Отбасында тұрмыс-тірлікке, ұсақ-түйекке бола «ыдыс-аяқтың сылдырламауы» үшін не істеу керек? Өкінішке қарай тұрмыстық қиындықтар көптеген шаңырақта ұрыс-керіске жол ашуда. Бірақ бұл себеп қаншалықты шындыққа жақын? Тұрмыс соншалықты қорқынышты қиындық па? Әлде сол отбасы мүшелерінде шыдам-төзім, өзара түсіністік, махаббат, кешірімділік сынды қасиеттер жетіспей ме?
Отбасындағы жұбайлар кей кезде өз міндеттерін дұрыс түсінбей, дұрыс түсінбегеннен де бұрын өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарамай жататыны жасырын емес.
Бәріміз білеміз, ер адамның негізгі міндеті – ақша тауып, отбасын асырау, материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету. Осыдан-ақ түсінікті емес пе, отанасы сол табысты ұқсатып үй шаруасына ие болуы керек. Бұл шариғатта бекітілген талап емес, алайда ері талап еткен жұмысты істеуге жұбайы міндетті. Шариғаттан да бұрын, әйел адамның отбасы, ошақ қасының ұйытқысы болуы салт-дәстүрімізге, тіпті адамзат санасына сіңген дүние. Ғасырлар бойы қалыптасқан үрдісті бүгінгінің ақсаусақ арулары неге қабылдағысы келмейді? Жылдар бойы алаулатып-жалаулатып жүргізілген «гендерлік теңдіктің» салқыны болар.
Отанасының орашолақтығы, үйдегі салақтығы шынымен де шаңырақтың шайқалуына себеп болып жататын жағдайлар аз емес. Уй іші қалай болса солай, бала-шағаның кір-қожалақ жүргені қандай азаматқа ұнасын? Көңіл түкпірінде жинала берген кірбің келе-келе шыдамды шегіне жеткізіп, бұрқ-сарқ ашуға бой алдыртады. Жұбайының бойынан көргісі келген қасиетті таба алмайды. Өз кезегінде ер адам мүмкіндігі болып, қолы қалт ете қалғанда жұбайына үй тірлігінде қолғабыс етуі қажет. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) да жұбайларына қалай көмектескені жөнінде хадистер жетерлік. Үй тірлігінде әйелге көмектесу Пайғамбарымыздың сүннеті. Үй жұмысына көмектесуді намыс көретін ерлер Алла елшісінен әулие емес болар...
Осы орайда әйелдердің ерлерінің тапқан табыстарын азсынып көңілдері толмай жататын жағдайлар өте көп кездеседі. Қанағат жоқ, шүкірліктен күпірлік басым. Әрине әр нәрседе ақыл мен шыдам керек-ақ. Бірақ қазір материалдық құндылықтар алға шығып, отбасылық құндылықтар екінші орынға ысырылғанда кез-келгеннен шыдам мен төзімді талап ету ақымақтық болар. Себебі бүгінгі жұбайлар, яғни кешегі жас бала бойына дұрыс тәрбие негізін қаламағаннан кейін, отбасы құндылығын казір ұғындырып жарытпайтынымыз анық. Жастайынан жүрегіне иман нұрын төкпегеннен кейін де осындай көптеген мәселенің орын алып жатқаны әрине өкінішті-ақ.
Екі жарты бір бүтінге айналып шаңырақ көтергеннен кейін бір-бірінің кемшілігіне түсіністікпен қарап, бір-біріне ойларын ашық жеткізіп, керек уақытында талап та қою керек. Шариғат бойынша жұбайлар бір-біріне мейілінше төзімділік, шыдамдылық танытып, қамқор болып, бір-бірінің жағдайын, жұмысын жеңілдету үшін қолынан келгенді жасауға тиіс. Өйткені ол үшін де Алла Тағаланың сансыз сауабы бар.
Әмина Омарова
Пікірлер