Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ЖАНҰЯ ТАЗАЛЫҒЫ
05 қараша, 2014 жыл 96 Басып шығару нұсқасы
q5VBJrKU9MAТазалық – иманнан. Хақ дініміз Ислам біздерді әрдайым тазалыққа шақырады. Себебі дініміз нағыз тазалық діні. Ұлы Раббымыз тазалықты сүйеді. Тирмизи келтірген бір хадисте: «Шын мәнінде Алла – пәк, пәктілікті сүйеді. Өте таза, тазалықты жақсы көреді…» делінген.

Әрбір мұсылман жеке басының тазалығына мән бергені сияқты, жанұясының тазалығына да көңіл аударуы керек. Әрине, тазалық дегенде тек қана заттық емес, рухани тазалыққа да баса назар аударған жөн. Себебі рухани тазалық – бақытты жанұя құрудың басты себепшісі.

Рухани тазалық алдымен жанұяның іргесін имандылыққа, тақуалыққа негіздеп тұрғызумен басталады. Өйткені қандай да бір нәрсе егер тақуалыққа негізделмесе, оның көпке созылмай жығылары ақиқат. Бұл жайлы Құран Кәрімде Алла тағала: «Құрылысының іргетасын Алладан қорқу мен Оның ризалығына негіздеп тұрғызған кісі қайырлы ма, әлде құрылысын жығылғалы тұрған құздың шетіне салып, сонымен бірге өзі де тозаққа құлаған адам қайырлы ма?» («Тәубе» сүресі, 109-аят) деп бізге ой салады.

Жазда ыстықтан, қыста суықтан, жаңбыр, қардан қорғайтын, жұмыстан шаршап-шалдығып келгенде басымызды жұмсақ жастыққа қойып демалатын жылы жайымыз, құтты қонысымыз – тұрып жатқан үйімізді Құран Кәрімнің сүре-аяттарын оқып тұру арқылы және әрдайым Алла тағаланы зікір ету, яғни еске алу арқылы нәрлі де, нұрлы мекенге айналдыруымыз қажет. Себебі, Құран Кәрім оқылмайтын, Алла тағала зікір етілмейтін үй – өлі үй, қабірмен тең. Әбу Муса әл-Ашғари (р.а.) жеткізген бір хадисте: «Алла тағала еске алынатын үй мен Алла еске алынбайтын үй – тірі мен өлі сияқты», - (Мүслим) делінген. Хазрет Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Намаздарыңның бір бөлігін (яғни, нәпілдерді) үйлеріңде оқыңдар. Үйлеріңді мазарат қылмаңдар», - (Мүслим) деген. Сондықтан мұсылман отбасының үйі жиһаз, түрлі техникалық үй жабдықтармен ғана емес, бірінші кезекте Құран Кәрім, Аллаға арналған мінәжат, құлшылықтар және күнделікті оқылатын зікірлермен сәнденуі керек. Міне, сонда ғана үйде құт-береке болады. Ұрыс-жанжал тыйылады. Керісінше, татулық, ынтымақ-бірлік нығаяды.

Сондай-ақ, мұсылман кісі барынша үйінен жын-шайтанды қууы керек. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Расында шайтан сендерге дұшпан. Сендер де оны дұшпан көріңдер!» («Фатыр» сүресі, 6-аят) деп бұйырады. Себебі шайтан адамзаттың әкесі – Адам алейһиссәләмды азғырғаны сияқты, Алланың барлық пендесін азғырып, жолдан тайдыруды қалайды. Өзінің Алланың қарғысына ұшырағаны сияқты, барлығымыздың да Алланың ашу-ызасына ұшырап, лағынеттелгенімізді тілейді. Адамдар арасына іріткі салып, оларды бірін-біріне дұшпан ететін де, жұбайлардың арасын бұзып, ажырасуларына себеп болатын да – шайтан. Сондықтан ол мұсылманның, тіпті барлық адамның дұшпаны. Ешбір адамның өз үйіне дұшпанын кіргізбесі анық. Олай болса, ешбір мұсылманның үйінде жын-шайтанға орын болмауы тиіс. Ешбір мұсылман шайтанның өз үйіне кіруіне жол бермеуі керек.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізге шайтанның қалай қуылатындығын және қандай үйге жақындай алмайтынын айтқан. Бір хадисте: «Үйлеріңді мазаратқа айналдырмаңдар! Расында шайтан «Бақара» сүресі оқылған үйден безеді» (Мүслим) делінген.

Сонымен қатар, әрдайым Алла тағаланы еске алып, зікір-дұға жасап тұратын үйлерде жын-шайтан болмайды. Себебі, Алланың аты әрдайым айтылатын үйде шайтанға орын жоқ. Бір хадисте Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Егер адам үйіне кіргенде және тамағын жер кезінде Алланың атын айтатын болса, шайтан жендеттеріне: «Бұл үйде сендерге жататын жер, жейтін тамақ жоқ» дейді. Ал егер адам үйіне кіргенде және тамақ жегенде, Алланың атын айтпаса, «келіңдер бұл үйде сендерге жататын орын бар, кешкі асқа да үлгердіңдер», дейді» (Мүслим). Осыған орай Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйге кіргенде мына дұғаны айтуды бұйырған:

أَللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ خَيْرَ الْمَوْلِجِ وَخَيْرَ الْمَخْرَجِ، بِسْمِ اللهِ وَلَجْنَا وَبِسْمِ اللهِ خَرَجْنَا وَعَلَى اللهِ رَبِّنَا تَوَكَّلْنَا

Мағынасы: «Уа, Раббым сенен кіретін қайырлы мекен және шығатын қайырлы мекен сұраймын! Алланың атымен кіреміз. Алланың атымен шығамыз. Және Раббымыз бір Аллаға ғана тәуекел еттік».

Үйімізді кірден, ластықтан таза ұстауымыз керек. Себебі, жын-шайтандар кір, лас жерлерді жақсы көреді. Әсіресе тамақ ішетін, жататын орындарды таза ұстау керек. Үйге арақ-шарап кіргізуге тіптім болмайды. Үйге арақ кірді дегенше, үйден береке кетті дей бер. Үйге арақ кіргізгенің, шайтанның жұмысына ортақтастым дегенің. Алла тағала Құранда: «Шайтан арақ арқылы араларыңа бүлік салғысы келеді», – деп ескертеді. Арақ шайтанның жұмысын жеңілдетеді. Сол себепті ешбір мұсылманның үйінде араққа орын болмауы тиіс.

Шайтаннын азғыруынан әрдайым Аллаға сыйыну керек. Себебі шайтанның жамандығынан бір Алла ғана қорғайды. Егер көкейіңізге арам ой салып, азғырмақ болса, дереу Алланы еске алып, Аллаға сыйынуыңыз қажет. Өйткені, Алланың аты айтылғанда шайтан қашады.

Үйде өсек-өтіріктің айтылуына да жол бермеу керек. Себебі шайтан өсек-өтірік айтқан адамның қасынан табылады. Алла тағала Құран Кәрімде: «Саған шайтандардың кімге түсетінін айтайын ба? Шайтандар суайт күнәһарларға түседі», - («Шұғара» сүресі, 222-аят) деп айтады.

Қысқасы, отбасы – мектеп. Балаларымыз алғашқы, тіпті ең басты тәрбиені өз үйінде әке-шешесінен үйренеді. «Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі», деген қанатты сөз бар. Олай болса, балалардың бойына рухани әрі материалдық тазалықты сіңіріп, жақсы тәлім-тәрбие беру әрбір ата-ананың Алла алдындағы және қоғам алдындағы парызы. Алла тағала тура жолынан тайдырмасын!

Ерғали АЛПЫСБАЕВ,
дінтанушы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары