Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Уәдені орындау
19 шілде, 2021 жыл 856 Басып шығару нұсқасы

Алла Тағала қасиетті Құранда, «Исра» сүресінің 34-аятында: «Сертке берік болыңдар! Өйткені берілген серттің сұрауы бар!» - деп баяндалады. Осы аят бұл тақырыбымызға басты  арқау болмақ. Өйткені бұл аят арқылы Алла Тағала  «уәдеге берік болу» деген маңызды қасиеттің құлдарының бойында болуын міндет етеді. Уәденің екі түрі болады. Олардың бірі – Алламен адам арасындағы уәде болса,  бірі –адаммен адам арасындағы уәде. О баста Алла Тағала Адам баласын жаратып, адамнан өмір бойына тек Аллаға ғана мойынсұнып, Аллаға ғана құлшылық етіп өтуіне уәде алған. Бұл – біздің жаратылғандағы басты мақсатымыз. Бұл уәдені орындау – ең басты мақсатымыз болуы керек. Ал, адам мен адам арасындағы сертті орындау – біздің адамгершілік қағидаларынан аттамағанымыздың көрінісі. Уағдаласқан адамды ренжітпей, қалауын келіскендей орындау – әр мұсылманның көркем мінезділігін арттыратын сауапты амал. Ислам дінін соғыссыз қабылдаған дана қазақ халқымыз «Уәде – құдай сөзі» деп, осы тұста тақуалықтың шыңына шыққан. Шариғаттың шарттарын мүлтіксіз қабылдап, өмір салтына айналдыра білген қазақ халқы:

«Уәдені бұзған — ұяны бұзғанмен тең»,

« Жақсылыққа жерік кісі

 - Уәдесіне берік кісі» -  деген сынды ғибратты мақат-мәтелдер көптеп қалдырған. Яғни, уәдеге берік, бірсөзді болу – біздің қанымызға ежелден сіңген қасиет. Уәдені орындау – әр мұсылманның бойынан табылуы қажет болған құнды қасиеттердің бірі. Сондықтан да, Алланың кәләмында уәдені орындау жайлы ашық аяттар келген. Адамзатқа жіберілген әр пайғамбар шыншылдығымен, уәдеге беріктігімен ерекшеленген. Бұл туралы Құранда  «Мәриям» сүресінің 54-аятында Ысмайылды (ғ.с) сипаттап: «(Мұхаммед ғ.с.) Құрандағы Ысмайылды (ғ.с.) есіңе ал. Шынында, ол уәдесіне берік әрі жіберілген бір пайғамбар еді», – дейді. Ислам діні алғаш қанат жая бастағанда уәдеге берік қасиетінің көркем үлгісін көрсете білген ғажайып тұлға – екі дүние сардары Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болды. Алланың Елшісіне пайғамбарлық қасиет берілмей тұрып-ақ ел ішінде шыншылдығымен, уәдесіне беріктігімен елдің сеніміне ие болған игі жан еді. Сол қасиетінің арқасында оған сеніп, Алланың ақиқат дінін мойындап, иман келтіргендер аз болған жоқ. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің хадис-шарифінде: «Маған алты нәрсеге кепілдік берсеңдер, мен сендердің жәннатқа кіретіндеріңе кепілдік беремін: Сөздеріңе берік болыңдар, уәделеріңде тұрыңдар, аманатты қайтарыңдар, ұятты жерлеріңді сақтаңдар, көздеріңді төмен салыңдар, қолдарыңа ие болыңдар» - дейді. Бұл хадистен уәдеге берік болып, барынша келісімді орындау – мұсылманды жәннатқа жетелейтін ұлы қасиет екенін түсінеміз. Имам Малик кітабында жазылған хадисте: Бір күні Пайғамбарымыздан (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары былай деп сұрақ қояды: «Мұсылман қорқақ бола ма?», дегенде Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Иә»,-дейді. «Мұсылман сараң бола ма?»,-дейді сахабалар. Сонда  Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Иә», - деп жауап береді. Соңынан тағы да сахабалар: « Мұсылман өтірікші бола ма?», - деп сұрағанда:  «Жоқ», - деген екен. Бұл хадиске ой көзімен қарасақ қорқақтық, сараңдық деген қасиеттер де жақсы қасиеттер саналмайды. Алайда, өтірік айтып, уәдесін ұмыту – мұсылман үшін ең сорақы, жат қылық екенін  екі дүние сардары бір-ақ сөзбен ұқтыра білген.

«Қашан серттенсеңдер, Аллаға берген серттеріңді орындаңдар. Анттарыңды Алланы өздеріңе кепіл етіп, бекіткеннен кейін бұзбаңдар» - деп Құранның «Нахл» сүресінің 91-аятында адам баласына қатаң ескерткен. Ашық түскен аяттарға қарамай, лағынеті шайтанның азғыруымен кейде уәдемізден тайқып, сөертімізді ұмытып жатамыз. Бұл – мұсылманды құрдымға жіберетін қауіпті нәрсе. Өйткені Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) уәдесінде тұрмайтын адамды өз хадистерінде былай сипаттаған: «Мұнафиқтың үш белгісі бар: сөйлеген кезде өтірік айтады, уәдесінде тұрмайды, аманатқа қиянат етеді». Әбу Һурайрадан жеткен бұл хадисте уәдесінде тұрмайтын адамды екіжүзді адамға теңегенін ұғынамыз. Алла Тағала «Тәубе» сүресінің 77-аятында: «Енді Аллаға берген уәделеріне қарсы келіп, өтірік айтқандары үшін Алла өзіне жолығатын күнге дейін олардың жүректеріне екі беткейлік салып, қояды» - дейді. Сондықтан да, егер адам өзінің қолынан келмейтініне анық көзі жетсе, уәде бермегені жөн. Уәдесінде тұрмаған адам басқалардың көңіліне қаяу салып, өзіне деген сеніміне селкеу түсірері анық. Сондықтан, бұл мәселеге қатты қарағанымыз абзал болады. «Саф» сүресінің 2-3-аяттарында: «Әй, мүміндер! Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар. Істемейтін істеріңді сөйлеулерің Алланың қасында зор ашуға себеп болады» - делінген. Яғни, орындай алмайтын уәдені беру – Алланың ашуын туғызатын іс. Қолымыздан келмейтін істі айтып алып, Алланың ашуына қалудан сақтануымыз қажет. Алла Тағала  әрбірімізге әдептен озбаған, бір-бірімізге берген уәдені орындайтын, бірсөзді, сенімді мұсылман болды нәсіп етсін!

Қаражал қалалық мешітінің бас имамы Советов Талғат

 

 

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары