұрыс пайдалану қажеттілігін нұсқаған. Осы орайда, қала тұрғындарына техниканың жақсы дамыған ХХІ ғасырда әлеуметтік ортаны дұрыс пайданалануға шақырамыз. Яғни, желілерде жұмыс жасағанда уақытты тиімді өткізу үшін қандай сайтқа кіріп, олардың қайсысынан ақпарат алу қажеттігіне аса ден қойған жөн. ҚМДБ республикамыздың барша облыстарында арнайы сайттар ашып қойған. Қарағанды облысының сайты ihsan.kz деп аталады. Сондай-ақ, muftyat.kz, azan.kz, muslim.kz, mazhab.kz, islam.kz, e islam.kz, sunna.kz секілді сайттар бар. Осылардың барлығын ҚМДБ әрдайым бақылауда ұстайды. Сайт беттерінен діни жазбалар, пайғамбарлар өмірі, тәлім-тәрбиеге қатысты уағыздар мен бейнелерді көруге болады. Көңілде жүрген сауалдарға жауап алғысы келген бауырламыз мешітте жұмыс істейтін имамдарға жүгінгені дұрыс. Барша мұсылман бауырларды, соның ішінде жастарды дін тұрғысынан туындаған мәселерге қатысты асығыс шешім қабылдамауға кеңес беріледі. Мешітте қызмет жасамайтын тұлғалардан қандай да ақпарат алған жағдайда, сол мәселе жайында мешіт имамдарымен ақылдасқан жөн. Қазір, Қазақстанның ішкі тұрақтылығын бұзғысы келген кейбір ұйымдар жасырын түрде топтар ашып, халықтың дінін, ділін бұзуға әрекет етіп жүр. Жат ағымдардің мүддесін көздейтін азаматтар діннен хабары жоқ немесе діни сауаты төмен адамдардың ой санасын улайды. Көпшілік жинала қоймайтын жерлерге барып, жасырын жұмыс істейді. Елде діни ахуалды шүйліктіріп, қазақты-қазақпен, мұсылманды-мұсылманмен ұрыстырып, шағыстыру арқылы Ислам дініне зиянын тигізіп бағуда. Сондықтан да, діни экстремизмнің алдын алу, ел тыныштығын сақтау - бүгінгі жастардың, еліміздің әрбір азаматының тікелей борышы саналады!

Ислам діні татулық мен мейірімділікке шақырады. Адамдарға мейіріммен қарау, дауласқанды татуластыру, көршімен қарым-қатынаста болу мұсылманды нұрландыратын әрекеттер. Көршімен-көрші, ел мен ел тату болса, әлемде бейбітшілік орнайды. Ағайын-туысты татуластыру да үлкен сауапты амал. Сәһл ибн Сағдтан (р.а.) жеткен хадисте Құба тұрғындары төбелесіп қалып, тіпті бір-біріне тас лақтырған. Бұл туралы Алла елшісіне (ﷺ) айтылғанда, ол сахабаларына: «Жүріңдер, оларды татуластырайық», - деген (Бұхари). Бұл хадис кез-келген дау үстіндегі адамдарды бір-бірімен ортақ тіл табыстыруға күш жұмсаудың қажеттігін меңзейді. Сондықтан, жастар арасында, қоғамдық орындарда, мешіттерде шу шығармай, бейбіт келісіммен жол табу қажет. Тура жолда жүргенді адастырмай, ақылмен әрекет етуге шақырамыз. Дүние рахаты үшін баланы ата-анадан, ананың перзенттен айыру үлкен күнә! Дүниенің құлы емес, Алланың құлы екенімізді әсте естен шығармағанымыз абзал.

Алла Тағала былай деді: «Аллаға ғана құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені серік қоспаңдар. Әрі ата-анаға, жақын туыстарға, жетімдерге, міскіндерге, туыс көршіге және бөгде көршіге жақсылық жасаңдар» («Ниса» сүресі, 36-аят).

Еліміз тыныш, берекелі болғай. Алла Тағала барша амалдарымыздың сауабынан беріп, тілек-дұғаларымызды қабыл еткей!

 

Абдрахманов Ысқақ Рақымбекұлы

Теміртау қалалық орталық мешіттің бас имамы

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін