Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Жақсы жардың бір қасиеті - үнемшілдік
13 сәуір, 2015 жыл 325 Басып шығару нұсқасы

1274625795_coin-2Егер әйел олақ болса – ерінің соры. Әйел адамға үйге қатысты көп тірлік жүктелген. Және ұқыпты, жинақы әйелдер отбасындағы барды ұқсатып, оңды-солды шашпай, қадірін біліп жұмсайды. Бұл ақшаға ғана қатысты емес. Бұл үйдегі әр нәрсені киім болсын, жиһаз болсын күтіп ұстау, әр азық-түлікті ысырап етіп, далаға төкпей іске жарату деген сөз. Себебі отбасының күнделікті қажеттілігі таусылмайды, оны толық қамтамасыз етіп отыру үшін тұрақты кіріс көзі қажет. Ал осы кіріс көзі, яғни еріңіз табатын қаражатты қалай болса солай шашу ысырапшылдыққа, кедейлікке ұрындырады.


Ғұламалар: «Алланың алдында кедейлікке ұрынып, өзгелерден қол жайып сұрап жүргенше, берілген байлық үшін жауап берген жақсы» - деп тегін айтпаған. Әдетте үйдегі кіріс-шығыс әйел адамның қолында, ұсақ-түйектің бәрін реттейтін де, атқаратын да, қиюын келтіріп орын орнына қоятын да отанасы. Ал ері оны бақылап отыруы тиіс. Егер әйел адам үнемшіл, ұқыпты болмаса, ері қанша тапқанмен ақша ол отбасына ешқашан жеткізбейді.


Байлықтың, бар мен жоқтың қадірін, ысырап пен молшылықтың айырмасын білетін әйел адам үшін үйдегі әр зат есепте. Бұл дегеніміз тоқшылықта, бар кезде ысырапшылдық жасамай әр нәрсені орынды жұмсау, жоқ кезде сабыр етіп, қанағат қылу. Біз айтып отырған үнемшілдік – сараңдық емес. Мәселен, астың қалған тең жартысын төгу, ертеңге қалған нанды, қап түбінде қалған ұнды, жайылмай қалған қамырды тастау – ысырапшылдық. Ал ысырапшылдық – сараңдықтан да жаман. Ысырапшылдық ол отбасын жоқшылыққа жетелейді. Себебі әр түйір нан, қолдағы кішкене заттың өзі тегін келмейді, еңбекпен, маңдай термен келеді. Әр адам өз еңбегін, өзгенің еңбегін бағалауы қажет. Және бұл опық жегізбейді, адамның үнемшілдігінен, ұқыптылығынан көрінеді. Ал ақшаны үнемдеп жұмсау, керексіз заттарды алып, оңды-солды жұмсап тастап, кейін ай бітпей жатып келесі айлыққа дейін өзгелерден қарыз сұрап жүргеннен екі есе жақсы емес пе?


Үнемшілдік пен ұқыптылық – үлкен сый, екінің біріне берілмеген қасиет, керек дағды.  Тақуа әйелдер мұны әрдайым есте ұстайды. Қазақта «Көрпеңе қарай көсіл»-дейтін  мақал бар. Дәл осы мақал әр істе, мейлі үлкен іс болсын, шағын болсын бәріне қатысты. Киім-кешек, қажетті бұйымдар, жиһаз сатып алғанда да осыны есте ұстаған абзал. Себебі өмір жалғасады және келесі айлыққа дейін қалған ақшаңызды шайлыққа жеткізуді де ойлау қажет емес пе? Алла берген байлығы, асқан дәулеті болса басқа бір жөн. Ал отбасында бір табыс көзіне ғана қарап отырғандар үшін әр теңгесіне мұқият болу керек-ақ. Қалтаң көтермейтінін біле тұра сән қуу, байларға ілесуге тырысу сияқты істердің бәрі тек ысырапшылдыққа бастайды. Қолда барыңды бағалап, ертеңіңе қам жасау қажет бүгін. Себебі қазір әркім әрең жан бағып отырғанда, біреудің біреуге көмектесе қоятындай шамасы жоқ.


Тақуа әйел қолында барға шүкір етіп, соның қайырын сұрайды. Себебі қайырын сұрамаған дүние қанша көп болса да желге кетеді. Керісінше қанағат қылған сайын несібе арта бермек. Ертеректегі дана аналарымыз ерлеріне: «Харам жолмен ақша таппа! Аштыққа шыдармыз, бірақ Тозаққа шыдамаймыз»-дейді екен.  Мұндай  әйелдер бүгін де бар. Бірақ аз.


 Қарағанды облыстық орталық мешіті

Әмина Омарова

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары