Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Кешір мені...
15 қыркүйек, 2021 жыл 346 Басып шығару нұсқасы

Басқа сынақ келгенде «Қағбаның алдында тұрғанда неге осы мәселе туралы қайырын сұрамадым» деп өкінемін. Әрине бұл дұрыс еместігін де түсінемін, кейде тіпті күпірлік па деп қорқамын. Дүниелік қажеттілік бірінші орынға түсіп кеткенде иман әлсіреп, тіпті Алланы ұмытып та кетеміз. Сол үшін мен Алладан кешірім сұраймын. Кейде түнде тұрып, егіліп жылап кешірім сұрағым келеді. Себебі «...Алла тәубе етушілерді жақсы көреді әрі таза болушыларды да жақсы көреді». («Бақара» сүресі, 222-аят).

Егер де адам күнә жасап қойса, бірден тәубе етіп, Алла Тағаладан кешірім сұрауы қажет. Бұл туралы әрбіріміз білеміз, бірақ көңіл бөліп жүрміз бе? Имам Муслим Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят еткен хадисте  Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Жанымның Иесі болған Алла Тағаламен ант етемін, егер де сендер күнә жасамағанда, Алла Тағала сендерді күнә жасайтын және Раббысынан жарылқау тілейтін басқа адамдармен алмастырып, есесіне олар Алланың жарылқауына бөленер еді», - деген. Күнә істеген адам өкініп, дәрет алып намаз оқыса және күнәсының кешірілуі үшін истиғфар айтса, Алла Тағала ол күнәны әлбетте кешіреді. Өйткені Алла Тағала Құран аятында  былай дейді: «Біреу бір жамандық істесе немесе өзіне зұлымдық қылса да, сонсоң Алладан жарылқану тілесе, Алланы аса жарылқаушы, ерекше мейірімді табар еді». («Ниса» сүресі, 110-аят). Шайтан адам баласын  азғырып, тура жолдан тайдырып жатса да, құлы Жаратушысынан шынайы ықыласпен кешірім сұраса, Алла құлын кешіреді. Ол – асқан кешірім Иесі.  

Алланың мейірімінің шегі жоқ. Әр адам күнәсі үшін теубе етіп, кешірім сұрағаны үшін төмендегі үлкен нығметтерге бөленеді:

Алланың кешіріміне ие болады

Дүниелік істерде таршылық көрмейді

Қанағатшыл, сабырлы болады

Күнә істерді жасаудан өзін тыяды

Аллаға жақындай түседі

Дұғаларының қабыл болуына себеп болады

Рухани тазарады

Жүрегі жұмсарып, мейірімді болады.

Кешірімділік қасиеті асыл дініміз исламның негізгі өзегінің бірі болып табылады. Ең әуелі Ұлы Жаратушы Алла Тағаланы ерекше, мейірімді, кешірімі мол деп ұлықтаймыз. Қасиетті Құран Кәрімде «кешірім» сөзі 234 мәрте айтылады екен. Демек, кешірімділікке ерекше мән берілген. Бұл туралы Құранның «Мәида» сүресінің 39-аяттында: «Кімде-кім зұлымдық жасағаннан кейін тәубеге келіп түзелсе, Алла оның тәубесін қабылдайды. Алла шынында бек кешірімді, ерекше мейірімді», деп көрсеткен. Кешірімді жандар Ұлы Алла Тағаланың мейіріміне бөленеді. Құранда кешірімді жандар жайлы «Әли-Имран» сүресінің 134-аятында: «Сондай–ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді» деп, кешірімді адамдарға Ұлы Жаратушының ерекше мейірімі бар екендігін жеткізеді.

Алладан кешірім сұрап, тәубе етуші адамның ризығы артып, дүниесіне береке бітеді әрі ол адамның перзенті болмаса,  Алла оған перзент береді. Бірде Хасан әл-Басриге (оған Алла разы болсын) бір диxан келіп жерінің құнарсыз әрі өнімсіздігіне шағымданады. Сонда ол кісі «Алладан кешірім сұра» деп насиxат айтады.  Келесі кісі өзінің кедейлігін айтып шағымданады. Хасан әл-Басри оған да «Алладан кешірім сұра» дейді. Үшінші кісі өзінің перзентсіз екенін айтып шағым түсіреді. Сонда ғалым оған да: «Алладан кешірім сұра» дейді де артынан «Нұx» сүресінің мына аяттарын оқиды: «...Өздеріңнің Раббыңнан кешірім тілеңдер, өйткені Ол – көп Кешіруші (Ғаффар). Ол сендерге аспаннан мол жаңбыр жібереді, сендерді мал-мүліктермен және перзенттермен қолдайды...» («Нұx» сүресі,10-12-аяттар).

Алла Тағала, біздерді кешіре гөр. Барша мұсылманның біліп-білмей жасап жатқан жасырын да әшкере, үлкенді-кішілі күнәларын кешіре гөр!

 

Валиев Ахмадулла

Балқаш қалалық мешітінің наиб имамы

 

 

www.ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары