АДАМ ЖАРАТЫЛЫСЫ ЖАЙЛЫ ШЫНДЫҚ

Замандас, айнаға қарашы! Сен осы бейнеге тапсырыс бердің бе? 

«...Әуелі көзді көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтіп ләззат алар едік? Ол көз өз нәзіктігінен керегіне қарай ашып-жауып тұрсын үшін қабақ беріпті. Желден, ұшқыннан қаға берсін болсын үшін кірпік беріпті. Маңдай теріні көзден қағып тұруға керек болғандығынан, басқа тағы керегі бар қылып қас беріпті. Құлақ болмаса, не қаңғыр, не дүңгір, дауыс, жақсы үн, күй, ән – ешбірінен ләззаттанып хабар ала алмас едік. Мұрын иіс білмесе, дүниеде болған жақсы иіске ғашық болмақ, жаман иістен қашық болмақтық қолымыздан келмес еді. Таңдай, тіл дәм білмесе, дүниеде не тәтті, не қатты, не дәмдінің қайсысынан ләззат алар едік? Бұлардың бәрі біздің пайдамыз емес пе?
Көзді, мұрынды ауызға жақын жаратыпты, ішіп-жеген асымыздың тазалығын көріп, иісін біліп, ішсін-жесін деп. Бізге керегі бар болса да, жиіркенерлік жері бар тесіктерді бұл бастағы ғазиз білімді жерімізден алыс апарып, тесіпті, мұның бәрі хикметпен біліп істелгендігіне дәлел емес пе?
Енді адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар екендігі мағлұм болмай ма? (Абай).

 

Адамның өзінің жаратылысы – Жаратушыны танып оған құлшылық етуіне жеткілікті дәлел деген рас-ау.

Біздің денеміз – мінсіз құрылым. Сүйек, сіңір, тамыр, ағзалар – Алланың құдіретін, даналығын, білімін айғақтайды. Сенгеніміз ғылым мен техника болса, көз секілді камера, ми секілді компьютер жасалған жоқ. Әрбір мүше өлшеулі, әрбірі ешбір техника жасай алмайтын қызметті атқарады. Біз әлем болып жиналсақ та шыбын жарата алмаймыз. «Сонда сендер, өздеріңнің Раббыңның қай игілігін өтірік дейсіңдер?» («Рахман»,  16-аят).

Өзімізді тани отырып, Жаратушыны тануымызға жол болсын деген ниетпен адам денесіндегі кейбір ғажайыптарға тоқталып көрелік.

 

Ғылым: Көз бен қабақтың қызметі

 

Жоғарыдағы дана Абайдың қара сөздерін ғылым былайша толықтырады: «Көру орталығы – көз, жарықты аулайтын 130 млн. клеткадан тұрады. Қабақ пен кiрпiктер көздердi әрдайым қорғап тұрады, яғни шаң-тозаң, топырақтың түсуінен сақтайды, ал кiрпiктер көздiң айналасын көлеңкелендiрiп, көзге жарықтың тiкелей түспеуiн қамтамасыз етедi.
Қабақтың қозғалуы – көздi құрғап кетуден сақтайды, ал көздiң айналасындағы сұйықтық, яғни , көз жасы, зарарсыздандырудың ең жақсысы болып табылады».

Бәрі де сондай мінсіз! Есеппен! Дәл! Алла Тағала Құранда: «Рахманның жаратуында еш күмән көре алмаймыз, қайта көз сал ақау көре аласың ба?»-деген («Мүлк» сүресі, 3- аят).

 

Көз туралы басқа да қызықты деректер:

 

·        Адам орта есеппен әрбір 4 секунд сайын көзін жыпылықтатады (минутына 15 рет), жыпылықтату ұзақтығы – 0,5секунд. Сонда 12 сағаттың 25 минуты көз жыпылықтатуға жұмсалады екен.

·         Адамның үстіңгі және астыңғы қабағында 150 кірпік бар.

·        Адам өзі жақсы көретін жанға қарағанда көзінің қарашығы 45 пайызға үлкейеді екен.

·        Көздің мүйізгек қабығы (роговица) акуланыңкіне қатты ұқсайды. Тіпті, заманауи медицинада адам көзіне ота жасалғанда акуланың мүйізгек қабығын пайдалану етек алған.

·        Адам көзін ашып тұрып түшкіре алмайды.

·        Көзде 107 миллион жасуша бар және олардың барлығы жарыққа сезімтал келеді.

·        Орта есеппен адам көзінің диаметрі – 2,5 см, салмағы – 7-8 гр.

·        Денедегі бұлшық еттердің ең белсендісі – көзді қамтамасыз етуші бұлшық еттер.

·        Теория бойынша, дені сау көз 10 миллион түсті ажырата алады. Міне керемет, жанарымыз сұр түстің 500-ге жуық реңін танитын болып шықты. Алайда, жалпы 150 реңді ажырата алу да ең жақсы көрсеткішке жатады екен.

·         Орташа есеппен адам бүкіл өмірінде 24 миллион түрлі бейнені көреді екен.

·        Адам көзбен емес мимен көреді. Бұл көздің нашар көруі немесе зағиптық – мидың көру тамырымен тығыз байланысты деген сөз.

·         Көз мидың 65 пайыз қорын жұмсайды. Адам денесінде осыншама қор жұмсайтын басқа мүше жоқ.

 

Таңғаларлық фабрика!

Профессор А.К. Морисон: «Асқазан атты фабриканың атқаратын қызметi ғажап, бұл сияқты басқа да ғажап жүйелер өздiгiнен жүзеге асуы мүмкiн емес. Бұлардың бәрi жоғары дәрежедегi жүйеге бағынады. Ал жүйелi түрде қайталанатын нәрселер кездейсоқтыққа қарама-қайшы. Ендеше бұл Алланың жаратқаны емей, немене?!» деген.

 

Жүйке жүйесі


Жүйке жүйесi – дененi толық басқарады, ол кiшкентай талшықтардан тұрады. Талшықтар бүкiл дене арқылы өтiп, бiр-бiрiмен байланысады. Әрбiр мүше олармен жалғасқан. Егер де дененiң бiр мүшесi қоршаған ортаның қызуының аз ғана болса да өзгергенiн сезсе, бұл талшықтар денеде орналасқан орталықтарға бірден белгi түсіреді. Ал, олар өз кезегiнде бұны миға жеткiзедi, бұдан соң ми шұғыл реакция бередi. Жүйкедегi қозғалыстың жылдамдығы – секундына 100 метр. Алла Тағала Құранда:«Ендеше, Раббыларыңның қай нығметтерін жоққа шығарасыңдар?» деген («Рахман сүресі», 32-аят).

 

Ең керемет мотор


Дүниедегі ең керемет мотор – көкірегіңіздің сол жағында орналасқан жүрегіңіз. Жүрегіміз ерекше жүйесімен, тоқтаусыз соғуымен тәулігіне денеміздегі қанды 1000 рет толық айналдырып шығады екен. Жүрек 1 сағатта орташа көлемді жеңіл көлікті 1 метр жоғары көтеретіндей қуат бөліп шығарады. Жүректің қанды айдаған кезде қолданатын күші өте қуатты. Осы күш арқылы қанды 3 метр биіктікке ытқыта алады. 

Жүректің ең ерекше қасиеті – өмір бойы үздіксіз жұмыс істеуі. Осы тұрғыдан алғанда, оны дүниедегі тоқтамай, демалыссыз жұмыс істейтін теңдессіз мотор дей аламыз. Жүрек – шамамен минутына 70 рет, жылына 37 миллион рет соғып,үнеміз қозғалыста болатын жалғыз ағза. Адамның орта өмірі бойынша 2,5 миллиард рет соға отырып, 300 миллион литрге жуық қан айдайды. Жүрегіміз ұйқыда кезімізде де сағатына 340 литр қан айдайды екен.

Айтыңызшы, алақаныңызды қанша минут үздіксіз ашып-жұмып тұра аласыз? Байқаңызшы! Бірнеше минуттан кейін талып, әрекетіңізді жалғастыра алмай қаласыз ғой? Ал енді жүректі өмір бойы бір мезет тоқтатпастан, денеміздің түкпір-түкпіріне сағатына жүздеген литр қанды айдатқызып тұрған қандай күш? Тағы да кездейсоқтық па? Жоқ әлде...

 

Клетканың ғажайыбы

Клеткалардың өзара қызметi, мақсатқа жету үшiн белгiлi бағдармен бағытталуы және өздерiне жазылған орынға еш қате жiберместен орналасулары – әрине бұл ғажап құбылыс. Әрбiр адам жоғары дәрежеде ұйымдасып қызмет жасайтын миллиардтаған клеткалардан тұрады, бiздiң денемiздi бiр немесе тiптi бiр-неше «ұлттар» деп те айтуға болады, ал, әрбiр жеке клетка – өз «ұлтына» асқан берiлгендiкпен, ақылмен кәсiби шеберлiкпен қызмет ететiн өз «ұлтының» «азаматы». Әрбiр клетка өз құрамында, басқа бүкiл материалдық әлемдегi басқа клетканы қайталамайтын ерекшелiктi (қасиеттi) сақтайды. Әрбiр клетка денеде тиiстi қызметiн, тиiстi орында, тиiстi уақытта атқарып отырады және әрбiр клетка жүктелген мiндеттi бүкiл денесiнiң пайдасы үшiн iстейдi. Бұл ретте клеткалар қызметi бiр-бiрiмен талассыз және тығыз байланыста болады, ал клеткалардың жалпы саны (мысалы, бiр денедегi) жер бетiндегi бүкiл адамзат санындай. Егер ауру әсерiнен немесе әлсiреу нәтижесiнде бiр клетка өз функциясын атқара алмай қалса, қалған клеткалар оған көмекке келедi де ол функцияны өздерiне алады. Тынымсыз жұмыс iстейтiн клеткалардың легi, олардың қызметке жарамсыздарын жаңа клеткалармен ауыстырады және өлген клеткаларды организмнен (немесе денеден) белгiлi жолдармен шығарады. Дене жоғалтқан клеткаларды тағам арқылы толықтырады. Ал біз бұл құбылыстардың біреуін де сезбейміз, басқармаймыз. Кейде адамдар өздерінің жаратылысының шеберлігін көре тұра оны жаратқан Алланың құдыретіне күмәнданып "Ол жаққа кім барып келіпті" деп жатады.
Алла Тағала Құранда: "Олар өз жаратылысын ұмытып, Бізге мысал берді: «Міне шіріген сүйектерді кім тірілтеді?»,- деді. (78) (Мұхаммед Ғ.С.): «Оны, сондай алғаш (бір тамшы сұйықтан) жаратқан тірілтеді. Ол, барлық жаратылысты біледі» де»- деді . («Иа Син» сүресі, 78-79-аяттар).

Мида қандай құбылыстар болып жатыр?

Адам баласының миы бір мезгілде бірнеше нәрсені ойлап, іске асыра алатындай етіп жаратылған. Мысалы, қандай да бір адам мидың мінсіз жүйесінің арқасында бір мезгілде көлік жүргізіп, көліктегі әуеннің дауысын өзгертіп, радиодағы ақпаратты қабылдап, жанындағы адамдардың сөздеріне қорытып, оларға жауап бере алады. Осының барлығын бір мезгілде жасай алады. Мұның барлығың адамның ми жүйесінің шексіз мүмкіндігінде. Сыртқы әлемнен алынатын миллиондаған ақпараттарды бір мезетте қабылдап, оны қорытқан ми жүйесі барлығына да жауап қайыра алады.

Мидағы ең маңызды рөл атқарушы компонент жүйке талшықтары (нервные клетки) болып табылады. Жүйке талшықтарының саны шамамен 10 миллиардты құрайды. Жүйке талшықтары миға түскен ақпараттар ағынын ретке келтіріп, қорытумен айналысады. 10 миллиард жүйке талшықтарында шамамен 120 триллионға жуық байланыс нүктелері бар. Бұл байланыс нүктелерінің барлығы өзінің болуға тиіс орнында болады. Егер бұлардың бірі өз орнынан өзге жерде тұрса, адамның жүйке жүйесінде елеулі ауытқулар орын алады. Арамызда кездесетін жүйке ауруларына шалдыққан жандардың байланыс нүктелерін зерттеуде осыған көз жеткіземіз. Алайда, жүйке талшықтары мен байланыс нүктелерінің орны ауысуына адамның көп ойланудан бас тартуы себеп болады.  Осыншалық күрделі құрылымның ешқандай тоқтаусыз, дамылсыз жұмыс істеп тұруының арқасында адам баласы өмір сүреді. Мұнша күрделі жүйе өздігінен пайда болмағаны анық. Барлығын да Жаратушы жалғыз Алла!

«Ей, адам баласы! Әл-Карим /аса Жомарт/ Раббың жайлы сені не алдады? Ол /Алла/сені жаратты, /дене мүшелеріңді үйлесімді етіп/ теңестірді және /тұлабойыңды/ түзулеп, Өзі қалаған бейнеде сені құрастырды» («Инфитар» сүресі, 6-8 аяттар).

 

Саусақ ізі – әрбір адамның «жеке куәлігі»


Жер жүзінде қаншама адам бар екендігін көз алдымызға елестетіп көрейікші. Жалпы адамзат жаралғалы қанша пенде қара жерді басты екен? Осы адамдардың барлығының да саусақ іздері (бармақ таңбасы) әр түрлі болып келеді. Тіпті бір ұрықты, ДНК құрылымы бірдей келетін егіз сәбилердің өзінде айырмашылық болады. Саусақ ізінен қайталанбас, ерекше дизайн байқалады. Бұл із сәби дүниеге келмес бұрын, яғни, құрсақтағы кезінде пайда болады екен.Едәуір зақымдалуларға ұшырмаса, қайтыс болғанша осы саусақ ізі сақталып қалады. Сол себепті, саусақ ізі – әрбір адам баласының басты ерекшелігі, өзіне ғана тән белгісі. Тіпті, ғылымда «саусақ ізі – адамның жеке куәлігі» деген ұғым да қолданылып жүр. Бұл жаңалық жүздеген ғалымдардың қатысуымен ХІХ ғасырдың соңында ғана анықталды. Ал адам баласы мұндай зерттеулер жүргізуге қауқарсыз болған ғасырда түсірілген Құранда саусақ іздері қозғалады:


«Адам баласы, Біз сүйектерін жинай алмайды деп есептей ме? Күмәнсіз, оның саусақтарының ұштарын да қалпына келтіруге күшіміз жетеді»  («Қийама» сүресі, 3-4- аяттар).


Құран – ешбір күдіксіз Әлемдердің Раббысының сөзі!

© 2009-2018, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін