Ертеде мұсылманшылықты берік ұстанған, иман жүзді әйелдің керісінше діннен мүлдем хабары жоқ, дінді түсінгісі келмейтін сотқар күйеуі болыпты. Әлгі діндар әйел қай істі бастаса да «бисмиллаһ» деп барып қана бастайтын. Ал күйеуі оның бұнысына қатты ашуланатын. Сол үшін де әйеліне көрсетпеген қорлығы жоқ еді. Әйелі байғұс күйеуінен көрген дөрекілікке барынша сабыр ететін де тек қана Алла Тағалаға күндіз-түні дұға етіп, күйеуін тура жолға түсіруді тілейтін.
Қабағынан қар жауған күйеуі бір күні тағы да қатты ашуланады. Әйелін осы жолы да ебін тауып сықпыртып алмақ болып, бір айласын жүзеге асырмақ болады. Күйеуі ішінен: «Бұны жақсылап тұрып қатырайын, қайтер екен? Содан соң көрсетейін көресесін»,-деп күбірлейді. Құдай алдында бас иіп иманға келмегендіктен, оның жүрегін әлдеқашан осындай бықсыған арамдық жайлап алған-ды.
Әйелін шақырып оған бір кесе алтын береді де:
– Мынаны бір жерге жасырып қой! – деді. Әйелі күйеуінің айтқанын екі етпестен «бисмиллаһ» деген күйі алтын толы кесені үйдің бір жеріне тығып қояды. Ал күйеуі оны сырттай аңдып тұрып, алтынды әйелінің қайда жасырғандығын біліп алады. Артынша әйелінің көзін ала беріп жасырған жерден алтынды алды да кесесін суы бар терең бір құдыққа тастайды. Арада көп уақыт өтпей әйелін қайта шақырып алады да: – Әнеукүнгі саған берген алтынды қайтып әкел, – дейді. Әйелі жүгіріп барған күйі өзі жасырған жерге «бисмиллаһ» деп қолын сұқты. Әйелдің шын ықылас-пейіліне Алла Тағала разы болғандықтан, Алла Тағаланың құдіретімен бар алтын мұрты бұзылмаған күйі кесесімен бірге сол орнында тұрған болады. Бірақ кеседен су тамшылап тұрады. Әйел кесенің неліктен су болғанын түсінбестен, алтынды алған күйі күйеуіне әкеліп береді.
Алтын толы кесені баз-баяғы қалпында көргенде күйеуі есі шыға таң қалады. Сөйтті де әйелінің жасап жүрген құлшылығына, қиын-қыстауда ниетіне қарап Алла Тағаланың мейріміне бөленетініне көз жеткізді.
Өзінің осы уақытқа дейін көрсеткен қыңыр әрекеттеріне қатты ұялады. Қипақтап әйеліне қараған күйі:
– Саған осы уақытқа дейін қаншама қиянат жасадым. Менің жасаған барлық пендешілік әрекеттерімді кешіре аласың ба? Шынайы пейілмен тәуба етіп, Алла Тағаладан да кешірім сұраймын. Дәл қазіргі сәттен бастап құлшылығымды жасайтын боламын, – деп өзінің дінге деген көзқарасының түбегейлі өзгергенін осылайша жеткізеді.
Сол күннен бастап: – Я, Алла Тағала! Маған о дүние мен бұ дүниемді бақытты ететін діндар әйел нәсіп еткеніңе көп шүкіршілік айтамын. Мені кешіре гөр! – деп көп дұға ететін болды.
Ал оның иманды әйелі болса: – О, Жаратқан! Ертелі-кеш аузымнан тастамайтын дұғамды қабыл алып, күйеуімді тура жолға түсіргеніңе, мейірім-шапағат көрсеткеніңе мың да бір шүкір, – деп дұға жасаған екен.
Пікірлер