«Азан шақырып ат қою» дәстүрі дұрыс па?

Халқымызда жарық дүние есігін шыр етіп ашқан сәбиге есім беру рәсіміне қатысты өзіндік дәстүрі мен салт-жоралғысы бар. Мәселен, азан шақырып, ат қояр кезде кішкене сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен азамат болсын деген ниетпен ырым етіп, сәбидің ата- анасы жасы үлкен, сыйлы адамға қолқа салады.

Жақын-жұрағат жиналып, ат қоятын адам сәбиді қолына алып, «Аллаһу әкбар» деп азан шақырып, сәбидің оң құлағына есімін үш рет қайталап айтады. Бұл баланың есінде сол есім қалсын, құлағына сіңсін деген ниетпен жасалады. Сондықтан азан шақырып, ат қою қазақ халқының мұсылмандық жоралғысының қалыпты қағидаларының бірі болған. Әкесі өзі азан шақыра алмайтын болса, имам-молдаларды шақырып, баланың басын құбылаға қаратып, оң құлағына азанын айтып, ата-анасы таңдап қойған есімді «мұның аты пәленше ..., сенің атың пәленше ...» деп, үш мәрте айқайлап айтатын болған. Рәсім аяқталған соң дұға оқылып, қатысқан туысқандары нәрестеге, оның ата-анасы мен туысқандарына ақ тілектерін айтып, үлкендер батасын берген. Міне, осы салт бойынша, ат қою рәсіміне жиналғандардың ішінен біреуі қазанның құлағын даңғырлата қағып, балаға қойылған атты үш рет қайталап, жұртқа жария ететін болған.

Ат қою рәсімі аяқталған соң, ат қоюшы ата-ананың қалауымен сәбидің бетін ашып, көпшілікке көрсетеді. Бұл аты қойылған баланың елімен алғашқы жүздесуі деп есептелген. Міне, осындай әрбір іс-амалын, асылын дінімен астастыра білген халқымыздың тілінде «азан шақырып қойған аты» деген тіркес кең тараған.

Ал, Ислам шариғаты бойынша да туылған баланың құлағына азан шақырып ат қою – сүннет. Яғни, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құп көріп жасаған ізгі істерінің бірі. Шариғат бойынша нәрестенің оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтылады. Имам Әбу Дәуіт пен имам Термези келтірген хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатима Әлиұлы Хасанды босанған кезінде оның құлағына намазға азан айтқандай азан айтқан»[1]. Сондай-ақ тағы бір хадисте: «Кімнің баласы туылғанда, оның оң құлағына азан айтып, сол құлағына қамат айтса, ол нәрестеге «умму сибян» (сәбиді ауру ететін жел немесе жынның кесірі) әсер етпейтін болады»[2] – деп айтылған.

Ислам шариғатында жаңа туылған баланың құлағына азан шақырудың тағы бір мән-мағынасы – оның бойына иман сөзін жастайынан сіңіру. Өйткені азан мәтінінде адам баласының Алла Тағалаға деген сенімі мен мұсылмандығын айғақтайтын куәлік сөздер қамтылған. Яғни «Әшһәду ән лә иләһә илла алла уә әшһәду әннә Мухаммадан абдуһу уа расулуһу» калима шаһадат сөзі мен «Лә иләһә илла алла» калима таухид сөздері келтірілген. Бұл сөздер мұсылманның шыр етіп дүние есігін ашқандағы еститін алғашқы да сөзі әрі дүниеден өтер сәтінде оған айтылатын соңғы да сөзі болып табылады. Нәрестенің құлағына айтылған азан сөздері оның жүрегіне жетіп, иманды ұрпақ болып өседі. Мұнымен қоса азан айтудың тағы бір сыры – азан сөздерінен шайтанның ат-тонын ала қашатынында. Өйткені ол нәрестені туылғанша бақылайды. Әрбір пенденің жанында қосақ-шайтаны (қарин) болады. Ал, шайтан-малғұн азанның дауысын естіген кезде құты қашып, жөнеліп кетеді.

«Азан шақырып, ат қою» жоралғысын сәби туылғаннан кейін жетінші күні жасаған жөн. Қандай да бір себеппен сәби кезінде құлағына азан айтылмаған кісінің құлағына өсе келе азан шақырудың да зияны жоқ. Бірақ оның мәні мен маңызы туылған кезде шақырылғандай болмайды.

Материал «Дін мен дәстүр 2» кітабынан алынды.

 


[1] Әбу Дәуіт Сүлейман ибн әл-Ашғас әс-Сижистани. Сүнән Әби Дәуіт. – Дәр әл-китаб әл-арабия-Бейрут. IV том, 488-бет.

[2] Ахмад ибн Али ибн әл-Муснад Әбу Яғла әл-Мусили әт- Тәмими. Мүснәд Әби Яғла. Баспаға әзірлеген Хусейн Сәлим Әсәд. – Димашқ, 1984. ХІІ том, 150-бет. № 6780 хадис.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін