Надандық – адам бойындағы білімсіздікті, қараңғылықты, мәдениетсіздікті білдіретін құбылыс. Ақыл болған жерде надандыққа орын аз. Өйткені кемел ақыл надандықтың дұшпаны. Надандықтың адамдық асыл қасиетке көлеңке түсіретін құбылыс ретінде білімсіздік, қараңғылықтан нәр алмақ. Бірақ надандықтың тек білімсіздікпен ғана анықталмайды, надандар жоғары білімді, тіпті арнайы ғылыми дәрежесі бар адамдар ішінде де бар.
Надандық пен ақымақтық деп – әрбір істі өз орнымен уақытылы атқара алмауды айтады. Демек, қандай адаммен қалай сөйлесу керектігін, бір мәселені қалай жеткізуді, қай жерде, не айту керектігін білмейтін адамды «надан адам» десек те, «ақымақ адам» десек те, болады. Білім мен ақпарат болған күннің өзінде, оны орынды әрі дұрыс қолдана білмеу адамды надандар мен ақымақтардың деңгейіне түсіреді. Атақты табиғин Ахнаф ибн Қайс (Алла оны рақымына алсын) надан адам мына алты қасиетімен танылады:
«Әрбір кісіге сенгіш келеді, пайдасыз сөз сөйлей береді, себепсіз ашуланғыш болады, орынсыз сыйлық ұсынады, әрбір кісіге сырды жая береді, дос пен дұшпанды ажырата білмейді.» – деп айтқан.
Имам Әбубакр әл Ажурри:
«Наданнның негізгі белгісі: таласып, тартысу, дауласу, үстем келуге тырысу» – деген.
Надандықтың белгісі ретінде мысал келтіретін болсақ, қазіргі уақытта әлеуметтік желіде отырған жалған діншілдер, жалған отансүйгіштер, жалған ұлтшылдар, сонымен қатар ғалымсымақ адамдар елдің іргесін бұзып, араға іріткі салып, мұсылманмен мұсылманды бір бірімен ұрыстырып, жөнсіз талас тартысқа итермелеу сынды жағымсыз әрекеттерді жасап жатырғандар, оған қоса сол надандардың сөзін әрі қарай тарату арқылы, көпшіліктің алдында өзіне абырой жинау. Көзі ашық, көкірегі ояу адамдардың «мұның дұрыс емес» деген ақылына құлақ аспақ түгілі, ел алдында масқарасын шығарып, боқтап, қарғап сілеп жатқандардың барлығы надандықтың белгісі.
Ибн Хиббан (Алла оны рақымына алсын):
«Ақымақтың мысалы мынадай. Жанында жүрсең, жүйкеңді жұқартады. Ұзап кетсең, балағаттайды. Берсе, міндет қылады. Берсең, қадірін білмейді. Саған сыр айтса, сені айыптайды. Оған сыр айтсаң, сырыңды өзгеге айтып қиянат жасайды. Сенен жоғары болса, қор көреді. Сенен төмен болса, сыртыңнан сөз айтады.» – деген екен.
Қасиетті Құран Кәрімде Жаратушы Жаппар иеміз:
«Рахманның құлдары жер бетінде кішіпейілділікпен жүреді және надандар оларға үн қатқан кезде, «сәлем болсын» (амандық болсын) дейді.» – деген. (Фурқан сүресі 63 аят) Бұл аятта Алла Тағала баршамызға «Надандармен надан болмаңдар» деп үндеп тұр. Надандар үнемі Алланың сүйікті пенделеріне тіл тигізіп, бүлік шығаруға тырысады. Бірақ Құдайдан шынайы қорқатын момындар надандар мен ақымақтарға уақыт бөліп отырмайды. Арабтың әйгілі ақыны әрі батыры Антара ибн Шәддәд бір күні жолда бір өгізді көріп, ығысып жол беріпті. Оның бұл әрекетін кейбіреулер қорқақтыққа балап:
– Уа, Антара! Мынауың не? Батырлығың қайда? – деп мұқатқан екен. Сонда Антара:
– Сендер қызық екенсіңдер! Өгіз менің Антара екенімді қайдан білсін?! – деп жауап берген екен.
Атақты ғалым Уәһб ибн Мунаббиһ (Алла оны рақымына алсын):
«Ақымақ тозығы жеткен киім ескі киім секілді. Жыртылған бір жерін жамауға кіріссең, басқа бір тұсы жыртылып жатады. Немесе сынған балшықтан жасалған ыдыс іспетті. Не жамауға келмейді, не тігуге келмейді. Тіпті бастапқы күйіне түсіп балшық та болмайды.» – деген.
Надандықтың адамшылық қасиеттің кемел формасы – кісіліктің антиподы. Бойында кісілігі аз немесе жоқ адамның надандығы басым болады. Кісілікті адамның жаны жомарт болмақ. Хәкім Абай жомарт жанға адамның үш қасиеті тән, олар: ыстық қайрат, нұрлы ақыл және жылы жүрек дейді.
Надандықтың бір көрінісі – мәңгүрттік. Себебі наданда жылы жүрек болмаған соң, онда туған елге, тарихқа, мәдениетке, тілге, ата-анаға, бабаларына деген құрмет сезімі жоқ. Надан таза пайдадан өзгені көзіне ілмейді. Осы хәлді Абай: “Естілер де ісіне қуанбай жүр, ел азды деп надандар мұңаймай жүр” деп тұжырымдаған. Надандықтың күні өтіп кеткен құбылыс емес, ол қазіргі заманның аса қауіпті дерті. Әр елдің озық ойлы адамдары бұл дерттен арылудың жолдарын іздестіруде. Надандықтың әр түрлі деңгейлері бар, ол жеке адам басындағы Надандықтан, мемлекеттік саясатқа дейінгі сатылардың әрқайсысынан көрінеді.
Алла Тағала баршаларымыздың көкірек көздерімізді ашық, жүздерімізді жарқын қылғай!
Шет ауданы «Жанқұтты би» мешітінің ибас имамы
Маханбетчин Берік Алпысбайұлы
ihsan.kz
Пікірлер