Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ТАҒДЫРҒА РАЗЫ БОЛУ
20 қыркүйек, 2021 жыл 33 Басып шығару нұсқасы

Разылық дегеніміз – тағдырға разы болу. Яғни, бізге берілген жақсылық та жамандықта Алла Тағаланың тарапынан деп білу. Разылық – адамды Алла Тағалаға алып баратын төте жол. Билік те, байлық та біздерге бақыт сыйлай алмайды. Бақытты біз жүректегі разылық пен қанағттан ғана таба аламыз.

Алланың елшісі (с.ғ.с.) айтады: «Байлық – мал дүниенің көптігінде емес, байлық – жан-дүниенің тоқтығынан».

Жалпы, тағдыр дегеніміз – Алла тағаланың пенделердің ісін алдын-ала білуі және соны жазуы ғана. Ал, тағдырға иман келтіру - Алланың білім сипатына, білуші деген есіміне иман келтіру болып табылады. Алла тағала он сегіз мың ғаламды жаратпай тұрып,  оның жағдайын білді. Кейбір адамдар «әр бір пенденің тозақтағы немесе жұмақтағы орны белгілі» деген мағынадағы хадистерді оқығанда «менің амалым, жұмақтық яки тозақтық екенім жазылып қойылған болса, несіне әуре болып амал етемін? Мен жұмаққа қанша тырыссам да тағдырымда тозақтық деп жазылған болса соңында бәрібір тозаққа түсемін ғой. Ал егер жұмақтық деп жазылған болса қанша күнә істесем де соңында жұмаққа кірмеймін бе? Онда амалдың қажеті жоқ!» деген шайтани азғыруларға еріп, малғұнның тұзағына түсіп қалып жатады.

Хақ тағала қияметке дейін болатын шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, масалардың санын да, қанша тамшы жаңбыр жауатынын да, қанша тал өсіп қанша жапырақтың үзіліп түсетінін де біледі. Алланың білімі шексіз. Шексіз білім иесі болған Алла тағала қанша тамшы жаңбыр түсетінін білгендей пенделерінің өзі тарту еткен таңдау құқығын пайдалана отырып қандай жолды таңдайтындықтарын да білді. Сол білімнің негізінде пенделердің тағдырын жазды. Пенде кез келген істі істеуде ерікті. Ол үйінен шыққанда оңға бұрылып мешітке бара алады немесе солға бұрылып түнгі клубқа бара алады. Әрбір адам мұны жақсы біледі. Демек Алла тағала Өз құлдарына тозақ иелерінің немесе жұмақ  иелерінің амалдарын мәжбүрлеп істеткендіктен емес, керісінше, пенделердің Алла Тағала берген таңдау құқығын пайдалана отырып қандай таңдау жасайтындығын білгендіктен, олардың тағдырын жазды.

Әркім өз жолын өзі таңдайды. Алла тағала «Кәһф» сүресінің 29-аятында: «Кім қаласа иман келтірсін, кім қаласа кәпір болсын», десе, «Инсан» сүресінің 3-ші аятында: Расында, оған тура жол көрсеттік. Мейлі шүкірлік қылсын, мейлі қарсы келсін.Тағы бір аятта: «Оған екі көз жаратпадық па? Әрі бір тіл, екі ерін? Оған екі жол көрсетпедік пе?» – делінген (Бәләд, 8-10).

Абдуллаһ ибн Омарға бір кісілер: «Уа, Әбу Абдуррахман! Бағзы біреулер арақ ішіп, зина жасап, кісі өлтіріп, соңында «бұл істеріміздің барлығы Алланың білімінде бар (демек тағдырымызда бар). Бар нәрседен қашып құтыла алмаймыз» дегенді айтады. Осыған не дейсің?» – деген сұрақ қойғанда Абдуллаһ ибн Омар қатты ашуланып: «Субханаллаһ! Алланың білімінде олардың сол істерді істейтіндігі бар. Алайда Алланың білімі оларға соны істеткен жоқ. Алланың білімі сендерді көлеңкелеп тұрған аспан, көтеріп тұрған жер тәрізді. Жер мен аспанның арасынан шығып кете алмағандай Алланың білімінен де шығып кете алмайсыңдар. Аспан мен жер сендерді күнәні істеуге мәжбүрлемегендей Алланың білімі де сендерді күнә істеуге мәжбүрлемейді. Күнә істеп,алайда істеген күнәсі үшін өзін кінәлаған адам  күндіздері ораза тұтып, түндері тәһәжжудке тұрып жүріп «күнәні пендеге Алла істетеді» деген адамнан әлдеқайда қайырлы», – деп жауап берген.

Бізге берілген үлкен мейірімділіктің бірі – «ар-рида бил-кадр», яғни Алланың жазмышына разы болу. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз дұғаларының бірінде осы қасиетті сұраған. Бұл разылық – ақиқатында бұл дүниедегі тыныштықтың қайнар көзі: «Иә, Алла, Сенің жазмышыңа және Сенің маған сыйлағаныңа разы болар сабырлы жүрек сұраймын».

Бұған қалай қол жеткізуге болады? Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұны бізге үйретіп кеткен болатын: «Өздеріңнен жағдайлары жақсыларға қарамаңдар. Өздеріңнен жағдайлары нашарларға қараңдар, өйткені бұл сендерге Алланың мейірімін естеріңе түсіреді» (Бұхари мен Мүслим).

Ал біз жағдайлары бізден де жақсыларға қызғанышпен, іштарлықпен қарамайтын болсақ, онда біз де олар жеткен табыстарға жетуге тырысар едік: «Сендердің жандарыңдағы дүниелік түгейді де Алланың қасындағы қалады. Әрине сабыр еткендердің сыйлығын, істеген істерінен де жақсырақ береміз. Ер немесе әйелден кім сенген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз» (16:96-7).

Егер адам Алла разылығы үшін басқалардың жетістіктері мен пендешілік игіліктеріне қарап шүкірсіздік пен уайымға салынудан бас тартуға тырысып көрсе, оның орнына қайырымды істерге көңіл қойса, онда бұл оған мәңгілік өмірде шегі болмас мәңгілік бақыт пен рахатқа бөленуге мүмкіндік береді.

         Әрқайсымыз да тәубәшіл не болмаса шүкірсіз болуды таңдай аламыз. Бойы аласа адамдар бойымыз қысқа деп бойшаңдарға мұңая қараса; соқыр адам көзінің көрмейтініне, саңырау адам құлағының естімейтініне, мылқау адам сөйлей алмайтынына қайғырады.

Шүкірсіздік кейбіреулеріміздің өмір бойына соңымыздан қалмайды: тіпті қалағанымызға қолымызды жеткізіп отырсақ та, біз бұл қайырымдылықты тез ұмытып кетеміз де, бізге тағы да бір нәрсенің жетіспейтіндігіне наразы боламыз. Әйтеуір, қайткенде де шүкірсіз болудың бір себебін тауып аламыз. Неге? Өйткені тойымсыз, қанағаты жоқ нәпсінің соңына ілесіп аламыз да соның шырмауынан шыға алмай жүреміз. Сөйтіп, Алланың берген нығметіне разылық танытудан, Оған шүкір айтудан қаламыз.

«Әрі сендерге өзінен сұраған нәрселеріңнің бәрінен берді. Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар. Расында адам баласы өте ынсапсыз, аса шүкірсіз!» (14:34).

Тағдырға разу болудың үкімі қандай? Ислам ғалымдары: «тағдырға разы болу – мустахаб, ал оған сабыр қылу – уәжіп», – деген. Разы болу – болған іске іштей келісіп, басқаша болуын қаламау, таңдауды Аллаға қалдыру дегенді аңғартады. Тағдырға разы болған пенденің басына бір қайғы түссе, оны күлімсіреп қарсы алады, «басқаша болғанда еді» деген ойда болмайды, «Алланың таңдағанында хайыр бар» дейді. Сабыр қылушы адам болса іштей қынжылып-қиналады, істің басқаша болғанын қалайды. Мысалы, баласы қайтыс болса, «қайтыс болмағанда еді» деген ойда, «тағы да өмір сүргенде еді» деген арманда болады, алайда ешқандай күпірлік, наразылық сөздерін айтпайды, керісінше, «Алла берді Алла алды. Барлығымыз Алланың құзырына қайтамыз» деген сөздерді айтады. Тағдырға разы болу әрбір пенденің қолынан келе бермейтін, жету қиын болған бір мақам болғандықтан Алла тағала оны пенделеріне уәжіп еткен жоқ. Құранда айтылғандай Алла тағала құлына шамасы келмейтін істі жүктемейді. Басқа түскен қайғы-қасіретке сабыр ету әрбір пенденің қолынан келетін іс. Сондықтан асыл дініміз тағдырға разы болуды мустахаб етті де оған сабырлық етуді уәжіп етті.

 

Шет ауданы «Жанқұтты би»

мешітінің бас имамы

Маханбетин Берік Алпысбайұлы
 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары