Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Салауат айту - уайым мен қайғыдан арылтады.
30 маусым, 2015 жыл 62 Басып шығару нұсқасы
 

 

HKB4ZkM1RW8Мұсылманның ең үлкен тілегі, қалауы – Қиямет күнінде Мұхаммед Пайғамбармен бірге болу. Оның қасынан артық әрі лайықты орын жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Салауатты көп айтқан адам Қиямет күнінде маған ең жақын адам болады»-деген.


Біз Алланың елшісіне салауат айтқан кезде Алла Тағала бізге он есе мейірімін төгеді, жарылқайды. Әр салауат айтқан сайын адамның Алла Тағаланың алдында қаншалықты көтеріле беретінін ойлап көріңізші.


Бірде сахабалар Алла елшісінің қуанып отырғанын көреді. Олар: «О, Алланың елшісі! Біз сенің қуанышты жүзіңді көріп тұрмыз»-дейді. Ол: «Мен қалай қуанбайын, Жәбірейіл маған «кімде кім маған салауат айтса Алла соған он есе мейірім көрсететінін» жеткізді»-деген екен.


Салауат айтудың пайда зор. Ол біздің барлық өмірімізді қамтиды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім маған күніне 100 рет салауат айтса, Алла соның қажетін ашады»-деген. Салауат айту уайым мен қайғыдан арылтады. Пайғамбарға салауат айту – құлшылықтың қабыл болуының, деннің сау болуының кепілі. Бұл жүрек нұры. Алла елшісіне салауат айту – Алла Тағаланың өз құлының құлшылығы мен ісін қабыл етуіне себеп болмақ.


Ұлы сахабалардың бірі Убай ибн Каб: «О Алланың елшісі! Мен Алла Тағаладан мені саған салауат айтушылардың бірі етуін сұраймын. Мен саған қанша рет салауат айтайын?»-деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қанша қаласаң сонша»-дейді. Сахаба: «Мен салауатқа уақытымның төрттен бірін арнаймын»-дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қалауың білсін, егер арттырсаң одан да жақсы»-дейді. Сонда сахаба: «Мен салауатқа уақытымның жартысын арнаймын»-дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қалауың білсін, егер арттырсаң одан да жақсы»-дейді. Сахаба: «Мен салауатқа уақытымның үштен екі бөлігін арнаймын»-дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қалауың білсін, егер арттырсаң одан да жақсы»-дейді. Сахаба: «Онда мен саған әрдайым салауат айтатын боламын»-дейді. Сонда Алланың елшісі: «Сен уайымнан құтыласың және сенің күнәларың кешіріледі»-деген екен.


Алла елшісіне салауат айту уайымшылдықтан арылтады. Көптеген адамдардың жүрегінде мазасыздық бар. Алла елшісіне көбірек салауат айтыңыз – өз жүрегіңізді мазасыздықтан арылтасыз және Алла күнәларыңызды кешіреді. Салауатты жиі айту осы әлем мен мәңгілік әлемнің қиындықтарын жеңілдетуге көмектеседі.


Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Меккеде үнемі мен жанынан өткен сайын маған салауат айтатын тас бар»-деген. Алланың елшісі тастың салауатын ұмытпаған. Ал өз үмбетінің бір салауатын ұмыта ала ма? Әрине жоқ, себебі Алланың елшісі әрдайым өз үмбетімен бірге.


Салауат айту намазда, жұма хұтпасында, сондай-ақ көптеген жерлер мен жағдайларда қажет. Әсіресе мұсылмандар жиылғанда қажет. Пайғамбарымыз, Алланы еске алып, елшісіне салауат айтатын мұсылман жиналыстары қабыл болатынын жеткізген. Алла еске алынбаған, Пайғамбарға салауат айтылмаған жиынның сұрауы болмақ. Мешітке, үйге кіріп-шыққанда салауат айтқан абзал. Әсіресе жұмада айтуды ұмытпау керек. Алланың елшісі: «Жұмада көптеп салауат айтыңдар. Шынында бұл салауат маған жетеді»-деген. «Ең сараң адам – менің атымды еске алғанда, маған салауат айтпайтын адам»-деген. Неге ол адам сараң болады? Себебі ол өзіне сараңдық жасайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) біздің салауат айтуымызға мұқтаж емес, оны Алланың өзі жарылқамай ма?! Бұл сараңдық өзіңе келер көп сауаптан құр қалдыратын сараңдық.


Дұға Пайғамбарға салауат айтқанша жер мен көктің арасында тұрады дейді. Алла Тағаладан әлденені сұрарда салауатпен бастап, салауатпен аяқтаған абзал. Мұндай құлшылықтың қабыл болатынына сенім кәміл. Бізді Алланың елшісімен байланыстыратын бірден-бір дүние – ол салауат. Ол - Пайғамбарға ғана емес, Аллаға жақындау жолы. Алла Тағала Құранда: «[О Мұхаммед!] айт: "Егер сендер шынымен Алла Тағаланы жақсы көрсеңдер, менің соңымнан еріңдер және Алла сендерді жақсы көретін болады» - дейді.


Қарағанды облыстық орталық мешіті

Әмина Омарова

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары