Ермек Мұқатай: ҚМДБ - Хақ діннің қарыштап дамуына мүдделі

Ермек Мұқатай, ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы, Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы

 - Ермек қажы, өткен қыстоқсанның басында ҚМДБ кезекті VIII құрылтайын өткізді. Құрылтайда төраға болып Серікбай қажы Сатыбалдыұлы сайланды. Сондай-ақ, ҚМДБ-ның жаңа басшылық құрамы бекітілді. Осы жаңа құрам өз жұмысын жаңа бір серпінмен бастаған сыңайлы. Сіз не айтасыз?

 - Бисмилляхир-Рахманир-Рахим! Иә, ҚМДБ-ның жарғысы бойынша әрбір бес жыл сайын құрылтай өтіп, төраға сайланады. Осыған сәйкес өткен жыл соңында ҚМДБ-ның VIII құрылтайы өтіп, хазірет Серікбай қажы Сатыбалдыұлы Ораз бас муфти болып сайланды. Өз басым Серікбай хазіретті 1995 жылы Ислам институтында оқыған кезден бері танимын. Бізге Серікбай хазірет Құрантану мен тәпсірден дәріс өткен еді. Ол кісі тәжуид ережелерін түсіндіріп, сұңқардай саңқылдаған даусымен Құран оқығанында қырағатына дүйім шәкірт тәнті болушы едік. Хазірет туабітті шешендігімен, тапқырлығымен, бекзат болмысымен біздің буынға алғадай ұстаз бола білді. Жалпы, Серікбай қажының еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бір уығын көтерісіп келе жатқан қаранар азамат екені баршаға аян. Өзіне дейінгі үш муфтидің орынбасары болып қызмет атқарып, бірталай қайырлы һәм берекелі істердің қозғаушысы бола білді. Серікбай хазірет әбден ысылып, нағыз кемеліне келген шағында ҚМДБ тізгінін қолға алды. Бұйырса, Алаштың бағына туған арда азамат әлі талай іргелі істерге мұрындық болатынына бек сенімдімін. Сондай-ақ, ҚМДБ-ның жаңа құрамындағы Наурызбай Өтпенов, Алау Әділбаев, Бауыржан Есмақан сынды азаматтар да көпшілікке белгілі дін қайраткерлері деп есептеймін.

 - Серікбай қажы Сатыбалдыұлы алғашқы алқалы жиынды Түркістан қаласынан бастады. Түркістандағы конференцияда қандай мәселелер көтерілді?

 - ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен Түркістан қаласында 24 қаңтарда «Ислам және ұлы дала өркениеті» тақырып аясында республикалық конференция өтті. Конференцияға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің лауазымды басшылары, ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің мүшелері, теолог-ғалымдар, дін қызметкерлері қатысты. Конференцияның мақсаты – Исламның дамуына үлес қосу, қазақ топырағынан шыққан танымал діни тұлғалардың еңбегін насихаттау, рухани біртұтас қоғам құруға үлес қосу, жастардың діни көзқарасының радикалдануына жол бермеу, түркі-мұсылман жұртшылығының Ислам дінін қабылдауына ерекше ықпал еткен Қ.А. Яссауидің шығармаларын өскелең ұрпаққа өнеге ету, дін мен дәстүрді жаңғырту т.б. мәселелер көтерілді.

Конференцияда бас муфти Серікбай Ораз: «Иә, өткен өмір өнегесі мен тарих тағылымынсыз болашаққа бағдар жасай алмаймыз. Тарих – бұл біздің қазыналы қойнауымыз. Халқымыз сол тарих қатпарынан мол тәжірибе жинап, Хақ дін – исламмен қауышты, ұлт болып ұйысты, мемлекет болып қалыптасты. Қазақ халқы ұшса құстың қанаты талатын осыншама ұланғайыр аймақты тарихтың әртүрлі кезеңдерінде бауырына басты. Ұлттық өнер мен спорт, халық фольклоры мен бай эпостық жырларымыз, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып заңдарымыз, көне жәдігерлер мен ескі шаһарларымызды және т.б. рухани құндылықтарды – Тәңір-Тағалаға мың да бір шүкір, тарлан тарихтың бізге қалдырған тартуы деп білеміз. Бір сөзбен айтқанда, біз тарихымызды қастерлемесек, рухани жаңғыра алмаймыз» деп даму үшін алдымен өткеннің өнегесі мен уызына қанығу керектігін алға тартты. Ерекше атап өтер жайт, алқалы жиында ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Қазақстан және Орталық Азияда біртұтас мұсылман үмбетін қалыптастыру үшін ежелгі Мәураннахр мектебінің рөлін қайта жаңғыртуды ұсынды. Қазір біз сүнниттік Ханафи мәзһабын ұстанамыз деп жиі айтамыз. Осы Ханафи мәзһабының дамуына Мәураннхрдан шыққан Маргинани, Дабуси, ас-Сарахси, Бәздауи және т.б. ғұламалар елеулі еңбек сіңірген. Ал, Ханафи мәзһабының кәламдық жүйесін қалыптастырған Матуриди, Нәсафи, Тафтазани және т.б. мутакәлимдер Орта Азиядан шыққан. Бір сөзбен айтқанда, осы ғұламалардың сара жолы ғылыми әдебиеттерде – Мәураннахр мектебі деп аталады. Түркістандағы конференцияда осы Мәураннахр мектебінің рөлін қайта жаңғырту мәселесі сөз болды.

 - Кешегі апта Астанада өткен халықаралық форумда да Мәураннахр мектебін қайта жаңғырту сөз болды емес пе?

 - Иә, Наурыздың 2-і күні Астана қаласында ҚМДБ-ның бастамасымен «Еуразия кеңістігіндегі Ислам өркениеті: өткені, бүгіні және болашағы» атты тақырып аясында 21 елден шақырылған мұсылман ғұламаларының форумы өтті. Халықаралық форумға ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Сенат және Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Еуразияның 21 елінен 35-тен астам делегат, еліміздің беделді дін ғалымдары мен Ғұламалар кеңесінің мүшелері, ұзын-ырғасы 250-ден астам адам қатысты.

Жалпы, Еуразия құрылығында халықаралық масштабтағы мұсылман ғұламаларының форумы бірінші рет өтті. Форумда бас муфти Серікбай қажы бүгінгі күн тәртібінде тұрған соқталы деген мәселелердің күрмеуін ағытудың жолдарын дөп басып көрсетті. Әсіресе Серікбай қажының «қандай жағдайда дінді саясиландыруға жол бермеу» жөнінде айтқан тұжырымы форум делегаттарының қызу қолдауына ие болды. Әлбетте, ҚМДБ төрағасы, бас муфти Серікбай қажының көрегендігінің арқасында осындай халықаралық деңгейдегі діни құрапатты өткіздік. Форум соңында делегаттар Еуразия мұсылман ғұламаларының Хатшылығын құруға уағдаласты. Бұл Хатшылық алдағы уақытта Маураннахр мектебінің рөлін жаңғырта отырып, Ханафи мәзһабының ортақ кеңістігін құруды көздейді. Біз үшін бұл үлкен жетістік дер ем. Өйткені, Астанада құрылатын Хатшылық өзінің жұмсақ ұстанымымен ерекшеленді әрі Ханафи мәзһабының атынан қатқылдау пәтуалар шығарып жүрген Үндістан мен Пәкістандағы Деобенд мектебіне балама орталық болады деп ойлаймын. Әсілі, бұл жиын бастамасы ғана. Бұйырса, сәтін салса, форум дәстүрлі түрде өткізілетін болады. Алдағы уақытта бүгінгі іс-шаралардың жемісін көретін боламыз.  

 - Жиында Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаев және Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев та форум жұмысына сәттілік тіледі. Соған қарағанда ҚМДБ-ның бұл бастамасын билік те қолдаған сияқты ма?

 - Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде елімізде мыңда­ған мешіттің жұмыс істеп тұрғанын, Қа­зақстан халқының 75 пайыздан астамы ислам дінін ұстана­тындығын, қазақ халқының мың жылдан астам уақыттан бері мұсылман екендігін атап өтті. Дін істер және азаматтық қо­ғам министрі Нұрлан Ермекбаев «Ислам дінінің сенімі мен моральды-этикалық нормалары Құранда айтылғандай, адамды бірлікке, бейбітсүйгіштікке, қайырымдылық пен төзімділікке үйретеді. Ислам діні басқаша ойлайтындарға төзімділік көр­сетуді, ойлау еркіндігін ғасырлар бойы көрсете білді» дей келе, исламфобиялық ойындарға жол бермеу керектігі туралы – «біз бірлескен күш-жігерімізбен бей­бітшілік, ізгілік пен әділеттілік діні ретінде исламның оң имиджін нығайтуға тиіспіз» деп ой түйіндеді.

Иә, тоқ етерін айтқанда, мемлекеттік лауазым иелері мен дінбасының ойлары бір жерден шығып жатты. Сөз жоқ, осы жетістіктің бәрі әуелі Алланың жар болуымен, сосын кез келген істің қыбын таба білетін Серікбай қажының сарабдал ұстанымының арқасында болды деп айта аламыз.

 - Әңгімеңізге рахмет!

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін