Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Бауырларды жарастыру үшін не істейміз?
05 қазан, 2021 жыл 505 Басып шығару нұсқасы

تُرْحَمُونَ لَعَلَّكُمْ اللَّـهَ وَاتَّقُوا  خَوَيْكُمْۚبَيْنَ فَأَصْلِحُوا إِخْوَةٌ الْمُؤْمِنُونَ إِنَّمَا

«Расында, мүміндер – бір-біріне шынайы бауыр. Олай болса, бауырларыңның арасын жарастырыңдар, сондай-ақ (бауыр ақысына келгенде) Алладан қорқыңдар (һәм үкіміне қарсы келуден сақтаныңдар)! Міне, сонда Оның рақымына бөленерсіңдер!»

                                                                                                         әл-Хужурат: 10

 

Осы аяттан бір түсінетініміз мұсылмандар (шынайы бауырлар), араларына шайтан лағынеті түскендігі үшін, бір-біріне қапа болып, аралары ажырап қалып жатады. Тіпті кейбір жағдайлар төбелеске, дүрбелеңге шейін ушығып кетеді. Сол кезде біздің істейтін ісіміз мұсылмандардың бір-біріне бауыр екендігін естеріне түсіріп, араларын жарастыру. Сол кезде Алланың рақымына бөленеміз.

Бауырларды жарастыру үшін не істейміз? – десеңіз.

Құран Кәрімнің «Шура» сүресі, 43-аятында Алла Тағала:

الْأُمُورِ عَزْمِ لَمِنْ ذَٰلِكَ إِنَّ رَوَغَفَ صَبَرَ وَلَمَن

«Әрине кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы», – деп айтқан.  Бір-біріміздің оғаш қылықтарымызға сабырлық танытып, кешірім білдіре білу керек.

Бір күні Пайғамбарымызға ﴾ﷺ﴿ Жәбірейл ﴾а.с.﴿ келіп: «Ей, Мұхаммед! Мен саған бұл дүниелік және ақыреттік болатын көркем мінездер әкелдім», - деп мына аятты оқыды:

خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ

(Мұхаммед) кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет. Сондай-ақ надандардан бет бұр[4]. Сонда Пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿ одан бұл аяттың мағынасын сұрағанда Жәбірейл ﴾а.с.﴿: «Расында Алла Тағала саған, сенімен арасын үзген адаммен қарым-қатынасыңды жақсартуды, саған бермеген адамға беруді, саған зұлымдық жасаған адамды кешіруді, саған дұшпандық қылғанға сабыр етуді бұйырды», - деген екен.

Бұл жайлы қазақтың дара тұлғаларының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы былай дейді:

 

Біреудің мінін кешірсең,

Құдай да сені кешеді.

Бірін де қылмай есірсең (кекшіл болсаң),

Төбеңді әлі-ақ теседі.

Көңілі жұмсақ адамның,

Күрмеуін тағдыр шешеді.

Пейілі жаман адамның,

Орыны дайын деседі.

Бауырыңның айыптарын жауып, қателіктерін кешіре білу.

Бауырың күнәдан пәк періште де, пайғамбар да емес сондықтан кейбір қателіктеріне кешіріммен қарау өте маңызды. Адамдардың арасында жақсы істермен танылып, күнә істерден алыс болумен белгілі болған кісілер бар. Мұндай кісілердің жіберген кейбір кемшіліктерін көрсе де көрмегенсіп кешіріммен қарау міндет.

Бауырыңды Алла үшін жақсы көр!

Алла үшін жақсы көру дегеніміз қалай? – десеңіз, жауабы былай болмақ: Алла кімді жақсы көрсе соны жақсы көру. Алла кімді жақсы көреді? – десеңіз, Алла әрбір мұсылманды(мүмінді) жақсы көреді оған серік қоспағандығы үшін, Алланы ұлық деп біліп, оны дәріптегені үшін, тек Аллаға ғана ғибадат жасап, Алладан ғана сұрағандығы үшін, Алла бұйырғанды шамасы келгенше істеп, тыйғандарынан тыйылғаны үшін, Алланың разылығыны ұмтылғандығы үшін. Осындай пенделерді қателіктеріне, кіші күнәларына қарамастан Алла тағала жақсы көреді, бізде оларды жақсы көруіміз керек. Яғни басқа дүниелік мақсат үшін емес тек Алла разылығы үшін жақсы көру. Егер бір мұсылманды жақсы көргенде Алланың разылығы емес, адамның биік мансабы, абыройы, байлығы себеп болса ол Алла қалаған бауырмашылдыққа жатпайды.

Сондай-ақ мына бір хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Иман келтірмейінше Жәннәтқа кірмейсіңдер, ал бір-біріңді жақсы көрмейінше иман келтірген болмайсыңдар, сондықтан сендерге, араларыңда, егер оны ұстанатын болсаңдар, сүйіспеншілік тудыратын амал үйретейін бе? Бір-бірлеріңе сәлем беруді көбейтіңдер»,-деген[6]. Расында, дініміз Ислам бауырмашылдықты иманмен бірге бір дәрежеге қоюуы мұсылмандар арасындағы бірліктің, бауырластық қарым-қатынастың қаншалықты маңызды екенін көрсету.

Бауырыңа насихат айт!

Шындығында мұсылман насихатшыл болып, бауырының кемшіліктерін толықтырып, түзетуге тырысу керек. Бірақ насихат айтудың жөні осы екен деп ақыл-кеңес берудің де өзіндік әдептерін сақтаған абзал. Имам Шафиғи (р.а.): «Кімде-кім бауырына басқа адамдардың көзінше насихат айтса, оны балағаттағанмен тең, ал кімде-кім, өз бауырына оңаша насихат айтатын болса, адалдық жасаған болады»,- деген. Сол секілді өмірлік тәжірибесі мол кісілерден насихат сұралған болса, қайырлы кеңес беріп, насихат айту міндет.

Бірде Абдулла ибн Мубарактың мәжілісіне бір кісі келіп, бір мұсылман жайлы ғайбат айта бастады. Сонда оған Абдулла ибн Мубарак: «Сен өзің римдықтармен немесе парсылармен болған соғыстарда болып пе едің?»-деді. Әлгі кісі: «Жоқ», - деп жауап қаты. Сосын Абдулла ибн Мубарак оған: римдықтар да, парсылар да сенен аман қалып, ал мынау мұсылман бауырың сенен құтыла алмаған екен»,-деп, астарлап насихат айтқан.

Өзара жәрдемдесу.

Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір сахабасына: «Бауырың жауыз болса да, жәбірленуші болса да жәрдем ет», - деп айтты. Мұны естіген сахаба таң қалып: Жәбірленушіге жәрдем етермін, ал жауызға қалай көмектесемін, - деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Оның жауыздық іс-әрекетінен бас тартуына көмек беруің – оған жасаған көмегің болмақ» [15], - деп жауап берген.

Шамаң жеткенше бауырыңның дүниелік істерін өтеуге көмек көрсету.

Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір кісі келіп: «Ия, Алланың Елшісі! Алланың алдында адамдардың ең жақсы кім? және істердің ең жақсысы қандай?»-деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың Аллаға ең жақсырағы адамдарға пайдалы болғаны, ал істердің Аллаға ең жақсырағы мұсылманның көңіліне кіргізген қуаныш немесе қайғысы болса қайғысын сейілтуі немесе қарызы болса қарызын өтесуі немесе аш болса қарнын тойдыруы, Мұсылман бауырының бір қажетін өтеуі мына мешітті бір ай иғтикафта (мешіттен шықпай құлшылық жасау) тұрғаннан абзал, кім ашуын жүгендесе Алла оның кемшілігін жабады, кім ашуының есесін алуға шамасы жетіп тұрып ашуын басқан болса, Алла ол кісінің жүреген қиямет күні ризалыққа толтырады. Ал кімде-кім мұсылман бауырының қажетін өтеуге көмектессе,онда Алла қиямет күні оның қажетін өтейді, шындығында сірке су балды бұзғандай жаман мінез адамның жасаған амалын бұзады»,-деді [14].

Ақиқатында, асыл дініміз бауырмашылдық пен кеңпейілділік, бейбітшілік пен татулық, игі қарым-қатынас пен көркем мінез, жақсылық пен тақуалық және өзара жәрдемдесу секілді ізгілікті істердің бәрін өз ішіне қамтыған. Мұсылмандардың бауырмашылдығы берік болса, алынбайтын қамал, өте алмайтын асу болмайды. Өкініштісі, қазіргі таңда мұсылмандар арасында достық, бауырмалдық мінездерден гөрі, алауыздық көбірек байқалатыны жасырын емес. Кейде адамдар болмашы бір дүниелік іске бола, пендешілікке салынып, мұсылман бауырларымен қарым-қатынасын үзіп жатады. Ислам шариғатында мұсылманның мұсылман бауырына үш күннен артық ренжіуіне тиым салынады. Елімізде халықтың діни-сауаттылығын арттырып, атадан қалған асыл дініміздің тағылымды тәрбиелік құндылықтарын бойымызға сіңіріп, іске асыра білсек қана халқымыздың бірін-біріне деген бауырмашылдығы арта түсері ақиқат.

Адамдардың арасында шынайы бауырмашылдыққа ынталандыратын мына бір сөздерді оқиық. Омар ибн әл-Хаттабтан (р.а.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) айтты: «Ақиқатында, Алланың құлдарының арасында бір адамдар бар, олар пайғамбарлар да, Алла жолында жан тапсырғандар да емес. Қиямет күні олардың Алла алдында алатын орнын пайғамбарлар да, Алла жолында жан тапсырғандар да қызғанады». Сонда сахабалар: «Ей, Алланың елшісі, олардың кім екендігінен хабар бересіз бе?» деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Олар – бір-бірін туыстық байланыс үшін емес, алмасатын дүние үшін емес, Алла разылығы үшін жақсы көрген адамдар. Алланың атымен ант етейін, олардың жүздерінде нұр болады, олар адамдар қорыққан кезде қорықпайтын болады, басқалар қайғырған кезде қайғырмайтын болады», - деді де, мына аятты оқыды: «Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ әрі олар қайғырмайды»[5].

Алла тағала бізге хадистегі мәртебені нәсіп етсіне!

Бір-бірімізге мейірімді һәм кешірімді, жанашыр, көркем мінезділік танытып, қамқор және бауырмашыл бола білейік!

 

 

 

Әнуарбеков Мейіржан

«Ахмет Ишан Оразайұлы» атындағы

мешіттің наиб имамы

 

 

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары