Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Бала асырап алудың шарты қандай?
12 наурыз, 2015 жыл 804 Басып шығару нұсқасы

13751-800x600-Bebekler-resimoyla.net_Жалпы «бала асырап алу» сөзінің Исламда нақты бір мағынасы жоқ, себебі асырап алған бала асырап алған адамдардың туған баласы болып есептелмейді, тұқымын жалғастырмайды.  Мұсылмандар жетім балаларды қамқорлығына ала алады. Олар оны тамақтандырады, киіндіреді, тәрбиелейді, туған баласына қалай қараса оларды солай бағып-қағады, бірақ өзінің туған баласы ретінде есептемейді. Мұндай істі Ислам құптайды. Мұхаммед Пайғамбар(с.ғ.с): «Мен және жетімге қараған адам екеуіміз осылай жұмақта боламыз» - деп ортаңғы және сұқ саусағын көрсеткен екен. Пайғамбарымыз(с.ғ.с): «Мұсылмандардың ең жақсы үйі жетімдер жақсы көретін үй»-деген. Исламға дейін арабтар бала асырап алып, өздерінің аты-жөндерін беріп туған баласындай етіп алатын болған. Ислам өзгенің баласын тек тәрбиелеуге рұқсат етеді. Балаларды олардың шын әкесінің атымен, өздерінің тегімен атау қажет. Ал кішкентай баланы асырап алып туған баласынікіндей құқық беріп, жақын туысқандарына үйленуге тыйым салып, өзінің тегіне жаздырып, тіпті мұрагерлік құқықты да туған баласыныкіндей етуге Исламда тыйым салынған.


Алла Тағала Құранда: «…және сендердің асырап алған ұлдарыңды сендердің ұлдарың етпеді. Бұл – тек сендердің ауыздарыңнан шыққан сөз, ал Алла шындықты айтады, Ол шындық жолына бағыттайды…» («әл-Ахзаб» сүресі, 4 аят). Осы сүренің бесінші аятында Алла: «Оларды (асырап алған балаларды) әкесінің атымен шақырыңдар, бұл -  Алланың алдында неғұрлым әділ. Егер сендер олардың әкелерін білмесеңдер онда олар сендердің діндегі бауырларың және тәрбиеленушілерің болып табылады…» -дейді.


Тәрбиеленушілер өздерін тәрбиелеген адамның мұрагері бола алмайды және оларға асырап алған адамның туысқандарына үйленуге тыйым салынбаған. Ислам өзінің туған баласындай етіп асырап алуға тыйым салғанға дейін арабтар өздерінің асырап алған балаларының ажырасқан әйелдеріне үйленуге тыйым салыған болатын. Исламда туған баласының ажырасқан әйеліне үйленуге болмайды. Ал өзінен тумаған, бірақ өзі асыраған баласының ажырасқан әйеліне үйленуге рұқсат етеді. Хадиша анамыз Зайд ибн Харрис есімді тұтқынды сатып алып Пайғамбарымызға(с.ғ.с) сыйлағанда, Пайғамбарымыз оны босатып, Ислам бала асырап алуға тыйым салғанға дейін өзінің ұлы ретінде асырап алады. Оны Зайд ибн Мұхаммед (Мұхаммедтің ұлы) атай бастайды, бірақ баланы асырап алуға тыйым салғаннан кейін қайтадан өзінің туған әкесінің атымен атайды. Пайғамбарымыз Зайдты өзінің немере қарындасы Зайнаб бинт Джахшиға үйлендіреді. Осыдан соң Зайд онымен ажырасқаннан кейін Алла Пайғамбарымызға(с.ғ.с) белгіленген уақыт өткеннен кейін Зайнабқа үйленуді бұйырады. Пайғамбарымыз(с.ғ.с) солай  жасап, баланы туғанындай асырап алуға тыйым салынғандығын көрсетеді. Осылайша асырап алған балалардың туған баладай болмайтыны дәлелденеді.


Егер мұсылман жетім не тастанды баланы қамқорлығына алса (ұл болсын, қыз болсын) оны тәрибиелейді, киіндіреді, тамақтандырып, бағып-қағады, бірақ оны туған ұлының дәрежесіне көтермейді, оған туған ұлының құқықтарын және мұрагерлік құқық бермейді. Мұндай балаларды «ұлым» не «қызым» демейді. Балаларды осылай асырап алу, осындай дәрежеде қамқорлық жасауға Исламда рұқсат етілген.


Баланың ата-анасына бар-жоқтығына қарамай қамқорлық таныту, бар күшін салып тәрбиелеу және жағдай жасау қажет. Жетім немесе тастанды балаларға қамқорлық танытып отырған адамдар немесе туысқандары мұны естен шығармағаны абзал. Егер баланың жақын туысқандары болмаса оған қамқорлық жасау – бүкіл мұсылман қауымының ортақ міндеті болып табылады. Бұндай жағдайда имам қорған болатын тұлғаларды тағайындайды.


Өзгенің баласын қамқорлыққа алуға қойылатын шарттар


Бала асырап алу түрінде болатын, Исламда тыйым салынбайтын қарым-қатынас формасы  - қамқорлық деп аталады.


Ислам талаптарына сәйкес баланы қамқорлыққа алу үшін қойылатын бірқатар шарттар бар:




  1. Баланың есімін өзгертпей сақтау (яғни әкесінің аты мен фамилиясын), себебі бала өзінің туған ата-анасының кім екенін білуі керек.

  2. Тәрбиеленушілер қамқоршылары қайтыс болғаннан кейін мұрегерлік құқық алмайды.

  3. Тәрбиеленушілер қамқоршыларының қызына немесе өзін тәрбиелеген адамға үйлене алады, немесе қамқоршыларының ұлына немесе қамқоршысына тұрмысқа шыға алады (Бұл шарттар бала тәрбиелеп отырған адамның сүт баласы болмаған жағдайда).

  4. Егер қыз баланы тәрбиелеуге алса, ол қыз бала өскеннен кейін қамқоршысы мен оның ұлдарының алдында хиджаб киіп жүруі керек.

  5. Егер ер баланы тәрбиелеуге алса ол бала өскеннен кейін қамқоршының әйелі мен қыздары оның алдында хиджаб киіп жүруі керек.

  6. Бір-біріне жақындау кезінде құмарлық пайда болса дәрет бұзылады (шамамен алты жастан жоғары) ( аш-Шафии мәзхабына сәйкес).

  7. Өскен тәрбиеленушіге өзіне махаррам (қан бойынша жақын туысқан) болып келмейтін әйелдермен оңаша қалуға болмайды, себебі олар оның туған анасы, әпкесі, жиені емес.

  8. Қамқоршы жетімнің мүлкін өзінікінен бөлек сақтауы және одан пайда табудан аулақ болуы қажет. Алла Тағала Құранда: «Әкесі жоқ жетімдер кәмелеттік жасқа жеткенде олардың мүлкін беріңдер және (өздеріңнің) жамандарыңды (жетімдердің) жақсысына ауыстырмаңдар. Және олардың мүлкін өздеріңдікіне қоса жемеңдер, бұл үлкен күнә»-дейді. («ан-Ниса» сүресі, 2 аят).


Егер адам өзінің туған ұрпағы бар-жоқтығына қарамастан, қамқорлығына алған балаға өзі қайтыс болғаннан кейін дүние қалдырғысы келсе, өзінің көзі тірісінде ол балаға қалағанын бере алады, ал үштен бірін өсиет ете алады.


Қарағанды облыстық орталық мешіті

Әмина Омарова

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары