«Бүгін аздап күнәлі болармын, есесіне пайда тауып алсам, ертең мешітке жақсылап садақа беремін» — баюға, оңай ақша табуға бейімдерге өте жақсы таныс ой. Харам арқылы тамақтану – ең үлкен күнә еместей көрінеді. Ол күнәні кейін құрбандық шалып, кедейлерге көмектесіп жуып-шаю оп-оңай ма? Жауабын ғұламалардың кітаптарынан іздеп көрелік.
«Шарх-уль Мафруз» кітабында жазылған:
«Сондай-ақ, ең үлкен күнәнің бірі рұқсат етілмеген жолмен пайда табу.
Ғұламалар бұл санатқа: әділетсіз салық жинаушы, ұры, жетімдердің мүлкін пайдаланатындар, жалған куәлік ету арқылы ақша табатындар, біреуден бір затын пайдалануға сұрап алып, кейін алғанын мойындамайтындар, пара алушылар, сатып алушыны жейтін сатушылар, өз тауарының кемшілігін жасырып сататындар, қарташы, сиқыршы, ақшаға жоқтау айтатын әйел, еркін адамды құл ретінде сататындарды жатқызады. Сондай-ақ шариғат талаптарына қайшы амалмен табылған барлық табыстар харам саналады.
Алла елшісі:«Қиямет күні жақсы істері бар адамдар Тиамат тауына ұқсас кейіпте келеді. Алла олардың жақсы істерін күлге айналдырып, өздерін Тозаққа тастайды»-дейді. Сонда басқалар: «О, Алланың елшісі бұл қалай» - деп сұрайды. Алла елшісі: «Олар намаз оқып, ораза ұстап, зекет беріп, қажылық жасағандар, бірақ сонымен қатар тыйым салынған дүниеде берілгенде олар бұған назар аудармай оны алғандар, сондықтан олардың жақсы істері күйіп кетеді»-деген екен.
Тағы бір хадисте: «Кім мүлікті тыйылған жолмен жинаса, кейін одан садақа берсе, бұл үшін сауап алмайды, тек күнәһар болады»-делінген.
Сондай-ақ Табарани жеткізеді: «Кім дүниені тыйым салынған жолмен жинаса және оны туысқандары үшін жұмсаса және осы ақшамен құлдарды босатса, оның мойнында тек күнә ғана болады».
Суфьян Саври: «Тыйым салынған жолмен табылған дүниені Алла жолында жұмсаса, ол адам киімін зәрмен жуған адамға ұқсайды»-деген екен.
«Кімде-кім қажылыққа тыйым салынған жолмен жиналған қаражатымен барып, «Міне, мен Сенің алдыңдамын» десе, Алла Тағала: «Жоқ, олай емес, сенің қажылығыңды Мен қабылдамаймын»-дейді екен.
Қарағанды облыстық орталық мешіті
Әмина Омарова
Пікірлер