Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Жастық  шақтағы ғибадаттың  маңыздылығы
06 сәуір, 2015 жыл 125 Басып шығару нұсқасы

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла Тағаланың атымен бастаймын!


  0AWosVQeEblWVu7d-lgАллаһтың ардақты пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның терең теңіздей тұңғиығы мол тағылымды хадистерінде: "Бес нәрсе келместен бұрын бес нәрсенің қадірін біл! Олар:


       1. Қартаймастан бұрын жастық шақтың;


      2. Науқастықтан бұрын денсаулықтың;


      3. Кедейліктен бұрын байлықтың;


      4. Шұғыл шаруалардан бұрын бос уақыттың;




  1. Өлместен бұрын өз өміріңнің қадірін біл",-деп көрсетеді (Хаким, Мустадрак, IV,341; Бұхари, Риқақ, 3; Тирмизи, Зүһд, 25). Соның әуелгісі-қартаймастан бұрын жастық шағыңды Аллаһпен рухани байланыста ұстауда, ғибадатта, илаһи ілім алуда, жүрегіңді ғапылдықтан ояту жолында бойыңдағы барлық ынта-жігеріңді салуды қажет етеді. "Мен әлі жаспын, алдымда өмірдің ұзақ жолдары жатыр, көрмеген жылдарым бар, алмаған асуым бар, өмірдің қызықшылығын көріп қалуым қажет",-деген мағынасыз бейқамдықтан һәм сынық сылтаулардан дер кезінде арылу- әркімге пайда әкелері хақ. Қасиетті Құранның "Дұхан" сүресінің 38-39-шы аяттарында былай айтылады: "Біз аспандар мен жерді және бұл екеуінің арасындағы заттарды ойын-сауық болсын деп жаратпадық. Біз оларды шындық және хикметпен жараттық. Бірақ та олардың көбісі бұдан бейхабар". Негізінде жоғарыда хадисте баян етілген мәселелер өз алдына жеке-жеке тақырыптарға ауқымды жүк болатындай күрделі дүниелер. Алайда біз соның тек біріншісі төңірегінде ғана шама-шарқымызға қарай ой жүгіртеміз. "Қартаймастан бұрынғы жастық шақ", ол қандай жастық шақ?! Ол жан дүниесі күнәға байланған, күнәһарлық пен нәпсіқұмарлыққа бой алдырған жастық шақ па? Әлде Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) көрсеткендегідей, Хаққа жақын, ойы таза, жүрегі илаһи нұрға боялған, рухы биік, санасы сергек, айналасына пайдалы, қоғамға қайырлы, құлшылыққа құштар қайырлы жастық шақ па?!Сіз қайсысын таңдар едіңіз? Әлбетте, соңғысын таңдар едіңіз. Керуен жылдардың тасасында қалып қойған пенденің кербез күндері сарғайған дәптердің ескі парақтарындай ескіріп, баянсыздың қызық, шыжығы да өшіп, еш болмағандай-ақ жылдарға жұтылып кете барады. Алайда Аллаһты таныған пенде екі дүниеде де еш ұтылмайды, мейлі жылдары жүйткіп, ғұмыры сағымға айналып кетсе де, жасаған көрікті амалы мен ғибадаты, оқыған дұғасы, намазы,  түнгі намазы, тәсбиғы, зікірі, шүкірі, қысқасы, Ұлы Жаратушыға қарай бағытталған барлық асыл бағдарлары  оны осы дүниеде қайырға, игілікке, өлімінің соңғы сәтінде жеңілдікке, қабірінде нұрға, ақыретінде жарық сәулеге айналады. Қияметте жүздерін шаң басқан, арып-аршыған топтардың қатарында Ұлы Жаратқанның нұрына бөленіп, жүздері жарқырап, маңдайлары сәжденің ізімен шуақ шашып, барлық адамзат алдында Хақтың қалауымен, Жаратқанның жарылқауымен бақыттың мөп-мөлдір кәусарына малынады.


    Ақырет тек есеп уақыты, айталық, дүниеде кім кімнің хақын жемей, кім кімді алдамай,  жер бетінің бұрыш-бұрышында зұлымдық жасамай жатыр дейсіз? Алайда олар адамнан таса болғанмен, Ұлы Хақтың назарында, әрқашан жіті бақылауында.  Аллаһ  уақытша бір мерзімге дейін сондай пенделердің  азап жібін созып қойған. Сондай қиянатшылдар Аллаһтың ұлы бақылауынан қалайша тыс қаламыз деп ойлайды? Бұл мүмкін емес дүние.


   "Арыштың"  көлеңкесіндегі жеті топ жайында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде  былайша баяндалған: «Аллаһ жеті топты өз көлеңкесінен өзге ешқандай қалқа жоқ қиямет күнінде өз панасына алады. Олар: алғашқысы – әділ басшы, екіншісі – өмірін ғибадат етумен өткізген жас, үшіншісі – жүрегі мешіттермен байланысты пенде, төртіншісі – Аллаһ үшін бір-бірін жақсы көріп, Аллаһ үшін бас қосып, Аллаһ үшін айырылған кісілердің екеуі де, бесіншісі – сұлу әйел шақырғанда, құмарлығын тежеп, «Мен Аллаһтан қорқамын» деген адам, алтыншысы – сол қолының берген садақасын оң қолы білмейтіндей, жасырып садақа берген адам, жетіншісі – жалғыз қалғанда Аллаһты еске алып көзі жасқа толған жан» /Бұхари, Әзән, 36; Муслим, Зәкәт, 91; Тирмизи, Зуһд, 56/.     Мұның да әрқайсысы ғұмырлық байламдарға  толы өзекті  мәселелер. Тақырыбымызға қарай,  тек "екіншісі – өмірін ғибадат етумен өткізген жас" мәселесіне ойысамыз. Аллаһ Расулының (с.ғ.с.) хадистеріндегі "қартаймастан бұрынғы жастық шақ", "өмірін ғибадат етумен өткізген жас" тамырлас ұғымдар. Жастық шақта Ұлы Хақты танудың, ғибадат ету сауабының салмағы да ауыр, Жаратқанның назарында дәрежесі де мол, қамқорлы панасына алынуы да қадап-қадап айтылған. Жастық шақта нәпсіні жеңіп, пәни өмірдің жалған жылтырақтарынан таза рухыңды кірлетпей ұстау, илаһи тақуалық таныту, пенделердің пендешілік әрекеттері мен шайтани сөздеріне мән бермей, көңілдің кәусарын кірлетпей аттап өту-қайсарлық пен шынайы тақуалықты талап етеді. Пәни ғұмырлық қиындықтарға мойымай,  сөгіс берушілердің сөзін қаперіне де алмай, тек Аллаһ үшін ілгері қадам жасаудағы кездескен дүниелік қиыншылықтарды, әлбетте, Жасаған көруші, есепке алушы һәм өзінің шексіз панасына алушы. Мәулана дүниедегі қиыншылықтардан құтылып, мәңгілік бақытқа қол жеткізуді былайша ашықтайды: "Мал-мүлікке аса көп берілме, бұл уақыт сағаты келген сәтте оны оңайлықпен тастай алу үшін өте қажетті. Яғни, адамдар қаражат сұрап келген сәтте бересің әрі сауапқа ие болуың үшін. Сен өзіңді әрдайым бірқалыпты ұстап тұрғаны үшін Аллаһ Тағалаға бар күшіңмен жабыс. Ол алғашқы әрі соңғы"..."Адамдардың көбісі денесінің өлуінен қорқып жатады. Негізінде қорқуы керек болған ағза ол- жүрек болуы тиіс. Жүрек әрдайым тірі болуы шарт".


   Жас кездегі жасаған ғибадат берік қорған әрі шайтани қылықтардан қорғайтын қалқан іспетті. Сол себепті хазіреті Әли (р.а.)  баласына: "Сенің жүрегің қатаймай тұрып, уақытты пайдаланып, сенің болмысыңа әдептің тұқымын егуге талпындым",- деген екен. Өйткені, егер адамның жүрегіне ерте жастан бастап, илаһи дүниелерді сіңірсе, ол міндетті түрде  күндердің күндеріне өзінің мәуелі жемісін береді.


     Құрандағы "Лұқман" сүресіндегі Лұқман хакімнің баласына қарата айтқан илаһи насихаты  оның тілі арқылы жеткізілген  күллі адамзатқа айтылған илаһи насихат. Лұқман хакімнің ұлы болды. Лұқман әрқашан оған Ұлы Жаратушыны тануды жүрегіне құйып, ақыл айтып, дұрыс жолға нұсқады.  Лұқман баласына амалының тек Аллаһ Тағала  мен өз ұжданының ризалығы үшін болуды, тәкаппар адамдарды мадақтамауды және мін тағушылардың сөздеріне құлақ аспауды насихаттады. Ұлына жастайынан илаһи тәрбие беруде барлық қажыр-қайратын жұмсады.  Баласы әкесінен осы ақыл-кеңеске сәйкес амал еткен адамды көргісі келетінін айтады. Лұқман хакім: "Сапарға дайындал, аттарды да дайында. Сапар бойында осы сұрағыңның сырын ашамын", - дейді. Перзенті әкесін тыңдап, сапарға жиналып, аттарды дайындайды. Лұқман атқа мініп, баласына артынан еріп отыруды бұйырады. Олар далада жер жыртып жүрген адамдардың қасынан өтеді. Адамдар әкесі мен баласын көріп, наразылық білдіріп: "Мынау қандай рақымсыз және тасжүрек адам!... Өзі атқа мініп, кішкентай баласын жаяу жүргізіп қойыпты", - деседі. Сол кезде Лұқман баласын атқа мінгізіп, өзі ұлының соңынан жаяу еріп отырады. Сөйтіп алдарынан тағы басқа адамдар кездеседі. Бұл жолы адамдар: "Перзентін дұрыс тәрбиелемеген мына надан әкені қараңдар... Міне, енді жас, күш-қуатты баласы өзі атқа мініп алып, қарт әкесін салпаңдатып, жаяу жүргізіп қойыпты", - деп наразылық білдірді. Мұны естіп, Лұқман да баласымен атқа мінгесіп, жолдарын жалғастырып, келесі топқа жетеді. Олар атқа мінген екеуін көріп: "Қандай рақымсыз адамдар... Екеуі бірдей әлсіз хайуанға мінгендері аздай, жүктерін де артып қойыпты", - дейді. Осыдан кейін Лұқман мен ұлы аттан түсіп,  сапарларын жалғастырып, басқа бір ауылға жетеді. Ауыл тұрғындары оларды көріп, таңғалып: "Мына қарт пен жас екеуінің аттары бола тұрып, жаяу жүріп, жолдың қиындықтарына төзіп келеді. Бұлар хайуанды жандарынан артық жақсы көреді екен", - деседі. Әкесі мен баласының сапары осы жерге жеткен кезде, Лұқман перзентіне: "Мен айтқан кеңестің көрінісі осы. Ақылды адам халықтың ризашылығына ие болудың орнына, ең әуелі Аллаһ Тағала мен ұжданының ризалығына ие болып, өз мақсаттарына жетуге талпынуы керек» дейді. Хаққа барар жолды мақсат еткен адам, адамдардың пендешілік сөздері мен сылтауларынан, жағымсыз әрекеттерінен жырақ ұстап, Алланы танудағы түпкі мақсатынан көз жазып қалмауы хақ.  Сол тәрізді жастық шақтың магнит өрісіндей тартып әкететін, шайтани жақтарынан өзін Аллаһқа ғибадат ету, иманды кемелдендіру, илаһи дүниелер оқу, ілім үйрену, парыздан тыс нәпіл оразаларды ұстау, тәһәжжуд оқу,  игі амалдар жасау нәтижесінде құтқара алады. Құранда: "Бір қауым өзін өзгертпейінше, Аллаһ оларды өзгертпейді",-деп ескертілгендей, пенде өзінің рухани дүниесін өзі кемелдендірмесе, өзге біреу кеп иманыңды көтеріп, амалыңды қуаттандырып, шайтанның азғыруынан  келіп құтқармайды. Яғни, пенде-өз жүрегі мен амалының егесі. Жүректің егесі ғибадатта бейқам, Аллаһты еске алуда немқұрайлы болса, шайтанның құрған торлары да мықты болатындығы күмәнсіз. Әли (р.а.) перзенті имам Хасанға: "Жастың жүрегі не ексең, сол өсіп шығатын тың жер сынды. Жүрек қатайып, ой басқа істерге аударылмай тұрған жағдайда, сенің тағылым-тәрбиеңе көңіл бөлдім. Табанды түрде ісіңді басқарып, барлық тәжірибеден пайдалануың үшін барлық күшімді аямадым. Сен біз түсінген нәрселерді түсінуің үшін, көлеңкеде өзіміз көрген жарықты көрсін деп талпындым", - деген еді. Әрине, жастық шақта ояу жүрекке жамандық тереңдемей тұрып, онымен күресу оңайырақ.


    Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні сахабаларына былай деді: "Өлгеннен кейін адамзаттың баршасы өкініш білдіреді". Сахабалар: "Оның өкініші не себепті?"- деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Егер де жақсы адам болса, жағдайын одан әрі жоғарылатпағаны үшін, егер де жамандықтың ішіндегі адам болса, осы жаманшылдықтан бас тарта алмағаны үшін өкініш білдіреді!"-деп жауап берді (Тирмизи, Зүһд, 59). Ұлы Аллаһ Тағала әрқайсымызға Хаққа жақындықты шынайы мақсат еткен, тірі, рухани ояу жүрек, илаһи тақуалық нәсіп етсін!


Меруерт Бақдәулетқызы, Семей қаласы.

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары