Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) туралы біз білмейтін деректер

 Құран Кәрімнің «Қалам» сүресінің 4 аятында: «Шын мәнінде Сен ұлы ахлақтың (мінез-құлықтың) иесісің» – деген керемет сөздер бар. Көркемдіктің қайнары болған ардақты Пайғамбарымыздың өмірге келгенін ел болып атап өту үдкен абырой ла сауапты іс болуда. Осы ретте асыл пайғамбарымыз (ﷺ) туралы көпке айтыла бермеген деректерді келтіруді жөн көрдік.

Алла елшісі (ﷺ): «Адам баласының көбі алданып қалатын екі нығымет бар. Олар: денсаулық пен бос уақыт», - деген (Бұхари). Сондықтан да болса керек, ол денсаулыққа аса қатт мән беріп, күткен. «Тәлбина» деген ботқаны жақсы көріп, азық еткен деуге де болады.

Тәлбина (تلبينة) – араб ботқасы. Бұл тағам ләбән, яғни сүттен жасалатын болғандықтан «тәлбина» деп аталған. Бұл өте пайдалы тамақ, сондай- ақ мұны Пайғамбарымыз (ﷺ) өзі сүйіп жейтін болған. «Тәлбина аурудың жүрегін тыныштандырады және уайым- қайғының жартысын алып кетеді» - осы жерге назар аудару қажет. Пайғамбарымыздың (ﷺ) сөзінде жалған болмасы хақ. Күйзеліс пен торығуға толы біздің уақытымызда тәлбина рухани уайымнан арылтып, құлшылыққа ден қоюымызға жәрдем бере алады.Тәлбина иммунитетті көтереді. Авицена өзінің XI ғасырдағы «Дәрігерлік ғылымның каноны» атты еңбегінде арпа суының, сорпаның қызу көтерілгенге мың да бір ем екендігін жазып кеткен.

Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) жерленген бөлмеге адам баласы кірмегелі 800 жылдан асыпты. Алланың елшісі (ﷺ) Айшаның (р.а.) бөлмесінде жатып көз жұмады. Өзінің өсиеті бойынша ол сол араға, яғни төсегі тұрған жерге оң иығы құбылаға қаратылып жерленген. Пайғамбар (ﷺ) көзі тірісінде үмметіне өзінің зиратын табынатын орын етуге және зиратынан келіп өзінен бір нәрсе сұрауға қатаң тиым салды. Сүйікті қызы Фатимаға: «Менен сұрайтының болса қазір сұрап ал, өлген соң сұрама, мен ештеме бере алмаймын, адам тек Алладан сұрайды» деп ескерткен. Көзі жұмыларда да айтқан соңғы сөзі: «Өз пайғамбарларының зиратын құлшылық қылатын орынға айналдырған қауымды қарғыс атсын!» болатын.

Айша анамыз қайтыс болған соң (ол Бақи қорымына жерленген) оның бөлмесінің есік-терезесі бітеліп, қабырғасы биіктетіледі. Кейін оның сыртынан тағы бір қатар қалың қабырға тұрғызылады. Ал оның сыртынан жасыл перде тұтылған. Мұсылмандар осы перденің сыртында тұрып сәлем береді. Бұл құрметтің барлығы да иманды жандардың Алла елшісіне (ﷺ) деген құрметінен болатын. Бізге жеткен хадистердің бірінде: «Сіздердің ешқайсыларыңыз мені өз ата-анасынан, балаларынан және барлық адамдардан артық көрмейінше иман келтіре ал-майсыздар» – делінген.

Барша мұсылмандармен қатар, ислам дінін қабылдамаған адамдар да Пайғамбарымызға (ﷺ) құрмет көресетеді. Бұған Қытайды 1368 жылдан 1398 жылға дейін басқарып келген  император Чжу Юаньчжанның  100 сөзден тұратын ода – мадақ өлеңі дәлел. Ол шумақтарда Аллаға, Исламға және Пайғамбарымызға (ﷺ) мақтау-мадақ айтылған. Ол бұл өлеңін салуға әмір берген барлық мешіттерге таратуды бұйырады.

Жүз сөзден құралған мадақ өлең.

Жаратқан кезден-ақ ғаламды,

Жазымғып Батыстан сәлемді –

Құдайым келтірді өмірге

Нар тұлға - уағызшы адамды.

Қамтыған отыз бөлімді

Киелі Кітапты тапсырды

Құдайдан келген нұсқаулық

Жаралған үшін – жолбасшы

Әміршілердің Мырзасы,

Әулиелердің Тұлғасы,

Құдайдан алған демеумен

Үмметін қоршап-қорғаған

Бес уақыттық намазбен

Жиһанға артып сенімін

Үмітін үнсіз торлаған

Аллаға тартқан жүрегін

Кедейге берген жігерін

Қасырет келсе қорғайтын

Түнектен жарық тастайтын

Жан менен рухтың барлығын

Күнәдан аулақ сақтайтын

Мейірім болған әлемге

Көш басшы, жолға бастайтын –

Ежелден салған ұлы жол,

Зұлымдықты құрықтап

Күйретіп оны тастайтын.

Көзіндей мөлдір бұлақтың

Пәк, таза дінін танытқан

Мухаммад – Асыл да Арaдақты,

Мейірбан және Данышпан!

Ода поэма қалыпында жазылғын, әр шумақ 4 сөздерден (иероглифтерден) және 4 буыннан құрастырылған. (Дереккөзі: Тан Та Сен, Дашен Чен (2000), Чжэн Хэ және Оңтүстік Азиядағы Ислам, Оңтүстік Азияны зерттеу Институты 170 бет. , - деп жазады azan.kz.)

Қазір Рабиул-әууал айында Алла елшісінің (ﷺ) туған күні ретінде Мәуліт мерекесі ерекше аталып өтіледі. Хазіреті  Мұхаммед (ﷺ) дүниеге келген күн – Алланың бүкіл жер жүзіне рақым-мейірімі молынан түскен күн. 

Әбу Қатада (Алла оған разы болсын) Мұхаммед Пайғамбардан (ﷺ)  дүйсенбі күнгі ораза жайлы сұралғандығын хабарлаған. Ол (ﷺ)  былай жауап берген: «Бұл – менің жарық дүние есігін ашқан күнім және маған ең алғаш уахи түсірілген күн» (Сахих Муслим).

Осы ай құрметті де қасиетті саналып келеді. Сол себепті барша мсылман халқы Мәулітті тойлағанда жан-жағына көркем мінез танытуға талпынады. Әрбір азамат осы бір қасиетті күндерде Аллаға құлшылық етіп, Пайғамбарымызға (ﷺ) салауаттар айтқаны жөн. Отбасы, туыс, ағайын, жолдас, көрші секілді жүрген ортасына ислам дінінің көркемдігін өз әрекетімен, көркем мінезімен көрсете білуі қажет.

Бірде бір сахаба уағыз айтып отырған Пайғамбарымызға (ﷺ) келіп Қиямет жайлы сұрайды. «Сен оған не дайындадың?»-, деп сұрады Пайғамбар (ﷺ). Ол болса: «Мен көп құлшылық, ораза я болмаса садақа дайындаған жоқпын. Алайда мен Алла мен Оның Елшісін (ﷺ) жақсы көремін»,- деп жауап береді. Сол кезде Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімді жақсы көрсең, сонымен бірге боласың»,- деді.

Осы хадиске сүйене отырып, барша мұсылман бауырларымызды Алланың елшісін (ﷺ) жүрекпен, шын ықыласпен жақсы көріп, құрмет тұтуға шақырамыз.

 

 

Нуров Махмуд қажы Нурұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін