Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Даналықты қалыптастырушы факторлар
22 маусым, 2021 жыл 291 Басып шығару нұсқасы

 

         Қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрі Ислам құндылықтарына негізделген. Біз дін мен дәстүрді даналықпен үйлестіріп, өнегелі өмір сүрген халықпыз. Даналық дегеніміз – әрбір істі өзіне қатысты орнына қоя білу. Бұл айтылған анықтамаға сай қандай адаммен қалай сөйлесуді, бір мәселені қалай жеткізуді, қай жерде не айту керектігін білетін адамды «дана адам» дейді. Яғни, білім мен ақыл арқылы дұрыс шешім қабылдау. Даналықтың тәні «талап, еңбек, терең ой, ар-намыс, ынсап, сабыр ғой», жаны - туралық пен әділетте,

 

 

сезімі - рух, ыстық жүрек, өң-шырайда, тегі - ынсап пен рахаттану да, адалдық үшін күресте. Алла Тағала Құран Кәрімнің Бақара сүресінің 269 шы аятында: «(Алла Тағала) кімге қаласа даналық береді. Ал кімге даналық берілсе

 

, оған көптеген игілік берілген болады. Бұны ақыл иелері ғана түсіне алады.» – деген.  Даналық – барша Пайғамбарлардың бойында болған сипат. Пайғамбарлар адамдарға насихатшы әрі ескертуші. Насихаттың бір шарты болса – даналық. Құран Алла Тағала көптеген Пайғамбарларды даналық сипатымен сипаттаған. Мысалы Құрандағы «Әнбия» сүресінің 78-79 – шы аяттарында:  «Дәуіт пен Сүлейменді есіңе ал! Кезінде адамдардың қойы түсіп кеткен егінге қатысты ол екеуі үкім шығарған еді. Біз олардың үкім шығарғанына куә болдық. Сонда оны Сүлейменнің көкейіне салдық. Әрқайсысына үкім шығаратын қабілет (даналық) пен білім бердік» – деп айтқан. білім ақпарат болса, оны дұрыс пайдалана білу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Алла Тағала Өзінің жолына біліммен емес, «даналықпен шақыр» деп бұйырған. Өйткені әрбір адамға қандай да бір мағлұмат жеткізбес бұрын, оның жас ерекшелігін, қызығушылығын, танымын, психологиясын т.б жеке қасиеттерін білу аса маңызды. Әрбір орта, қоғам, халықпен тілдесерде де ол халықтық ұстанымын, түсінігін, салт-дәстүрін т.б өзіндік ерекшеліктерін ескеру де осы секілді. Даналыққа қатысты мынандай бір аңыз әңгіме де бар. Құдай Тағала Жерде жәннатты орнату үшін алғашқы адамға Даналық белбеуін сыйға тартып, былай деп кеңес берді: «Бұл белбеуді ешқашан тастамай тағып жүр, сонда әрдайым дұрыс шешім қабылдайсың! Ал егер сен одан айырылсаң, ол өзіне берілген қасиетін жоғалтып, ғайып болады». Даналық белбеуінің арқасында алғашқы адам үлкен жетістіктерге жетті. Барлық адамдарды біріктіру, оларды жермен, жұмыспен, алаңсыз бақытты өмірмен қамтамасыз ету, армандарын орындау оның қолынан келді, сондықтан адамдар алғашқы адамды жақсы көрді. Өздерінің зор сүйіспеншіліктерін білдіру үшін олар алғашқы адамды тоқтаусыз мақтай берді, көкке көтеріп, қызу сезімнің екпінінде оны тіпті Құдай Тағалаға теңей бастады. Бастапқыда ол мадақтарды қабылдамайтын, бірақ бертін келе, құлаққа жағымды тәтті сөздерге үйреніп те кетті, тағы біраз уақыт өте келе оған халықтың осыншама ыстық ықыласы мен мақтаулары ұнай бастады, ақыр аяғында ол өзінің талассыз дұрыстығына, өзінің бастапқы даналығына және ақылдығына сенді. Содан соң, өзінің ерекшелігіне берік иланып, алғашқы адам Құдай Тағала сыйлаған даналық белбеуін шешіп тастады. Ол өзіне сенімді болып, өз ақылымен өмір сүруді бастады. Ең алдымен, алғашқы адам өзіне тәттірек және көберек мақтау айтып, оның күн іспеттес екендігін алға тартқан адамдарды жақындатты. Оларға өзінің сенімін сыйлады, билік берді, және сол жағымпаздардан тараған алдамшы мәртебенің сәулесіне батып, алғашқы адам өзін шынайы жақсы көретін, сүйетін өзге адамдарды ұмытты. Өзі сенген адамдар ақырындап биліктің дәмін татқаннан соң, шексіз баи түсті, өзгелердікін тартып алып, адамдарды кемсітіп, қанады. Және бұл іс күннен-күнге бұдан да үлкен ауқымда қайталана берді, ал адамдар осындай жағдайға үйреніп кетті, оларға бұл мәңгілікке созылатындай көрінді.

           Алайда бір күні адамдардың шыдамы шегіне жетті. Олардың барлығы бір адамдай қатыгездікке, озбырлыққа қарсы тұрып, өздерінің наразылықтарын білдіріп, сыбайлас жағымпаздардың тобы мен өздері сенген алғашқы адамды жауапқа тартты. Сонда ол өзімшілдік екпінінде үстінен шешіп, лақтырып тастаған даналық белбеуін есіне түсірді, және оны жанталасып іздей бастады, бірақ текке әуре болды. Шектеусіз мадақтарға қақталып, тұрып қалған алғашқы адамның миы бұл істе көмектесе алмады. Тығырыққа тірелген соң, ол қате шешімдерді бірінен соң бірін қабылдай берді, ақыр соңында адамның барлығы оған деген сенімдерін жоғалтып, алғашқы адамды сыбайластарымен бірге тарих толқынынан лақтырып тастады. Сол кезден бері Құдай Тағала Даналық белбеуін ешкімге бермейтін болды. Ол тек қана өзін және өзін қоршаған әлемді танып-білуге құштар және сол алған білімін халыққа беруге ұмтылған жандарға даналықтың мәнін түсінуге мүмкіндік береді. Құранда даналық сипатымен мақталған құлдарының бірі – Лұқман Хакім. Лұқманның қасына бір кісі келіп, оның осынша даналық қабілетке ие болғанының себебін сұраған кезде: «Алланың жазған тағдыры, аманатқа қиянат жасамадым, сөзде шыншыл болдым, әрі өзіме қатысы жоқ болғанмен айналысудан бас тарттым.» – деген екен. («Бидая уән ниһәя» Ибн Касир 2/224) Дұрыс насихат адамды жақсылыққа жетелеп, жамандықтан тыяды.

        Аз сөйлеп, көп ойлану, адам баласы аузына келген сөзді айта салудан сақ болып, әрбір сөзді ойланып айтуға дағдылануы қажет. Даналықтың көркем үлгісі болған Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бұл турасында: «Кім Аллаға және Қиямет күніне иман еткен болса, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін!» – деп айтқан. (Бұхари 6017, Мүслим 47) Сөзімізді қорытындылай келе, өмір атты даңғыл жолда түрлі қиындықтар мен ауыртпашылыққа ұрынбау мүмкін емес. Бірақ бақытты адамдар мен бақытсыз жандардың айырмашылығы сол қиындықтарды қалай жеңіп, қалай құтылғандығында. Даналық – мұсылмандардың жоғалтқаны, оны қайдан болса да табу қажет. Алла Тағала баршамызға дұрыс сенім, біліммен қатар даналық нәсіп етсін!

 

 

Бейсембаев Дархан Даярбекұлы,

Жезқазған қаласы, Ахмет Ишан Оразайұлы

мешітінің найб имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары