Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Жұқпалы дерттен сақтан
09 тамыз, 2021 жыл 142 Басып шығару нұсқасы

Адам баласының сырқаттанған кезде шипа іздеуі діннің қағидаларына қайшы емес, керісінше міндет болып табылады. Пайғамбарымыздан жеткен хадисте: «Алла Тағала ауруды да оның дауасын да берген. Әрбір ауруға бір дауа берген. Олай болса емделіңдер. Бірақ, харам нәрселермен емделмеңдер» (Әбу Дәуіт, Тыбб, 11, 3874) деп бұйырады. Демек, емделу, шипа іздеу Алланың берген аманатын, жанын сақтау маңызды.

Бұл мәселеге діни тұрғыдан қарайтын болсақ, пайғамбар дәуірінен бері келе жатқан емдеу тәсілдері бар. Мысалы, хижама жасау, қара зере майын қолдану, балды пайдалану т.б. Негізінде адамның ауруына шипа беруші - тек қана Алла Тағала. Алайда кейде шипаны Алла Тағала белгілі бір себептерге байлап қоюы мүмкін. Сондықтан, емделу шарттарын орындап, шипаны Алладан күту ең басты мәселе. Сонымен қатар, аурудан айығатынына, емделетіндігіне сенім, жақсы ниет, талпыныс та маңызды. Бұл дінімізде «дұға» деп аталады. Бұлардың қатарына Алладан тілеу, жалбарыну, шипа ниетінде Құран аяттарын оқу, шипа дұғаларын оқу, аяттар жазылған, дем салынған ішірткілерді ішу т.б. Құранда бұған да көптеген мысалдар бар.

Сахаба Әбу Сайд әл-Худри, жылан шаққан бір тайпа басшысына Фатиха сүресін оқып, жақсаруына себеп болғандығына қатысты риуаят та бар (Куртуби, Тәфсир Х, 312 б.). Демек, шипа мақсатында Құраннан дұғаларды оқып дем салу да исламда маңызды шипа саналады.

Дұға арқылы дем салып емделуге болады.

Әнас (р.а.) бірде ол Сәбитке (р.а.): «Саған Алла Елшісінің (с.ғ.с.) (ауырған адамға) оқитын дұғасын оқиын ба?», – деп сұрады. Ол: «Әрине», – деді, Сонда Әнас: «Я, Алла, адамдардың Раббысы, кеселдерді кетіруші, сауықтыр! Сен – Шипагерсің, Сенің шипаңнан басқа, шипа жоқ, бұдан кейін ауру қалмайтындай сауықтыр!» (Аллаһумма, Раббаннаси, музхибаль-баъси, шфи Анташ-Шафи, лә шафийа иллә Анта шафиъан лй йуғадиру сакаман!).

Адамның өз-өзіне дем салуы

Науқасқа дем салудың келесі түрі – Құран аяттарын және шипа дұғаларын оқу барысында науқас ауырған жерге қолын қойып отырады немесе алақанымен уқалайды. Осман ибн аби әл-Ас бір күні Пайғамбарға (с.ғ.с.): «Я, Алланың Елшісі менің ауыруым қатты үдегені соншалық мен өліп кететін сияқтымын», – дегенде, Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Ауырған жеріңе қолыңды қой да жеті рет: Мені мазалаған жамандықтың кесірінен  Алланың Құдыреті мен Күшіне сыйынамын, – деп айт», – деген. (Аъуза би-ъиззати-Лаһи уа қудратиһи мин шарри ма аджиду уа ухазиру!)

Жебірейілдің пайғамбарға дем салуы     

Әбу Саъид аль-Худри (р.а.) былай дейді: Бірде Пайғамбарға (с.ғ.с.) Жебірейіл (періште) келді де: «Я, Мұхаммед, сен ауруыңа шағымданасың ба?», – деп сұрады, ол: «Иә», – деп жауап берді. Сонда Жебірейіл (ғ.с.) былай деді: «Саған барлық ауыртпашылықтарды туғызушыдан, кез келген адамның зұлымдығынан және жаман көзден сен үшін Алланың атымен сыйынамын! Алланың сені сауықтыруы үшін, Алланың атымен сыйынамын!» де».(Бисми-Ллаһи арқи-кә мин кулли шаййъин йуъзука, мин шарри кулли нафсин ау ъайни хасидин! Аллуһу йашфикә, бисми-Ллаһи арқи-кә!).

Алла Елшісі (с.ғ.с) 629 жылы Табук жорығына шығып, Сирия жеріне аяқ басып, іле-шала кері шегініп кетуіне осында оба ауруының шығуы себеп болған еді. Әзіреті Омардың  (р.а) халифалығы кезінде Шам жорығында, ол жерден оба індетінің шыққанын естіп, кері шегінуі кезінде, Әбу Убайда (р.а): «Алланың тағдырынан қашамысың?» — деген еді. Сонда, Омар (р.а): «Иә, Алланың тағдырынан тағы да Алланың тағдырына қашып барамыз» (Бұқари, Тибб: 30) деген болатын. Демек, жұқпалы індеттен сақтану – мұсылманның асыл уәзипаларының бірі болып саналады. Алла Елшісі (с.ғ.с) дерттердің ішінде жұқпалы аурулардың алдын алуға баса назар аударған. Айталық, ардақты пайғамбар (с.ғ.с) оба ауруы туралы: 

«Бір жерден оба ауруы шыққанын білсеңіз, ол жерге бармаңыз. Отырған жеріңізден оба ауруы шықса, басқа жерге қозғалмаңыз» (Бұқари).

Сондықтан қандай жағдай болса да, дүрбелеңге салынбай, сақтық шараларын орындап, қоғамдық тәртіпке бағынған жөн. Яғни, жұқпалы ауруға жататын коронавирус кең таралған осы күндері біз, мұсылман пенде ретінде тазалығымызға көбірек көңіл бөліп, көбірек дұға етуіміз керек.

 

Нуров Махмуд қажы Нурұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары