Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Мұсылман ақысысы
23 тамыз, 2021 жыл 64 Басып шығару нұсқасы

Қазір көп мәселеде кісі ақысы деп жиі айтылып жүр. Осы мәселеде дінімізде не айтады десек, оған Алла Елшісінің хадистерін келтіре аламыз. Хадиске, сүннентке сүйенген әр мұсылман бауыры алдындағы, яғни мұсылман кісі алдындағы ақыларын біледі. Ал, дінді енді түсініп келе жатқан бауырларымызға бұл жөнінде кеңірек айтқан жөн болар. Олай болса Пайғамбарымыздан жеткен хадистерде былай келеді: Имам Бухаридің Әбу Хурайрадан (р.ғ.) жеткізген мына хадисінен: «Мұсылманның мұсылманға бес ақысы бар: сәлем қайтару, ауырған адамды зиярат ету, жаназаларға еру (қатысу), шақыруға жауап беру және түшкірушіге дұға айту (ярхамукалла деу)» немесе Имам Муслимның риуаятындағы мына хадистен байқауға болады: «Пайғамбарымыз ﷺ: «Мұсылманның мұсылманға алты ақысы бар», - деді. Сахабалар: «Олар қандай ақылар, уа, Алланың елшісі?»,- деп сұрады. Сонда пайғамбар : «Егер жолықтырсаң сәлем беруің, егер сені шақырса жауап беруің, насихат сұраса насихаттауың, егер түшкіріп, артынан (әлхамду лилла деп) Алланы мадақтаса оған (Аллның рахметі болсын / ярхамукалла) деп дұға жасауың, егер ауырса зиярат етуің, ал егер қайтыс болса (жаназасына) еруің (яғни қатысуың)», – деп жауап берді».

Бұл хадистердегі бес, алты ақы тек сонымен ғана шектеліп қалуды көздемеген. Керісінше осы амалдарды міндетке ала отырып, қосымша көптеген жақсы амалдарды орындауды абзал тұтады. Сондықтан да бұл амалдар кей жерлерде отыз деп те келеді. Дегенмен, ең кеңінен таралғаны мұсылманның мұсылман алдында әрдайым орындауы тиіс алты ақысына қысқа тоқтала өтсек:

1. Сәлем беру. Қазақ халқы баланы жастайынан үлкенге сәлем  беруден бастап тәрбиелеп келеді. Бұның шыққан түбі пайғамбар жолы екеніне куә боламыз. Әдептің алғашқы көрінісі, адамгершіліктің нышаны ол – сәлем беру. Көліктегінің жаяуға, кішінің үлкенге бірінші сәлем беруі мен тіпті ең бірінші сәлем берсе сауабы көп болатындығын да қазақтың дәстүріне сіңіп кеткен. Бұл дін мен дәстүрдің сабақтасып келуі.

2. Шақыруға жауап беру. Әкеміз бала кезден «Шақырғаннан қалма, шақырмағанға барма» деп үйретті. Бұл ұғымның аясы өте кең. Дұрыс жолға шақыру бар, сауабы аз, күнәлі іске шақыру бар. Шақырғаннан қалмау керек деп бәріне бара беру де әрине дұрыс емес. Сондықтан, бұл тұста дініңе, тіліңе, діліңе бүгінің мен ақыретіңе зияны тимейтін іске шақырғанда жауап беріп, қалмау керек. Ал ақыретің мен бүгінгі өміріңе залалы тиер болса, оның жауабын беріп, бас тарту қажет.

3. Насихат айту. Бүгінгі қоғам білімдінің заманы, білімділердің алаңы. Осы тұста әркім алған білімінің зекетін беріп, өзгелерге насихатын жеткізіп отыруы құптарлық дүние. Насихаттың ең күштісі – Пайғамбарымыздың ﷺ: «Егер біреуіңнің  (мұсылман) бауыры насихат сұраса насихат айтсын!».

4. Түшкіргенде дұға жасау. «Пайғамбарымыздың жанында болғанымда оның жанында бір адам түшкірді, оған Пайғамбар «ярхамукалла» (Алла рахмет етсін!) деді. Сосын ол тағы да екінші, не үшінші түшкіргенінде Пайғамбар : «Алла Саған рахмет етсін!, мына адам тымау ғой», – деді» деген хадис жеткен. Ал, қазақ дәстүрінде де түшкіргенге «сау бол», яғни Алланың амандығы болсын деп дұға етеді. Хадиске сүйене жанымыздағы кісі түшкіргенде «ярхамукалла» деп айту дұрысы болмақ.

5. Ауруды зиярат ету. Ауырған кісінің көңілін сұруға шыққан кісі үйіне келгенше оған періштелер дұға етеді. Ауырған адамды зиярат ету сол кісінің көңілін аулау үшін, туғандарына жақсы көңіл-күй сыйлау үшін істелетін амал. Ауырған кісі қасына барғанда жақсы дүниелер айтып, ол үшін дұға етіп қайту дұрыс болмақ. Ерте барып, тез қайту да құпталады.

6. Жаназаға қатысу. «Пайғамбар : Кімде-кім жаназа намазын оқығанға шейін жаназаға қатысса, оған бір қираттай сауап бар, ал кімде-кім көмілгеніне шейін қатысса, оған екі қират сауабы бар»,-деді. Сонда біреу: «Екі қират қандай?»,- деп сұрады. Сонда ол : «Екі алып таудай»,- деп жауап қатты. Бұл әрине ер азаматтар үшін. Әйел кісілерге жаназаға қатысу шарт емес.

Барша мұсылман үшін бір-біріне мейіріммен қарап, қолқанат болудан артық дүние жоқ. Адамгершілік аясында ғана бейбіт өмір сүруге болады. Өктемдік, әлімжеттік, тәкаппарлық секілді жаман мінездер кісі алдындағы ақымызды жегізіп қоюға алып барады. Сондықтан көркем мінезді болып, мұсылман бауырларымыздың ақысын беріп, Алланың рақымына бөленген құлдардан болайық.

 

Нуров Махмуд қажы Нурұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары