Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Сабырлылықтың уақыты...
12 шілде, 2021 жыл 519 Басып шығару нұсқасы

Сабырлылықтың құндылығы уақытымен өлшенеді. Яғни, басқа түскен қиындыққа дер кезінде сабыр ету. Одан кейінгі сабыр, ол шыдамдылық, көну, шарасыздықпен тең келеді. Сабырлық (صَبْرٌ–сабр) сөзінің тілдік мағынасы–шыдамдылық ету. Шарғи мағынасы – Алла Тағаланың разылығы үшін өмірдегі қиындықтарға төзу, шыдамдылық ету.  Сабырлықтың құндылығы жайлы Құранда тоқсан мәрте атап өтілед. Сол аяттардың бірінде Алла Тағала: «Расында, Алла сабыр етушілермен бірге» ("Бақара сүресі", 153-аят).

Сабырлы болудың үлгісін бізге Ала Елшісі (с.ғ.с.) көрсетіп кетті. Пайғамбарымыздың бүкіл өмірі сабырлылыққа тұнып тұр. «Бірде ансарлардың бір тобы Расулуллаһқа (с.ғ.с.) бір нәрсені сұрап келді. Расулуллаһ (с.ғ.с.) сұраған нәрселерін берді. Ансарлар тағыда келіп сұрады. Расулуллаһ (с.ғ.с.) тағыда берді. Ансарлар бәрін алып біткенге дейін Расулуллаһтан (с.ғ.с.) әлгі нәрсені сұрап ала берді. Бәрін беріп болғаннан кейін Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Мен қолымдағы бар жақсылығымды сендерден қызғанбаймын. Сыпайы болуын қалаған адамды Аллаһ Тағала сыпайы етеді. Біреуге тәуелсіз болуын қалағанды тәуелсіз етеді. Сабырлылық қылғанды сабырлы етеді. Ешбір адамға сабырлықтан артық сый берілмеген»,–деді.

Сабырлы болу – мұң-мұқтажыңды Алладан басқа ешкімге тіс жарып айтпау деген сөз. Бұл туралы Хақ Елшісі (с.ғ.с.) бір хадис-шарифінде: «Табаныңа шөңге кіргенде, Алланың разылығы үшін қаншалықты сабырлық таныта алсаң, саған соншалықты сауап (каффарат) жазылады», – дейді. Яғни, адам жаны күйзеліске ұшыраған сәтте, байбалам салмай, Алланың разылығы үшін барынша байыптылық таныта білсе, одан асқан рухани бай адам жоқ.

 Сабыр – иман қалқаны дейді ғалымдар. Жүректегі иманның толысуы да адам баласы сабырының қаншалықты салмақты екеніне тікелей байланысты болады. «Әли Имран» сүресінің 146-шы аятында: «Алла сабырлыларды жақсы көреді», – делінген. Сондай-ақ, «Сабыр етушілерге берілетін сыйлық есепсіз» екенін де құдіреті шексіз Алла Тағала қасиетті Құран арқылы өз құлдарына сүйіншілей хабарлайды. Қиындықтарға сабыр ету үлкен жақсылыққа кенелуге себеп болса, сары уайымға салынып, сабырсыздық таныту да үлкен бақытсыздыққа жол ашпақ. Сабырсыздық – әлсіздіктің, дәрменсіздіктің белгісі. Кейде ол пендені жаман жолға түсуге, тіпті тағдырға налып, Жаратқанға тіл тигізуге итермелейді. Әлбетте, Алла сүйген құлдарына «Бақара» сүресінің 155-аятында: «Біз сөзсіз сендерді аздап қорқытып та, ашықтырып та, мал-жандарыңды, шаруаларыңды кемітіп те сынаймыз. Сабыр еткендерді қуантып (сүйіншілеп) қой», – дейді. Сонымен қатар: «Әй, мүміндер! Сабырлылық танытып, намазбенен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз, Алла сабыр етушілермен бірге», – дейді «Бақара» сүресінің 153-аятында. 

Бірде Расулалла (с.ғ.с.) жолда кетіп бара жатып, баласының қабірі үстінде айқайлап жылап жатқан бір әйелді кездестірді. Оған: «Алладан қорқып сабыр етіңіз»,-деп насихат айтты. Ал әлгі әйел: «Ары жүр. Өйткені, менің басыма келген бәлекет саған келмеген»,- деді. Ол әйел насихат айтқан кісінің Пайғамбар екенін білмей қалды. Оған «Ол адам Алла Елшісі еді ғой» деген кезде дереу Расулалланың үйіне қарай жүгірді. Пайғамбарымыздың құзырына келіп: «Уа Алланың Елшісі! Сізді танымай қалыппын, кешіріңіз»- деді. Сонда Расулуалла  «Нағыз сабыр-соққының алғаш тиген сәтінде»,  деген болатын (Сахих хадис).

Осы хадистен ұғарымыз, сабырлылықтың құндылығы қиындық басқа түскен сәттегі сабырлылық екен. Сондықтан да сабырлылық адамға сенім ұялататын, болашаққа бағыт сілтейтін, қажыр мен қайрат сыйлайтын ең бір ізгі қасиет болғандықтан, әр кез сабырға ұмтылайық.

 

Нуров Махмуд қажы Нурұлы

Бала қажы мешітінің бас имамы

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары