Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Әділдік
12 шілде, 2021 жыл 665 Басып шығару нұсқасы

Әділдік – әр нәрсені өз дәрежесінде ұстау, адамның хақысына кірмеу, ақиқат жолында болу деген ұғымдармен үйлеседі. Әділдік не екенін бала жастан түсіндірген абзал. Ес білгеннен әділдіктің ара-жігін біліп өскен бала әділетсіздікке бой алдырмай әрі әділетсіздіктің құрбаны болмай өседі.

Ал тәрбиені қызықты ойындармен, оқиғалармен жеткізсе бала тез қабылдайды. Тіпті үлкен кісілердің өзіне көп жағдайларды өмірде болған оқиғалар негізінде түсіндіріп жатамыз.  Әділдік туралы көптеген хадистер мен пайғамбар (сас) өмірінен көптеген оқиғаларды келтіре аламыз.

Бір яһуди Әли ибн Әби Талибтің үстінен шағымданып, Омар ибн әл-Хаттабқа келеді. Әли Омардың алдына келіп отырғанда, Омар: «Уа, Әбу әл-Хасан! Тұр да, қарсыласыңның жанына барып отыр»,– дейді. Али айтқанын орындайды. Мұсылмандардың әміршісі Алидің жүзінен ашу мен қобалжу белгілерін байқайды. Дегенмен қазылық біткенге дейін байқамаған сыңай танытады. Сосын Алиге: «Уа, Али, қарсыласыңмен бірге қойғанымды ұнатпай қалдың ба?» – дейді. Сонда Әли: «Жоқ, менің қобалжу себебім, сен мені кунияммен (Әбу әл-Хасан деп) шақырып, қарсыласымды олай шақырмай, екеумізге тең қарамадың. Содан яһудидің мұсылмандардың арасында әділдік жоғалған екен деп ойлап қалуынан қорықтым»,– деген. Өйткені, Омардың Әлиді «Уа, Әбу әл-Хасан!»,– деп шақырғаны секілді, арабтарда куниямен, яғни «пәленшенің әкесі» деп шақыру, сол кісіге деген құрметтің белгісі болып табылған екен!

Бізге жеткен хадистердің бірінде: « Қазы (судия) үш түрлі, екеуі тозақта, біреуі ғана жәннатта: бір қазы ақиқатты білді және сонымен үкім шығарды, ол жәннатта. Екіншісі адамдарға білімсіздікпен үкім шығарды, ол тозақта. Үшіншісі үкімде біле тұра зұлымдық етті, ол да тозақта» (Тирмизи). Ал, бітімге келгендегі әділдік жөнінде Алла Тағала: «Екі топтың арасын әділ түрде жарастырыңдар һәм әркез қара қылды қақ жарғандай тура болыңдар. Өйткені Алла турашылдарды жақсы көреді!» деген (Хужурат, 9).

Әділдік туралы айтқанда Әбу Ханифаның әділ саудасы туралы айтпай кетуге болмайды. Бірде Имам Әбу Ханифаға бір әйел келіп жібек матадан жасалған киім сатпақшы болады. Имам қанша тұратынын сұрағанда әлгі әйел киімді 100 дирхамға бағалайды.

Сонда Имам:

- Бұл киім оданда қымбат тұрады, – дейді. Әйел:

- Ендеше 200 дирхам, – деді. Әбу Ханифа сөзін қайталап:

- Бұл киім оданда қымбат тұрады, - дейді. Әлгі әйел 300 сосын 400 деп бағасын өсіре берді. Имам Әбу Ханифа:

- Бұл киім оданда қымбат тұрады, дей бергенде әйел:

- Сіз мені мазақ етіп тұрмысыз, – деп таңдана қарады. Сонда Әбу Ханифа:

- Мен бұны 500 дирхамға сатып аламын, – деп, жаңағы әйелдің тауарын лайықты бағасына сатып алған екен.

Бұл оқиғалардан біз көптеген ғибрат алуымызға болады. Алғашқы оқиғадан адамдарды тең дәрежеде көру, яғни мансабы мен дүниесі ол адамды өзгеден жоғару қоюына себеп еместігін ұғамыз. Ал келесі оқиғада, саудада болсын дүниелік немесе ақыреттік іс жасағанымызда саудада адал болуды көрсетеді. Жалпы ислам дінінде әділдіктің үш өлшемі бар: Алланың құзырында әділ болу, өзіңе әділ болу, өзгеге әділ болу. Яғни, біріншісі тек Аллаға ғана құлшылық жасап, дұға қылу. Бұйырғанын орындап, тыйған амалдардан тыйылу. Алланың берген ризығына разы болып, сынақтарға сабыр ету. Екіншісі, Раббымыздың берген денсаулығына, дене болған аманатына қианат жасамау. Ар-ожданды қорғау. Үшіншісі, тілмен, қолмен өзгеге зиян тигізбеу, біреудің ақысын жемеу. Осы аталған үш әділдікті берік ұстаған адам Алланың разылығына жетіп, өмірде де, ақыретте де бақытқа кенеледі.Сол үшін де Алла Елшісі: «Қиямет күнінде әділ болғандарға Алла Тағала нұрдан жасалған таққа отырғызады», – деген.

Демек, Ислам діні адамды тек қана туралыққа тәрбиелейтін дін екенін бір ғана әділдік қағидаттарынан біле аламыз. Алла Тағала бізді барлық жағдайда да әділ болуды нәсіп етсін!!!

Нуров Махмуд қажы Нурұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары