Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ: Қазір бізге заманауи имамдар қажет
03 шілде, 2013 жыл 10 Басып шығару нұсқасы

Ержан Маямеров, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:


Мына дүниенің уақытша қонағы болып жаралған адамзат баласының өмір сүру жолы мен таңдауы әрқилы. Тірліктің қызығымен алданып, қиындығымен күресе жүріп салтанатқа толы сапардың соңына қалай жеткенін білмей, өкініп өткендер қаншама?! Әрбіріміз ішінде ине шаншар бос орны жоқ көлікке мінген жолаушы тәріздіміз. Жанымыздағы жанды емес, өз қамымызды көбірек ойлап, ыңғайлы орын табуға талпынамыз. Бірақ кезегіміз келіп, түсіп қалған шақта ол орынның да, сол үшін болған таластың да артық екенін, бір көліктегі көршілерден қызғыштай қорғап, жылдар бойы жинаған бар байлығымыздың бірін де ала кетпесімізді, екі метр ұзындықпен қазылған қара жерде оның қажеті жоқтығын түсіну, түйсіну оңай емес.



Тәннің емес, жанның бабын табуды қалағанның түбінде ішкі дүниесін мазалаған сауалдармен алыса жүріп, рухани тазаруды іздері анық.


Ислам – қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан дәстүрлі діні. Ол адамзатты тек жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйылуға үндейді. Ислам дінінде озбырлық пен кекшілдікке, зұлымдыққа орын жоқ.



Бірақ әлемде ислам дінінің атын жамылып, көпшілікті адастыруды көздеген алдамшы топтар пайда болып, жеке мүдде мен билікті қалаған қой терісін жамылған қасқырлардың айтқанына арандап қалған жандардың пайда болғаны жасырын емес. «Адасқанның айыбы жоқ қайта үйірін таба алса» демекші, қаракөз қандастарымыздың арасында шынайы ислам жолындамын деп жалған ілімдердің жетегінде кеткен бауырларымыз бар. Олардың көкірегіне шынайы білім сәулесін құйып, «о дүниеде таразы басына адамдық пен жомарттық қойылатынын (хадис)» түсіндіру біздің баршамыздың парызымыз.



Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қалың қауымның үмітпен қарап, олар тарапынан белсенді әрекеттер тосып отырғаны анық. ҚМДБ төрағасы, Бас Мүфти Ержан Маямеровтің жаңа қызметке кіріскеніне көп болған жоқ. Бүгінгідей «дін мәселелерінде ойластырылған қадам және өте мұқияттылық қажет» заманда адаспас шешімдер қабылдайды деп үміттенеміз.



ТІЛ: Құрметті Ержан хазірет, қызметіңіз құтты болсын. Бір шешімінен жүздеген адамның тағдыры таразыға салынатын жауапкершілігі жоғары, салмағы ауыр басқармаға төрағалық етіп отырсыз. Сізден қазіргі қоғамның дертіне дауа, жандары жаралы қауымдастарымызға шипа сыйлайтын үлкен істер күтеміз.


— Сенімдеріңізге рахмет! Жалпы, мен өз өмірімде екі дүниеде жүгі ауыр, мұндай жауапты үлкен қызметті мақсат еткен жан емеспін. Алладан қызмет сұрау – шариғатта құпталатын іс емес. Алла Елшісі Абдуррахман атты сахабасына: «Уа, Абдуррахман ибн Самура! Сен басшылықты ешқашан сұрама! Кім де кім басшылықты сұраса, Алла Тағаланың жәрдемінен мақұрым қалып, істің барлық ауыртпалығы өзіне жүктеледі. Ал кімге сұрамастан, өзінің қалауынсыз берілсе, ондай адамға Алланың жәрдемі мен көмегі болады», – деген болатын.


Құрылтай делегаттары сенім білдіріп мені осындай жауапты қызметке ұсынып, бірауыздан қолдады. Халықты игілікке шақырып, жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыюға тырысып келе жатқан жан ретінде Жаратқаннан жәрдем тілей отырып, бар қажыр-қайратымды, білімімді ел мен дін игілігіне жұмсағым келеді. Қазақта «жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» деген аталы сөз бар. Сондықтан, дін мамандарымен бірігіп, бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай дін ісіне жұмыла кірісетін болсақ, бұл аманатты адал атқарамыз деп сенемін.


ТІЛ: Хадистердің бірінде: «Баршаң да қарамағыңа жауаптысыңдар. Ел басшысы – қарамағына жауапты. Ер адам отбасына жауапты. Әйел – отбасы, ошақ қасына, ерінің меншігіне жауапты» деген жері бар. Халықтың аманатын арқалаған жанның жеке өмірі көпшіліктің көзінен тыс қалмасы анық. Сіздің өмірбаяныңыздың кей беттерін парақтап өтсек.


– Ең әуелі отбасылық жағдайымды айтар болсам, үйленгенмін, үш балам бар. Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келгенмін. Үржар ауданы, Мақаншы ауылындағы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепті тәмамдадым. Ел қатарлы әскерге барып, Отан алдындағы әскери борышымды өтеп келдім. Әскерден оралған соң, жүрегім жай таппай, өмірден алар орным туралы көп ойландым. «Жүректер тек қана Аллаһты еске алу арқылы жай табады» дегендей, Ұлы Жаратушының жолына өмірімді арнауға шешім қабылдадым. 1993 жылы Мысырдағы Әл-Азһар университетіне аттанып, 2006 жылы аталмыш университеттің шариғат және заң факультетін тәмамдадым. Одан кейін екі жыл Мысыр елі мүфтиятының пәтуа шығару бөлімінде білім алып, тәжірибеден өттім. Елге оралған соң Семейде әуелі қалалық мешітте имамдық қазмет атқардым. Кейіннен Семей өңірінің бас имамы болып жұмыс істеп келдім.


ТІЛ: есептеп отырсақ, шетелде он жылдан аса уақыт білім алып, тәжірибеден өткен екенсіз. Солай бола тұра не себепті ҚМДБ аппаратында қызмет атқармай, келе сала қалалық, одан соң өңірлік мешітке кеттіңіз?


– Бұл жерде бірнеше жыл бойы шетелден жоғары білім алып, тәжірибеден өтіп келген білікті мамандардың бәрі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аппаратында жұмыс істеуі тиіс деген ұғым болмауы керек. Себебі, өңірлерімізге де сапалы дін мамандары қажет.


Ал «не себепті ҚМДБ аппаратында қалмадыңыз?» деген сұрағыңызға келер болсақ, оқу бітіріп елге оралған кезімде Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет: «Ержан, сен Діни басқарманың ішінде қалуың қажет. Бір бөлімді басқар. Бізге пәтуа шығаратын адамдар керек», – деп ұсыныс жасаған еді. Мен: «Құрметті Әбсаттар қажы, мен сонау Семей жерінен оқуға аттанғанда жергілікті халық «Ержан, ертең оқу бітіріп келгеннен кейін туған жерге қайта оралып, алған біліміңмен осы жерге қызмет ет, айналаңдағы бауырларыңды тәрбиеле. Бұл сөзімізді аманат деп біл» деп шығарып салған еді. Мен сол ақсақалдардың аманатын жерге тастамай, рұқсат етсеңіз, ұшқан ұяма барайын. Қандай қызмет ұсынсаңыз да, соған риза болып, аз да болса оқыған тоқығанымды еліме барып жеткізейін», – деген едім. Әбсаттар қажы бұл ниетімді бірден қолдап, Семейге жіберді. Еңбек жолымның «бісмілләсін» сол жерде бастау себебім осы.


ТІЛ: Қазақта: «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» деген сөз бар. Ақсақалдардың батасы болар, міне, бүгінде қырық жастан асқан шағыңызда Қазақстан күллі мұсылмандарының қара шаңырағы діни басқарманың тізгінін қолға алдыңыз. ҚМДБ-ны қандай өзгерістер мен реформалар күтіп тұр?


– Шынын айту керек, Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттің кезінде де дін істері өркендеп, айтарлықтай дамыды.


Десек те, дін саласы үнемі дамытуды, жетілдіруді, жаңғыртуды қажет етеді. Сондықтан да, алда әлі талай бағындыруы тиіс биік белестер тұр. Соның бірі – дін ғылымы саласы. Сан ғасырлар бойы қаншама дін ғұламаларын, әулие-әнбиелерді тәрбиелеп шығарған қазақ даласының қойнауы толған ғылым. Ұрпақтан ұрпаққа ауызша айту арқылы жеткен рухани қазынамыздың негізгі арқауы – дін болғаны белгілі. Көнеден келе жатқан қаншама діни дастандары, жыр-жауһарлары, фольклорлары бар. Діни оқу ошақтары, зерттелмей жатқан діни еңбектеріміз де жетерлік. Соның бәрін зерттеп, зерделеп, діни, тарихи сананы жаңғыртатын ғылыми-зерттеу орталығын ашуды көздеп отырмыз.


Бұл орталыққа исламтанушы ғалымдардың басын қосып, дәстүрлі Ислам және Ханафи мәзһабы бойынша жазылған еңбектер зерттеліп, зерделенуі, қоғамның түйінді мәселелерін шешетін ғылыми жұмыстар жүргізілуі, тиісті діни пәтуалар дайындалуы қажет. Тіпті бұл орталықтан арнайы студия ашып, жат пиғылды ағымдардың қателіктерін әшкерелейтін аудио, бейне таспалар әзірлеуді де жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ бүгінгі таңда қасиетті Құран кәрімнің жұрт тегіс мойындаған сауатты аудармасы жоқ болып отыр. Ендеше, осы орталық шеңберінде қасиетті Құран кәрімнің қазақ тіліндегі сапалы аудармасын жасау да кезек күттірмейтін жұмыстардың бірі.


ТІЛ: Ғылым даму үшін білікті мамандардың рөлі зор. Ағартушылық жұмыстарды жүргізуге қажетті жоғары білікті діни мамандар жеткілікті ме? Ислам діні – қоғамдағы ғылым мен білімнің дамуына мүдделі дін. Тіпті, айналасын дұшпан қаумалаған небір қиын замандарда да ғылым жолындағы жандардың жұмысын тоқтатпау үшін бар жағдай жасалған. Сондықтан кадр мәселесін шешуді қолға алып отырмыз.


– Еліміздің түпкір-түпкіріндегі, ауыл-аудандардағы мешіттерді жоғары білікті дін мамандарымен қамтамасыз етпесек, діннің жағдайын көтеру мүмкін емес. Ол үшін еліміздегі «Нұр» қазақ ислам университеті мен ҚМДБ-ға қарасты медреселердің білім беру жүйесін одан әрі дамытып, сапасын арттыруымыз қажет.


Қазір бізге ұлттық санасы қалыптасқан, діни білімі терең, интеллектуалы жоғары заманауи имамдар қажет. Имам-молдалардың білімі мен біліктілігін жаңа заманға сай жетілдірудің де өзектілігі анық сезіліп отыр. Сол себепті «ХХІ ғасыр имамы» атты зияткерлік білім сайысын да жуық арада қолға алып, өткізуіміз керек. Сол арқылы имам-молдаларға дін ғылымы мен қатар елдің тарихын, қазақ мақал-мәтелдерін, ұлт көсемдері мен би-шешендерінің даналық ой-тұжырымдарын, діни өлең-жырларын жаттатып, уағыз-насихатты сондай ұлттық құндылықтармен тұздықтап отыруға машықтандырамыз. Осындай білім сайыстарының дін қызметкерлерінің бүгінгі қоғамның сұранысына сай білім ізденуіне, өздерін өздері қамшылап дамуына, ой өрістерінің үнемі кеңеюіне септігі тиер еді деп ойлаймын.


ТІЛ: жоспарларыңызда діни басқарманы елордаға көшіру мәселесі бар ма?


– Діни басқарманы Астана қаласына көшіру мәселесін де қарастырып жатырмыз. Өйткені көп саланың басшылығы бүгінде Елордада шоғырланып отырғаны белгілі. Діни саланың да сол жерден басқарылып, жүргізілгені оң болар деген пікірдемін.


ТІЛ: Елбасы өзінің 2050 жылға дейінгі стратегиясында: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз», – деген еді. Сол иммунитетті көтеру жұмысының бір ұшы ҚМДБ-ға да тиесілі екені белгілі. Ендеше қазақ жастарының діни сауатын көтеру үшін қандай шаралар атқарылуы тиіс деп ойлайсыз?


– Өздеріңіз білесіздер, дүниені жайлап жатқан жаһандану үрдісі арқылы келіп жатқан ақпарат ағыны еліміздің де рухани дүниесі мен салт-санасына кері әсер етіп отыр. Ғаламтор беттеріндегі жат ағымдардың теріс уағыздары бұғанасы бекіп, қанаты қатаймаған жастарымыздың санасын улап жатыр. Әсіресе еліміздің батысында дін атын жамылған саяси күштердің арбауына іліккен бауырларымыздың саны арта түскендігі баршамызды алаңдатуда.


Ендеше, халқымыздың теріс ағымдарға қарсы иммунитетін қалыптастырудың негізгі тетігі – діни ағартушылық. Ол үшін, тағы да айтамын, білікті де білімді жас мамандарды көптеп даярлап, еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық мешітті сондай сауатты кадрлармен қамтамасыз етуіміз қажет. Сонда ғана ата-бабамыз ғасырлар бойы діни дүрдараздыққа жол бермей ұстанып келген дәстүрлі дініміз халық санасында орнығып, теріс ағымдардың жолы жабылмақ.


Жастардың экстремисттік ағымдарға ілесіп кетпеуіне жол бермеудің тағы бір тәсілі бұқаралық ақпарат құралдарын тиімді пайдалану. Өкінішке қарай, бүгінде дәстүрлі дініміздің телеарна, радиолар арқылы насихатталуы мен арнайы діни бағдарламалардың түсірілуі ақсап тұр. Көптеген телеарналар мұндай тақырыптан қашуға тырысады. Сол себепті дін насихаты халыққа тиісті деңгейде жетпейді. Осыған қатысты үкіметке бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы діни тақырыптардың жоспарын жүктеп, бекітіп берсе деген ұсыныс айтқым келеді. Егер телеарналардан белгілі бір жүйеде дәстүрлі дініміз насихатталып, адастырушы ағымдардан сақтандыру мақсатында дін өкілдері қатысқан арнайы бағдарламалар көрсетіліп тұрса, бұдан ойдағыдай нәтиже шығады деп ойлаймын. Телеарна, радио демекші, ҚМДБ өзінің телеарнасы мен радиосын ашу қажеттігі туып отыр. Әзірге телеарна ашпасақ та, бүкіл елге тарайтын ислами, рухани радио торабын ашу жоспарда бар. Өйткені, қалада да, далада да, үйде де, көлікте де жұрт радио тыңдайтыны белгілі. Ендеше радио арқылы бір сәтте миллиондаған отандастарымызға имандылықты насихаттауға мүмкіндік туады. Қазақтың данышпандарынан қалған аталы сөздермен сабақтастыра отырып, имани құндылықтарды уағыздайтын болсақ, көптеген әлеуметтік түйткілдер өздігінен шешіле бастайды. Қылмыс азайып, жастардың тәрбиесі де күшейе түседі деген ойдамыз. Егер мемлекеттің өзі мұндай радио мен телеарнаға қаржылай қолдау көрсететін болса, одан еш ұтылмайды. Себебі, келешек ұрпақ тәрбиесі үшін жасалатын мұндай жобаларға қазір қолдау танытпасақ, келешекте экстремизм, терроризм секілді қылмыстардың кесірінен бұл қаржы жүз есе шығынмен зая кетеді.


ТІЛ: құрылтайда сөз алған дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шәріп ҚМДБ-ны Үкімет әзірлеп жатқан терроризм және экстремизмге қарсы мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға атсалысуға шақырды. Осыған қатысты қандай жоспарлар бар?


– Үкімет әзірлеп жатқан бұл бағдарламаның жүзеге асуына мемлекеттік мекемелер ғана жауапты емес. Бұл бағдарлама қоғамның әр сатысына, әр мүшесіне қатысты. Себебі, бейбітшілік пен елдің тыныштығы баршамызға ортақ.


Рас, соңғы кездері елімізде экстремисттік және террористік оқиғалар бой көрсетіп қалуда. Мұндай жағдайларға көбіне өзге ағымның шылауына оратылып жатқандар барады. Ал ол секталар сырттан кейбір өз бетімен білім алып келген жастардың ықпалымен күш алды. Сондықтан да, бізге ең әуелі шетелге білім алуға шығатын жастарды қадағалау керек. Оны Елбасы да өткен кездесуде айтқан болатын. Яғни, сыртқа білім алуға шығатын жастардың қай жерде қандай білім алып жатқанын бақылау қажет. Бұл істі мұқият қадағалау қажет. Ең әуелі, қай елде, қандай оқу орнында білім алу қазақ жастарына тиімді екенін белгілеуіміз керек. Одан кейін шетелге діни оқуға кететін жастар ҚМДБ-ның рұқсатымен жіберілуі тиіс. Сондай-ақ, шетелге «буыны бекімеген» жастарды емес, оң-солын танитын, дәстүрімізді бойына сіңірген, ұлттық санасы қалыптасқан өз медіреселеріміздің шәкірттерін іріктеп жіберуіміз қажет. Ондай бала шетелге шыққан соң түрлі ағымдардың ықпалына түспейді, тасадан соққан желдің ығына жығылмайды.


ТІЛ: Бүгінде ислам дініне бет бұрған қыз-келіншектердің орамал тағуы да өткір тұрған өзекті мәселеге айналды. Осыған байланысты ой-пікірлеріңізді бөліссеңіз.


– Шындығында, қыз-келіншектердің бөгде еркектердің алдында Құран мен хадистерде білдірілген жабылуға тиіс жерлерін қымтап, жауып жүруі парыз. Бірақ Құран да, хадистерде де киімнің түсі қара болсын немесе нақты бір пішінде болсын деген қатаң талап жоқ. Пәренже киіп, бетті түгелдей жауып жүру де парыз емес. Ендеше, шариғат талабы мен заманға сай сәнді, жүріп-тұруға ыңғайлы киімдер тіктіріп киюге дініміз рұқсат етеді. Қазақ қыздарының шариғатқа сай сәукеле, тағы басқа киім түрлерін кигені тарихтан белгілі. Ал келін болып түскеннен кейін киіле бастайтын кимешек те осы шариғат шәлісінің қазақы нұсқасы деп айтуға толық негіз бар.


Міне, осыны ескерген ҚМДБ «Әсем киім – әйел көркі 2011» атты байқау ұйымдастырғаны есіңізде болар. Байқауға ұсынылған киімдер ең әуелі шариғатқа сай келсін, қазақы оюлармен, сән өрнектерімен нақышталсын және күнделікті киіп жүргенге ыңғайлы заманауи болсын деген талаптар қойылды. Байқау қоржынына небір әсем киім үлгілері түскен болатын. Енді осындай байқауларды жиі ұйымдастырып, тіпті үздік киім үлгілерін өндіріске шығару жағын қарастыруымыз қажет.


Шариғат талабын орындағысы келетін қыз, келіншектерге орамалыңды шеш деу заңға да шариғатқа да қайшы. Олай болса, бұл мәселені оңтайлы шешудің бұдан өзге жолы жоқ.


ТІЛ: Сұхбатыңызға рахмет!



«Тіл» журналы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары