Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Бала тәрбиесі-ана құрсағынан бастау алады
21 тамыз, 2014 жыл 317 Басып шығару нұсқасы

Бала тәрбиесі-ана құрсағынан бастау аладыҚазақ халқы әуелден-ақ бала тәрбиесіне айрықша мән беріп, оны ата-ананың борышы санаған. Өйткені, бала– болашақ иесі. Оны Алла Тағала жаратқанда жаман болсын деген жоқ. Сол себепті келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік әрдайым сын саналған. Баланы өсіріп-жетілдіру, ел қатарына қосу, тәрбиелеу-елдік мәселе. Оның алдан күткен бағыты, үміті күмәнді болса, не болмақ? Сол үшін де халқымыз бала тәрбиесін жөргегінен бастаған деседі. Жөргегінен емес-ау, сонау ана құрсағынан басталатынын бірі білсе, бірі білмейді. Осы сөзімізге дәлел боларлық мына бір ғибратты әңгімені оқырмандарымызға ұсынғанды жөн көрдік. Ертеде Ыстанбұл шаһарында Сүлеймения мен Шазадабасы мешіттері арасында Уфа хазіретінің қабірі бар. Өз заманында аты баршаға мәшһүр болған бұл кісі бай мен кедейге бірдей мейірбан да, әділ болған. Күндердің күнінде бір сүт сатушы әйел Уфа хазіреттің құзырына келіп, тізе бүгіп отырады. Оның түрінен бір қиын жағдайға тап болғанын байқаған хазірет сатушыдан:
-Балам, бір бұйымтаймен келдің бе?-деп сұрады.
-Тақсыр, сізге қалай айтарымды да білмей отырмын, -деп бастады сатушы.
-Қымсынбай айта бер,- деді.
-Мен сүт сатып күнелтіп жүрген адаммын. Сіздің ұлыныз менің сүт тасып жүрген шелегімді тесіп тастады. Бүгін, міне, алтыншы шелегімді бізбен тағы да тесті. Өзіңіз көріп отырғандай, мен бір кембағал жанмын. Енді не істерімді білмей отырмын,- деді сатушы.
-Баламның тентектігі үшін кшірім өтінемін. Сен, оған қайғырма, бір мәнісі болар. Әзірге мына ақшаға бір шелек ала тұр. Мен істің себебін анықтаймын,- деп сатушыға азын-аулақ ақша ұстатады.
Сатушы одан сайын қысылып, басын көтермеген күйде алғысын айтып үйден шығып кетті. Уфа хазіреті үйіне жеткенше «Балам неге мұндай бұзақы іске барды екен? Оған не себеп болды?» деп ойлаумен болды. Үйіне келісімен әйелін шақырып:
-Ақылдасатын шаруа бар. Біздің баламыз бір бейтаныс сүт сатушының шелегін тесіп, бұзақылық жасапты. Бұған не себеп болды екен? –дейді. Әйелі:
-Үйге азық-түлік сіз алып келесіз. Егер арам нәпақаның кесірінен болса, оған сіз кінәлісіз,-деді. Ол кісі байсалдылықпен әйеліне:
-Мен көп ойландым, бірақ қандай қателік жасағанымды білмедім. Сен де жақсылап есіңе түсірші. Біз баланы тәрбиелеуде қандай қателікке бой алдырдық? Сенен яки менен болуы мүмкін,- деді. Әйелі сыртқа шығып кетіп, көп ұзамай қайта кіріп:
-Отағасы, менің есіме түсті,-деді басын түсіріп. –Мен осы балама аяғым ауыр кезімде көрші әйел тамаққа шақырған болатын. Сол үйде қонақта отырып, дастархан үстіндегі апельсинге көзім түсіп, көңілім қалап жегім келді. Сол жерде үлкен әжелердің: «Аяғы ауыр келіншек жерік болған нәрсесінен ауыз тимесе, баласы әлжуаз болып туылады» деген сөзі есіме түскені. Жеріктіктен және оған қоса үлкендердің айтылған сөзінен соң ойланып қалдым. Жегім келіп қызығып отырғаным тағы бар. Бірақ, үй иесінен сұрауға ыңғайсыздандым. Сосын оған бір шыны су алып келіуін сұрадым. Осы сәтті пайдаланып, жағамда түйреулі тұрған түйрегішпен әлгі апельсинді тесіп, сорып ішіп үлгеріп едім дейді. Құрсақта жатқан балама рұқсатсыз алған олқы әрекетіммен өрескел тәрбие көрсеткен екенмін ғой, - деді.
-Міне, бар бәле, бар кілтипанның көкесі де осындай ғой. Енді сенің қателік жасағаның белгілі болды. Сен, тез арада сол көршіден барып, кешірім сұра,-деді Уфа хазреті.
-Қойыңызшы, арада қанша уақыт өткенде сол болмшы нәрсеге бола қалай кешірім сұраймын?- деп жұбайы наразылық білдірді.
-Жоқ, ол көрші әйелден міндетті түрде кешірім сұрауың керек. Алла Тағала алдында біреудің ақысының үлкенді-кішісі болмайды. Сен не болып жатқанын білесің бе? Біздің ұлымыз қазір небәрі алты жаста. Болашақта осы әрекетін көрсетпесесіне кім кепіл? Балымызға ақырын түсіндіріп, өзгенің затына қол тигізбеуді үйретіп қояйық. Сен тездетіп көрші әйлге бар, - деді.
Міне, оқырман келтірген мысалымыз арқылы өздеріңізге оймақтай ой сала алдық деп ойлаймыз. Хикая кейіпкері тақуа, Уфа хазіреті сияқты әрбір ата-ана бала тәрбиесіндегі кемшілікті өз бойынан іздеп, жіберген ағаттығын түзете білсе, нұр үстіне нұр болмақ. «Ата көрген-оқ жанар, шеше көрген тон пішер» деп бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне әке-шешенің маңызды рөл атқаратынын да дөп басып айтқан. Демек, бала тәрбиесі ана құрсағынан бастау алып, ананың ақ сүтімен дарып, әкеннің үлгі-өнегесімен өріс таппақ. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Әкенің баласы үшін жақсы тәрбие беруден артық сыйы жоқ»,- дегенді ескерейік ағайын.



Шет ауданы мешітінің бас имамы: Берік Алпысбайұлы





Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары