Біздің қоғам не нәрседен сақтануы қажет?

Адамдарға мейіріммен қарау, дауласқанды татуластыру, көршімен қарым-қатынаста болу мұсылманды нұрландыратын әрекеттер. Көршімен-көрші, ел мен ел тату болса, әлемде бейбітшілік орнайды. Ағайын-туысты татуластыру да үлкен сауапты амал. Сәһл ибн Сағдтан (р.а.) жеткен хадисте Құба тұрғындары төбелесіп қалып, тіпті бір-біріне тас лақтырған. Бұл туралы Алла елшісіне (ﷺ) айтылғанда, ол сахабаларына: «Жүріңдер, оларды татуластырайық», - деген (Бұхари). Бұл хадис кез-келген дау үстіндегі адамдарды бір-бірімен ортақ тіл табыстыруға күш жұмсаудың қажеттігін меңзейді. Ислам дінінде ренжісіп қалған жандарды татуластыру мақсатында өтірік айтуға рұқсат берілген. Умму Кулсум Ғұқбаның (р.а.) риуаят етуінше, ол: «Алла елшісінің (ﷺ): «Жақсылықты хабарлап (немесе жақсылықты айтып) адамдардың арасын жарастырмақ болған (адам) өтірікші емес», - деп айтып жатқанын естідім», - деген. Яғни, ренжіскен пенделер арасында игі ниетпен, олардың бір-біріне деген суық сезімін жойдыру мақсатында жалған сөйлеуге болады.

Біздің қоғамда туыс, бауыр арасында реніш, өкпе, наз көптеп орын алып жатыр. Пайғамбырымыз (ﷺ) ағайынмен тату болуды айтып кеткен. Алла елшісі (ﷺ): «Жаннаттың есіктері дүйсенбі және бейсенбі күндері ашылып, Алла Тағалаға серік қоспаған әрбір пенденің күнәсі кешіріледі. Жаннаттың есіктері тек наразылығы себебінен бауырымен қатынасын үзген адам үшін жабық болып, ол екеуіне қатысты: «Бұл екеуі табысқанға дейін тұра тұрыңдар», - делінеді», - деген (Әбу Дауд, Ахмад). Яғни, Жаннаттың кілті бауырмен тату болуда жатыр екен. Ағайынды араздастырмай, бауырды бөлмей жүру мұсылман үшін парыз. Бейбіт өмір сүру пенделер арасында тығыз байланыс орнатуда жатса керек. Расулуллаһ (ﷺ): «Мұсылман пенде Алла Тағаланың разылығы үшін бір мұсылман бауырын зиярат етсе немесе ауырғанда жағдайын сұрап барса Хақ Тағала: «Жақсы істедің. Әрі жаннаттан орын иелендің», - дейді» (Ахмад). Сондай-ақ, бізге жеткен құдси хадистерде туыспен, ағайынмен араздасудың әсте дұрыс еместігі көрсетіледі. Алланың рақымына бөлендіретін негізгі амалдардың бірі туысқанмен бейбіт болуда. Әбу Саләма (р.а.) айтады: «Абдуррохман ибн Ъауф (р.а.) науқастанған Әбу Арраддад Әл-Ләйсидің (р.а.) жағдайын сұрап келгенде ол, яғни Әбу Арраддад (р.а.): «Менің білуімше адамдардың ең қайырлысы әрі сауапқа лайықтысы Әбу Мухаммад (р.а.)», - дейді. Сонда Абдурроман ибн Ъауф (р.а.) былай деді: «Мен Нәбидің (ﷺ) мына сөзін естідім: «Хақ Тағала айтады: «Мен – Аллаһпын және Аррохманмын. Әрі «туыстықты» жаратып, оған Өз есімімді тән еттім. Оны сақтағанды рақымыма бөлеп, үзгенді рақымымнан мақрұм етемін» (Бұхари, Ахмад, Әбу Дауд, Тирмизи).

Бұл мысалдар біздің қоғам сақтануы қажет нәрселерді меңзейді. Біздің қоғам араздықтан, харамнан, мейірімсіздік пен жауыздықтан сақтануы қажет. Біздің қоғам Аллаға серік қосудан, имансыз ұрпақ тәрбиелеуден, жүректері қарайып қалудан сақтануы қажет!

Ол үшін бейбіт те жарқын өмірді нәсіп етіп, Өз рақымына бөлейтін Алланың бұйрығына бойұсына көрші-қолаңмен, ағайын-туыспен тату-тәтті болайық ағайын! Бір-бірімізге мейірімді, кішіпейіл болайық! Жақсылық жасауға жарысайық!

Алла бәрімізді өз рақымына алғай!

Абдрахман Ысқақ Рақымбекұлы

Теміртау қалалық орталық мешіттің бас имамы

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін