Мәуліт құтты болсын, бауырлар!

Бүкіл мақтау мадақтау Әлемдердің Раббысы болған Алла Тағалаға тән. Алла Тағаланың сүйікті елшісі, адамзаттың ардақтысы, соңғы пайғамбары Мұхаммедке (ﷺ) Алланың сәлемі және мейірімі болсын!

Мұсылман халқы ерекше тойлайтын қасиетті мереке бар. Бұл мәні мен маңызы зор ұлық күн! Пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммед пайғамбардың  (ﷺ) туған уақытына байланысты атап өтілетін күн - Мәуліт деп аталады. Мұсылман жұрты Алла Елшісінің (ﷺ) туылған күніне орай əрбір жылы Рабиул-әууәл айының 12-жұлдызы күні (биыл 2018 жылдың 19-қарашасы) мəуліт мерекесін тойлайды. Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағыналарды білдіреді. Бұл күнді атап өтуде ерекше мән бар. Асыл пайғамбарымызды (ﷺ) жақсы көретінімзге дәлел ретінде, көркем мінезі мен бойындағы көркем қасиеттерін көпке насихаттау арқылы халықтың пайғамбарымызға (ﷺ) деген тура көзқарасын қалыптастырамыз.

 ثَلَاثٌ مَنْ كُنَّ فِيهِ وَجَدَ بِهِنَّ حَلَاوَةَ الإِيمَانِ أَنْ يكون اللهَ وَرَسُولُهُ أَحَبَّ إِلَيْهِ مِنْ مَا سِوَاهُمَا

Яғни: «мына үш нәрсе арқылы адам баласы иманның ләззатын татады: Солардың бірі - Алланы және Оның елшісін өзге нәрселердің барлығынан артық жақсы көру..», - деген.

Ежелгі жыл санау бойынша Мұхаммед (с.ғ.с) Піл жылы (хрис-тиандардың күнтізбесі бойынша 571 жыл, 21 сәуір жұлдызына сәйкес келеді), дүйсенбіде дүниеге келеді. Әмина анасының құрсағында алты айлық болған кезінде: «Құдайдың досы, соңғы пайғамбарға жүкті болдың, есімін Мұхаммед қой», – деген аян етіледі. Мұхаммед сөзінің түбірі – мақтау, ризашылық дегенді білдіреді. Осы сөзден мадақ, Аллаға шүкіршілік ету, ең мақтаулы деген ұғымдар туындайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үш аты бар:  Мұхаммед, Ахмед, Махмұд.

Алла Тағала ең соңғы Елшісін әлемге өз мейірімін түсіру үшін жіберді. Демек, Хазіреті  Мұхаммед (с.ғ.с) дүниеге келген күн – Алланың бүкіл жер жүзіне рақым-мейірімі молынан түскен күн. Рақым-мейірімнің бір ай бойы ерекше нұр боп құйылуы – Он сегіз мың ғаламға берілген зор мүмкіндік. Жарылқау айы. Надандығымызды жойып, қараңғылықтан жарыққа шығуымызға жағдай жасалған мерзім.

Мәулітті тойлау Пайғамбарды (ﷺ) өзімізден де артық жақсы көру керектігін білдірді. Ал Пайғамбарымыз иманның ләззаты жөнінде:

Сахабалар Мұхаммед пайғамбарды (ﷺ) ерекше жақсыы көріп, құрмет көрсеткен. Әлиден (р.а.):  «Сендер Пайғамбарды қалай жақсы көруші едіңдер?», - деп сұраған кезде ол кісі: «Шөл далада қалған кісі бір жұтым суды қалай жақсы көрсе, біз де Пайғамбарды солай жақсы көреміз!» - деген. Әйел сахабалардың да Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігі шексіз еді. Ухуд шайқасында жан алысып, жан берісіп жатқан кезде Пайғамбарымыз: «Оң жағымда да, сол жағымда да сол Нәсибаны көрдім», – дейді. Ол да жараланады. Өзінің баласы Абдулла жарақаттанады, сонда баласына: «Ей балапаным, Алланың Елшісін қорға» – деді. Сонда Пайғамбарымыз: «Уа, Алла! Мына отбасын берекетті ет!» – деді. Умму Умара анамыз (р.а.): «Уа, Алланың елшісі! Сіз дұға жасаңыз, Алла мені сізбен Жәннатта көрші етсін», – деді. Пайғамбарымыз: «Уа, Алла! Мыналарды Жәннатта менімен көрші ет!» – деді. Әлгі анамыз: «Болды, енді менің арманым жоқ, Жәннатта сізбен бірге болсам, бұл қиыншылықтар мен үшін ештеңе емес», – деген болатын.

Сүйікті Пайғамбарымызды  (ﷺ) өз ата-анамызды танығандай танып, жақсы көру парызымыз. Осы жайлы хадисте: «Сіздердің ешқайсыларыңыз мені өз ата-анасынан, балаларынан және барлық адамдардан артық көрмейінше иман келтіре ал-майсыздар» – делінген.

19-шы қараша күні кіретін Мәуліт мерекесі мұсылман жұрты ұзақ уақытқа тойлайды. Тойлау деген бүгінгіше дастархан жайып, көңіл көтеру емес, керісінше ай бойы жақсы амалдар жасау! Пайғамбарымызға (ﷺ) салауат айтып, сүннет амалдарды орындау қажет. Тура жолға салар хаө дінімізді көпке үлгі етіп, Мәуліт бойынша  игі амалдар атөарған абзал.

Еліміздегі барша мет қабырғаларында Мәуліт мерекесі салтанатты түрде аталып өтеді. Иманымызды нығайтып, құлшылығымызды арттыратын осындай мерейлі күні Мәуліт аталып өтер іс-шараға баруға шақырамын. Бұл айда жасалған қайырымдылықтың сауабы да ереше болары сөзсіз. Жақсылықтың жаршысы болуға жазсын бәрімізді!

Ізгілікті шын ниетімізден қабыл көріп, құлшылық етсек, Жаратқанның шапағаты мол екені хақ. Ең бастысы, ниетіміз ақ, жүрегімізге иманды ұялата алсақ жарар еді.

Барша оқырманды тағы да Мәуліт мерекесімен құттықтаймын! Алла жасаған құлшылықтарымызды қабыл етіп, шексіз сауаптан бергей!

 

Нуров Махмуд қажы Нурұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

 

 

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін