Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Алла шыншыл адамды жақсы көреді
13 шілде, 2021 жыл 908 Басып шығару нұсқасы

Шыншылдық адам бойындағы көркем қасиеттерінің бірі. Аллаһ Тағала шыншылдарға жәннаты сый ететінін уәде еткен. (Ахзаб сүресі, 24 аят. Әли Имран сүресі, 15–17 аят) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылманның шыншыл болуына қатысты: «Білімсіз берілген пәтуаның күнәсі, сол пәтуаны берген адамға болады. Жауапты біліп тұрып, оны жасырған–қиянат еткен болады»–деп айтқан.

 Шыншыл болу – иманнан. Жүректегіні білуші Алла пенденің дінде де дұниелік нәрседе де ниетінің шынайы не тура еместігін біледі. Шыншыл болған адам ғана тыныш өмір сүреді, әркімге жалтақтамай, түнгі ұйқысы бұзылмай, жүрегі тыныш болады.

Шыншылдық ұғымы туралықпен синонимдес мағынада қолданылады. Туралық - сөз бен істің бір жерден шығуы, жалған айтып құтылып кету мүмкін болған жағдайда да өзінің әуелгі ұстанымынан айнымауы. Нағыз шыншылдар мен турашылдар мойнына алған іске жан-тәнімен беріліп, адалдық танытады. Жапанда жалғыз қалып, басына қандай күн тумасын ішкі иман таразысынан бір сәтке жаңылмайды. Алла Елшісі (с.ғ.с.) қалай сыддық болса, оны алғаш қолдап, қорғаған досы Әбу Бәкір (р.а.) де сондай жан еді. Құран бұл жайды:«Ол шындықты алып келді, оны растап қолдағандар - нағыз тақуалар»[«Зумәр» сүресі , 33-аят],- деп баяндайды. Сыддық - пайғамбарлардың негізгі сипаты болуымен қатар, ислам жолында жүргендер үшін ең күшті қозғаушы күш. Ақиретте азаптау мен тозақтан құтылудың басты амалы. Алла: «Шыншылдарға шындықтарының пайда беретін күні - нағыз осы күн»[«Мәида», 119-аят],- деп шыншылдарды сүйіншілейді.

Ал, жалғандық - мұсылмандық сипатқа мүлдем жат. Оған куәлік етудің өзі де - үлкен күнә. Сөзі мен ісінің үйлеспеуі мұнафиқтық (екіжүзділік) болса, алдау, қиянат жасау діннен шығуға әкеледі [Муслим].

Ислам құқығында өмірінде бір рет болса да жалған сөйлеген адамның куәлігі қабылданбайды. Хадис ғалымдары ғұмырында бір мәрте болсын өтірік сөйлеген адамнан хадисті қабылдамауы, исламның шыншылдыққа қаншалықты ерекше көңіл бөлгендігінің айқын дәлелі.

Шындық пен жалған - иман мен имансыздық сияқты жер мен көктей айырмашылықтары бар бір-біріне кереғар ұғымдар. «Алтын ғасырда» (Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен әділетті халифалар кезеңі) Алла Елшісі (с.ғ.с.) мен сахабаларын иманның шыңына шығарған қасиет - олардың шыншылдығы мен шынайылығы еді.

Жәннаттың амалы–шыншылдық. Шындықты айтқан пенде тақуалық қылған, тақуалық қылған шын жүректен иман келтірген болады. Ал, шын жүректен иман келтірген жәннатқа кіреді. Тозақтың амалы–жалғандық. Жалған айтқан пенде күнә істеген, күнә істеген күпірлік еткен болады. Ал, күпірлік еткен тозаққа кіреді. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.а.у) хадисінді былай делінген: «Шыншылдық жақсылыққа жетелейді, ал жақсылық жаннатқа жетелейді. Шыншыл болу адамның өзіне байланысты. Алланың кітабында шыншылдар қатарынан орын алу үшін алдымен сөзінде, қарым-қатынасында, әрбір амалында шыншыл болуға әрекет жасайды. Өтірікші болу да бірте-бірте болады, тіпті Алланың кітабында өтірікшілер қатарынан орын алады. Өтірік жамандыққа жетелейді, ал жамандық тозаққа апарады».
Құран Кәрімде адамзаттың ең таңдаулысы болған пайғамбарларды: «Ей, Юсуф! Ей, шыншыл!...[2]» және «Әрі Кітаптағы Идристі есіңе ал. Ол шыншыл әрі пайғамбар еді[3]» деп сипаттайды. Пайғамбарымызды да (ﷺ) иман етпеген арабтардың өзі «садықул-амин», яғни шыншыл һәм аманатшыл деп атаған. Негізгі, адамның ең әуелі Жаратушысымен, одан кейін адамдармен және міндетті түрде өз ар-намысы алдында шыншыл болуы керек. Раббысы алдындағы шыншылдығы – әрбір құлшылығын ықыласпен жасауы. Амалында рия мен мақтанқұмарлыққа жол бермеуі. Өйткені, рия араласқан құлшылық қаншалықты ауқымды болғанымен, тозаңның түйіріндей де сауабы болмайды. Демек, құлшылықтағы ең маңызды жайт – ықылас. Ықылас – қоспасыз және саф таза деген мағынаны білдіреді. Бұл дегеніңіз, ниетке рия мен мақтанқұмарлық араласпаған құлшылық.



 

Төлтаев Ербол Мұқанұлы

Балқаш қалалық мешітінің имамы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары