Бақытты отбасы болудың сыры

Ұрпақтың салиқалы болуы әкенің берген тәлімінен. «Балаға жақсы тәрбие беру, баланың әкесіндегі ақыларынан» деген (Бәйһақи). Жұмыстан шаршап-шалдығып келсе де әке балаларына мейіріммен қарап, еркелетіп, әкелік сезімін жеткізуі дұрыс. «Балаларыңды көп сүйіңдер, әр сүйгендеріңде Жәннаттағы дәрежелерің өседі» деген (Бұхари). Тәрбие барасында әке баласына ілім, әдеп және кәсіп үйретуі парыз. Баланы Құран үйреніп, намаз оқуға дағдыландыру шарт. Алланың бұйрығына бойұсынып, өзі намаз оқуды білмесе де баланы мешітке жіберіп, діни сауатын ашу арқылы тура бағытқа жетелеуге болады. Алла Тағала айтты: «Үй ішіңді намазға бұйыр және өзің де оған көңіл бөл…» («Та-ха» сүресі, 132-аят).  Әкемен бірге мешітке барып, жастайынан дін жолына түскен балада имандылық, ізгілік, бауырмалдық қалыптасады. Амр бин Шуъайб өзінің әкесінен атасының былай деп айтқанын жеткізді: «Алланың елшісі (): «Балаларыңа намаз оқуды жеті жасынан әмір етіңдер және сол үшін он жасынан бастап ұрыңдар (жазалаңдар) және оларды ұйқыға бөлек жатқызыңдар», - деген (жақсы хадис, жақсы иснадпен Абу Дауд келтіреді). «Әкеге қарап ұл өсер» деген аталарымыз бүгінгі заманның әкелеріне «ұлыңа дұрыс тәрбие бер!» дегендей. Хадисте жеткеніндей: «Өлгеннен соң сауабы тоқталмайтын жақсы амалдардың бірі – салих (тақуа) бала тәрбиелеу. Ата-анасы өлгеннен соң баланың жасаған дұғалары ата-анасына жеткізіледі» (Мүслим).

Отбасын асырау тікелей үйдің қожайынына, яғни күйеуіне міндеттелген. Ер азамат адал еңбек етіп, жанұясын халал тамақтармен азықтандыруы тиіс. Харам астың әсері әйелдің, баланың табиғатын бұзады. Соны көріп өскен бала адал мен арам дегенді түсінбей өседі. Хадисте: «Жеп ішкендерің таза болсын! Балаларың осылардан қалыптасады», - деген (Риядун-Наисхун). Осы секілді отбасын киім-кешек секілді қажеттіліктермен қамтамасыз ету де әкенің міндетіне кіреді. Аллаһ Тағала айтты: «…Ананың тиісті керегі мен киімі, баланың әкесіне міндет…» («Бақара» сүресі, 233 аят). Егер қажеттіліктер жеткілікті немесе жеткіліксіз болса отбасын сабыр сақтауды, барға қанағат етуді, көпке ысырап жасамауды баланың бойына сіңірген абзал. Хабар бойынша, Абу Масъуд аль-Бадри (р.а.) Алла елшісінің () былай деп айтқанын жеткізді: «Егер адам Алланың сауабынан үміттеніп өзінің жанұясына қаржы жұмсаса, онда ол оған садақа ретінде жазылады». (Аль-Бухари, Муслим). Сендер маған масыл болдыңдар деп, әйелін, баласын көшеге жұмыс іздеп, ақша табуға жұмсау қателік. Өйткені, «Әйелінің және балаларының ақыларын өтемейінше адамның намаздары, оразалары қабыл болмайды» деген (Мүршид-ун-ниса).

Бағып-қағып, жетілдіргеннен кейінгі міндет – ұл балаларды үйлендіріп, қыздарды иманды адамға ұзату. Хадис шәрифтердың бірінде: «Үйлену – менің сүннетім.», – десе, басқа бір хадисте: «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен сендердің көптіктеріңмен қиямет күні басқа үмбеттерге мақтанамын», - делінген (ибн Мәжә). Сүннетке сай бала балиғат жасына жеткенде жанұя құру қажеттігі жайлы түсіндіріп, үйлі ету абзал болады. Ол үшін, иманды, тәрбиелі қызды алып беру қажет. Баланың тәрбиесінде ананың да атқарар рөлі ерекше болғандықтан, көргенді, салиқалы отбасынан қыз алған маңызды. Тағы бір хадисте: «Қыз баланы жақсылап тәрбиелеп, Алла Тағала берген нығметтермен молшылықта жегізіп, киіндірсе, бұл қыз ол үшін берекет болады, тозақтан құтылып, Жәннатқа оңай кіруіне себеп болады» (Табарани).  

Ал, жоғарыдағы айтқандарымыздың тобықтай түйіні, ердің отбасындағы міндеттерінің бастысы – әйелімен жақсы қарым-қатынаста болуы. Әйелімен күлімдеп, жылы шыраймен сөйлесіп жүретін жанұяда бала-шаға да мейірімге толы болып өседі. Тапқан табысқа да қанағат болады. Киім-кешек те жеткілікті болып, ұрыс-керіс жиі болмайды. Әкенің мерейі үстем болып,  баланың әкеге деген құрметі артады. Салиқалы ұрпақты өмірге әкеліп, өсіріп, тәрбиелейтін ізгі әйелді нұрландыратын оның жолдасы. Хадис шәрифте: «Бақытты болудың белгілері мыналар: Салиха жар, айтқаныңа бағынатын бала-шаға, салих, адал дос» - делінген (Хаким).

 

Абдрахманов Ысқақ Рахымбекұлы

Теміртау қалалық орталық мешітінің бас имамы

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін