Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Туыстық қатынасты сақтау
12 шілде, 2021 жыл 329 Басып шығару нұсқасы

                Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы» деп бұйырады («Ниса» сүресі, 1-аят).

               Қазақ халқы – туыстық байланысты ерекше бағалайтын ел. Тіпті туыстық қарым – қатынасты дәл қазақтай сақтайтын ел кемде кем. Халқымыздың болмысын басқалардан ерекшелейтін бірден бір қасиеті  осы туыстық байланыс деуге болады. Туыстық қатынасты сақтау –Алла тағаланың құлдарына бұйырған. Құран Кәрімде және Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде оны сақтаушы адамға көптеген сауаптар уәде етілген, ал туыстық қатынасты үзу Алла тағаланың тыйған амалдарынан. Туыстық қарым-қатынасты сақтауға қатысты адамдар үш түрлі болады. Олар: Туыстық қатынасты сақтап әрі оларға жақсылық жасаушы адамдар; туыстық қатынасты үзіп, әрі оларға жәбір көрсетушілер; осы екі дәреженің ортасындағы адамдар. Яғни оларға жақсылық та жасамайды, жаманшылығында тигізбейді. Осылардың ішінде мұсылман адам бірінші санаттағы, яғни туыстық қатынасты сақтаушылардан болып, екінші мен үшінші санаттағылардан болудан сақтануы қажет. Туыстық қатынасты сақтау-ризықтың көбеюіне және адам өмірінің ұзаруына себеп болады. Ол турасында Әнәс ибн Мәлик (р.а) Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді: «Кім ризық-несібесінің көбеюің және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатынасын күшейтіп, оған қарайлассын», -деген (Бухари, Мүслим).  Жаратушы Алла адам баласының жаратылысын жақсы білгендіктен қоғам ішіндегі қарым-қатынасты бекем ұстауды былай бұйырады:«Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешкімді серік қоспаңдар. Әке-шешеге, туыстарға, жетімдерге, кедей-кепшіктерге, жақын және алыс көршіге, жаныңдағы жолдасыңа, қаражаты таусылған жолаушыға, қолдарыңдағы қызметшілерге жақсылық жасаңдар. Алла дандайсыған тәкаппарларды жақсы көрмейді», («Ниса» сүресі, 36-аят) – деген. Сонымен қатар Алла Тағала ағайын туысқандарға қарайласып, қолдары қысқарып, қажеттілік туындағанда, оларға қол ұшын беруді бұйырған. Алла Тағала Құранда: «Негізінде Алла сендерге әділетті болуды, игілік жасауды және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырады. Сонымен қатар арсыздықтан, жамандық атаулыдан және зылымдықтан (яғни, біреуге зорлық-зомбылық көрсетуден, кісі ақысын жеуден) мүлдем тыяды. Ойланып толғансын, ғибрат алсын деп, Алла тағала сендерге осылайша насихат айтып, жол сілтейді», («Нахыл» сүресі, 90-аят) – деп ескерткен. Осы тәрізді аяттарға құлақ асқан дана халқымыз: «Өле жегенше, ағайынмен бөле же», «Туысы бірдің қонысы бір. Туысы бірдің уысы бір», – деп ұл-қыздарына ақыл айтып отырған. Әбу Хұрайрадан Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, қонағын сыйлап, құрметтесін. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, туысқанымен қарым-қатынасын үзбей, жалғастырсын. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» (Бұхари, Мүслім), дейді. Бұл хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қиямет күніне сенген адам қонағын сыйлау керектігін, сонымен қатар туған-туысқандармен қарым-қатынасты үзбеуді ескертеді.

            Сондай-ақ басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа адамзат! Өзара сәлемді жайыңдар, аш-мұқтаждарды тамақтандырыңдар, туысқандарынмен болған байланысты үзбеңдер, адамдар түнде ұйықтап жатқанда тұрып намаз оқыңдар. Міне, сонда аман-есен  жәннатқа кіресіңдер», –деп те айтқан (Ахмад, әт-Тирмизи, ибн Мәжә).

            Бұл хадисте адамның жәннатқа кіретін жолдарын жеткізіп, баяндап отыр, яғни төрт құлшылықты орындасаң жәннатқа аман есен кіресіңдер деп айтып отыр. Солардан алғашқысы сәлем беру одан кейін тамақтандыру, одан кейін туған туысқандармен қарым-қатынасты үзбеу, түнгі намазға тұруын айтып отыр. Дана халқымыз: «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деп ағайын арасындағы татулықтың сақталуын қоғам бірлігінің басты алғышарты деп қараған.  «Ағайынмен жауласпа – басың азаяды, Көршіңмен дауласпа – асың азаяды», – деген бабаларымыздың өсиетін естен шығармай жүрейік! Туыстық қарым-қатынасымызды нығайту үшін жасаған әрбір жақсы амалымыз үшін Алла Тағала бізді Жұмақпен қуантсын! Әмин!

Бейсембаев Дархан Даярбекұлы,

Жезқазған қаласы, «Ахмет Ишан Оразайұлы»

мешітінің найб имамы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары