Тойымсыздық, уайымсыздық — қайғы анық.
Бірақ мұны ұға бермес бай халық.
Жинайды кеп,
Жинайды кеп,
Жинайды,
Соның бәрін кетеді жұрт қайда алып?!
Бар деп менің дәулет пенен бақта есем
Құдіреттің кең қалтасын қақпас ем.
Бір қап түгіл, алтын берсе бір дорба,
Соны да мен қоярға жер таппас ем!
Кешір мені!
Дәулет қуып шаппаймын.
Кейде осындай жыр жазам деп жақпаймын
Қайтем бәрін!
Алтын түгіл
Жанымның
Өзін кейде тығарға жер таппаймын!
Адамның әлсіз жақтарының бірі материалдық игіліктерге деген шексіз ұмтылысы. Құранда бұл жөнінде былай делінген: «Шын мәнінде адам баласы шыдамсыз, (әр неге) құмар болып жаралған. Басына бір бейнет жетсе налығыш келеді. Ал қандай да бір жақсылық дари қалса, сараңдығы ұстап қалады», (әл-Мағариж, 19-21аят) келесі бір аятта «Оның(адамның) мал-дүниеге деген құмарлығы өте күшті». (әл-Ғадият, 8-аят). Адам баласы осы бір әлсіз тұсына жеңілсе ашкөз, дүниеқоңыз, сараңға айналады.
Ашкөздік — жүректің рухани дерті, адам бойындағы жиренішті қасиеттердің бірі. Одан сақтану үшін оның не екенін жақсы түсінуіміз керек, сонымен қоса оның өзегін, қалай пайда болатынын білуіміз керек. Ашкөздік дегеніміз – өзінде барды аз көріп, мал мүлікті, дүниені қатты қалау. Анықтамасынан көріп тұрғанымыздай ашкөздіктің өзегі қанағатсыздық, шүкірсіздік және ахіретті ұмытып, дүниеге деген шектен шыққан махаббат. Ол сараңдық, қызғаныш, басқаның қолындағыға қызығып қарау, өзіне тиесілі еместі талап ету секілді көптеген жаман қасиеттерге себеп болады.
Абдулла ибн Омардан (Алла одан разы болсын) жеткен хадисте: Пайғамбарымыз: «Ашкөздіктен сақтаныңдар! Өйткенi, ашкөздік сендерден бұрынғыларды опат еткен. Ашкөздік оларға сараң болуды бұйырғанда, олар сараңдыққа ұрынды. Бұзақылыққа бұйырғанда, бұзақы болды. Туыс-бауырмен қатынасты үзудi бұйырғанда, олармен қатынасты үздi» - деп, бұл дерттің басқа дерттерді қоздырушы екеніне ишарат етіп кетті.
Қай заманда болсын өмір сүрген ұлы тұлғалар мұндай жиренішті — қаттылық, қараулық, қарабайлық сияқты әдеттерден жұртшылықты, әсіресе жасөспірімді сақтандырып отырған. Мәселен, өзбек ойшылы Әлішер Науаи: «сараң — пайғамбардың жиені болса да, пейішке(жәннатқа) бармайды» - десе, түркістандық Ахмет Жүйнеки: "сараң дүниенің малын жиса да тоймайды" - дейді.
Сараңдық адамның жүрегін имандылыққа емес, дүниеқоңыздылыққа толтырады, соңдықтан ол өзін, отбасын ойлауды қойып, жатса-тұрса ойлайтыны байлығы болады. «Өзі тоймастың көзі тоймас» деген мәтелге сай, өзінің байлығы өзгенікінен аз көрініп, қайтсем бәленшенің байлығынан асып түсемін деп, нешетүрлі қылмыстық әрекеттерге барып, көлеңкелі бизнеспен айналысу, пара беру, қылмыстық топтар құру сияқты әрекеттерге барып жатады. Яғни «Сараңдықтың соңы – арамдық» деген мәтелге сай болады. Өйткені, жүректе имандылық, сүйіспеншілік, адамгершілік сияқты қасиеттер қалмай, оның орнына байлыққа деген сүйіспеншілік, махаббат орнығады. Сөйтіп сараңдық адамды Алла Тағалаға құл емес, дүниеге құл етеді. Ашкөздік – адамның құлдық қамыты деген сөз осыдан шығар.
Ашкөздік - ең мықтымын дегендердің жауырынын жерге тигізетін құбыжық. Өйткені, адам неге құмар болса соның құшағында жантәсілім болады.
Ашкөзділіктен арыла алған кісіге уақыт өте келе бәрі қызыға қарайтын болады. Себебі өзгенің қолындағыға қызықпай абыройлы жүру Пайғамбар мақтаған, жұрт жақтаған қасиет.
Алла алдында сұралатынын ұмытып, тек дүниелік пайда қуған адам шыншыл да, принципшіл де, батыл да, өз парызына адал да бола алмайды. Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлықпен "табыс" табуға әдеттенген адамдар көбейе бастады. Оның басты себебі имансыздық, ашкөздік. Бұлар шынтуайтқа келгенде адамға тән аяулы сезімдерден, өз халқына, Отанға деген сүйіспеншіліктен, ізгілік пен имандылықтан, жан тазалығынан жұрдай адамдар. "Тәрбие бесіктен басталады" дегендей, әр ата-ана өз ұрпағына мұндай жаман қасиетті дарытпау жағын баласы жарық дүниеге келгеннен бастап ойластыруы тиіс.
Ал енді осы кеселден қалай сақтанамыз, ұрынсақ қалай құтыламыз? – деген адамға жоғарыдағы аяттардың жалғасында Алла тағаланың айтқанын келтірейік: «Шын мәнінде адам баласы шыдамсыз, (әр неге) құмар болып жаралған. Басына бір бейнет жетсе налығыш келеді. Ал қандай да бір жақсылық дари қалса, сараңдығы ұстап қалады. Алайда намаз оқитындардың жөні бөлек. Олар намаздарын үзбей оқиды. Қолдарындағы дүние-мүліктерінде белгілі мөлшерде ақы бар екенін мойындайды, Қайыр тілеуден басқа амалы қалмаған пақырлардың һәм (қанша жерден мұқтаж болса да елге алақан жаюдан қымсынатын) мұқтаж жандардың (ақысы бар екенін біледі)». Осы аятта Алла тағала намазын үзбей оқитындарды сараң болмайды деп мақтап жатыр, себебі олар қолындағы дүниеден өзгеге беретін үлесі бар екенін түсінген, мойындаған. Аяттарды жалғастырып оқысаңыздар басқа да жақсы мақтауларды көресіз. Осы мақтаулы, жомарт адамдар қатарына кірудің кілті намазды үзбей, тиянақты оқу. Өйткені намаз адамды тәрбиелейді, кемшілігін түзеуге бағыттайды. Алла тағала мүміндерге бекерден бес уақыт намазды және басқа да амалдарды парыз етпеді. Олардың адамды түзейтін, шыңдайтын өзіндік тәрбиелік мәні бар. Сондықтан мұсылман адам өзінің мойнына жүктелген бес парызына бекем болуы керек. Оның бес парызы рухани дерттерден айығуға апаратын бес дәрісі десек те болар.
Бес дәріміздің біреуін кемітпей уақытылы қолданып жүруді Алла баршамызға нәсіп етсін!
Әманда елімізде тыныштық болып, рухымыз аман, деніміз сау, пейіліміз кең, мерейіміз биік, табысымыз баянды болғай!
Омаров Нұрперзент Еламанұлы,
Жезқазған қаласы,
«Ахмет Ишан Оразайұлы»
мешітінің бас имамы
Пікірлер