Әйеліңіз неге солып бара жатыр?

Бұрынғыдай емес, әйеліңіздің тез ашуланып қалатынын, сізге деген көңілінің суығанын байқайсыз ба? Онда төмендегі кеңестерімізге құлақ түріңіз:

Біріншіден, сіз әйеліңізбен дұрыстап отырып сөйлеспейсіз. Мойындаңызшы, анау дейсіз, мынау дейсіз, біреулердің мәселесін шешесіз, сырттың жұмысын реттейсіз, одан қалса телефон шұқылайсыз. Әйеліңіз бірдеңе сұраса, жүрдім-бардым жауап бересіз. Шаршағаныңызды айтасыз. Теледидар көруге асығасыз. Нәтижесінде, барлығын ысырып қойып, әйеліңізбен сырласуды ұмыт қалдырасыз. 

Екінші, сіз сыртқы тұлғаңызға, түр-сипатыңызға мән бермейсіз. Белгілі сахаба ибн Аббас (р.а) не деп еді? Ол: «Мен әйелімнің мен үшін әдеміленгенін жақсы көретінім секілді өзімді де ол үшін сәндегенді ұнатамын» деді емес пе? Яғни, еркектің әйелінің көңілінен шығуға әрекет жасауы да – құпталатын амал. Сондықтан шаш үлгіңізді ретке келтіріп жүріңіз, үйге келгенде жуынып, тазаланыңыз. Әтіріңізді ауыстырып тұрыңыз. Киіміңізге мән беріңіз.

  1. Сіз оның ішкі әлеміне үңілмейсіз. Ерлі-зайыптылардың әңгімесі  көбінесе бала-шағаның жайы, азық-түлік, отын-су, үйдің жиһазы деген секілді тұрмыстық тақырыптан аса алмай қалып жатады. Олар бір-бірінің жан дүниесін, қандай өзгеріс болып жатқанын түсінбегендіктен, араларында салқындық пайда болады. Өзіңіз ойлаңызшы, әйеліңіздің нені қалап, нені ұнатпай жүргенін білмесеңіз, сіз оған қалай жақсы күйеу болып, көңілінен шықпақсыз?
  2. Романтикаға жол бермейсіз. Есіңізге түсіріңізші, екеуіңіз алғаш танысқан кездер қандай еді? Алғаш рет оған сөз айтқан сәтіңіз ше? Ол да жұмбақ, сіз де жұмбақ. Бір-біріңіз үшін құпиясы ашылмаған сандық секілді, бір-біріңізге күлімдеп қарап, көзбен ұғынысып жүрген кездер сондай тәтті еді ғой?! Негізінде, бұл бақытты ұстап тұру – ең алдымен, Алланың, одан соң сіздердің өз қолдарыңызда. Алла әрекетке қарай берекет береді. Күтпеген сыйлықтар, күтпеген жылы сөз – мұның барлығы махаббат отының қайта түтануына себеп болады.
  3. Ол – үйдегілердің асқазанын күзететін жалғыз адам. Негізінде, ас үйдің шаруасы әйел адамның мойнында болғанымен, күніне бірнеше рет дастархан жайып, дәмді тамақ әзірлеу, ата-ененің, туған-туыстың көңілінен шығу біраз күшті, энергияны талап ететінін жасырмау керек. Әйел адам тамақ дайындау арқылы рахаттанады, оның бойында өзіне білінбейтін әйелдік гормондары пайда болады. Табиғатына тән нәзіктігін сақтайды. Алайда, анда-санда көңілін сергітіп, жұмыртқа қуырып берсеңіз немесе бір жерге апарып тамақ алып берсеңіз, бұл – әйел үшін зор бақыт, күтпеген қуаныш болатыны сөзсіз.
  4. Әйеліңіз үйдегі әкенің де, ананың да рөлін өзі атқарып жүр. Сіздің балаңыз жетім емес, оның әкесі де, анасы да бар. Іс жүзінде солай ғой, бірақ шынында қалай екенін ойланып көрдіңіз бе? Бала бір нәрсені бүлдірсе немесе бұзықтық жасап қойса, «Балаға қарамайсың ба?», «Осы сенің тәрбиеңнен ғой», «Не қарап жүрсің?» деген секілді айыптауларды жиі естіп жатамыз. Еркек тұрмыс қамымен түзде жүретіні рас. Алайда, бұл ер адам бала тәрбиесіне мүлде жауап бермейді деген сөз емес... 
  5. Оған жылы сөз, қамқорлық жетіспейді. Иә, «Әйел адамның табиғаты жайлылықты, жылылықты қалайды. Алатауға шығарғанды емес, алақанда ұстағанды қалайды». Әйелді еркелету, оның әдемілігін айтып, киіміне, тамағына оң баға беріп, комплимент айтып отыру – гүлге су құйған секілді. Егер уақытында құйылмаса, бір-ақ күнде солып қалады. Сондықтан еркек үйге келгенде шаршағанын алға тартып, тамақ ішіп, жатып алмай, әйелінің ол үшін сәнденгеніне, ол үшін әдеміленіп, шашын өзгерткеніне, т.б мән беріп, жылы сөз айтып, мақтап тұруы керек. 
  6. Кейде оған сәл ғана тыныштық керек болуы мүмкін. Үнемі емес әрине, бірақ арасында балаларды далаға алып кетіп, оның өз-өзімен қалуына, өзіне күтім жасап, демалуына мүмкіндік беріңіз.
  7. Өз сөзіңіздің дұрыстығын дәлелдеу үшін күш пайдаланудың қажеті жоқ. Ақылды еркек қас-қабағымен-ақ жарын басқара алады. Ол үшін әйеліңізге ақылыңызды айтып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін асықпай түсіндіріп, оған өзіңізді, сөзіңізді сыйлата білуіңіз керек.
  8. Барлық жауапкершілікті оның мойнына іліп қою әйелді қажытады. Сіз үнемі диванда теледидар көріп жатасыз, телефонда қызық кинолар көресіз. Ал әйеліңіз үнемі үй шаруасымен басы қатып жүреді. Соның салдарынан оның ойында «Неге ол ылғи демалып жатады? Неге мен ғана барлығына жүгіре беруім керек?» деген ой туып, бірте-бірте күйзеліске ұрындыруы мүмкін. Сондықтан «Үйдегі барлық шаруаны мен келгенше атқарып қой» деп өтініш жасаңыз да, жұмыстан келген соң әйеліңізбен бірге отырып демалыңыз.

«Отбасы болу – ерлі-зайыптылардың бір-біріне қарап отыруы емес, бір бағытқа қарауы», - деген сөз бар. Бұл кеңестер өте  қарапайым әрі оңай көрінуі мүмкін. Алайда, қазақ «Елемеген бұтақ көз шығарады» деп бекер айтпаған. Арадағы сүйіспеншіліктің сөніп, сезімнің сууына дәл осындай «түкке тұрғысыз, қарапайым нәрселер» себеп болуы әбден мүмкін. Отбасы – ол да шағын мемлекет. Отанның тыныштығы алдымен, отбасындағы тыныштықтан көрінеді. Сондықтан бір-бірін айтқызбай-ақ түсінетін жарасымды, өнегелі отбасы болуға барымызды салайық...

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін