Тілдік нұсқа
Радио

мақала

МАЛҒА БЕЛГІ РЕТІНДЕ ТАҢБА БАСУҒА БОЛА МА?
06 қазан, 2021 жыл 281 Басып шығару нұсқасы

Сұрақ: Малға белгі ретінде таңба басуға бола ма? Жауап: Жалпы жұмһур ғалымдар малға белгі ретінде таңба басуға рұқсат берген. «Радду әл-Мұхтар» атты кітапта: «Малға белгі ретінде отпен күйдіріп таңба басудың оқасы жоқ»[1],- делінген. Дегенмен, оларға таңба басарда төмендегі шарттар ескерілуі қажет: 1. Таңба салудың негізгі мақсаты малды босқа қинау емес, оларды басқаларынан ажаратып тұратын белгі болуы керек. Ал ермекке, малды текке қинауға тыйым салынады. «әл-Мажмуғ» атты кітапта: «Ешбір қажетсіз малға таңба басу – харам. Өйткені ол малды босқа қинау және Алланың жаратқан жаратылысын өзгерту болып саналады»[2], - деп келтірілген. 2. Таңба дененің көрінетін әрі қатты жеріне басылуы тиіс. «әл-Иқнағ» атты еңбекте: «Таңба жүн көп өспейтін дененің қатты әрі көрініп тұратын жеріне басылуы керек. Сондай-ақ таңбаны қойдың құлағына, ал түйе, сиырлардың жамбасына басқан жақсырақ[3]»,-деп келген. Имам ән-Науауи «Сахих Муслимнің» түсіндірмесінде: «Таңба қойдың құлағына, ал сиыр, түйенің жамбасына басылады. Өйткені жамбас дененің ауруды қатты сезбейтін бөлігі болып табылады. Сонымен қатар, ол жерде жүннің аз болуына байланысты басылған белгі де анық көрінеді. Таңбаның негізгі пайдасы да сол – малды басқаларынан ажыратып тұру»[4], - деп айтқан. 3. Таңба малдың бетіне басылмауы керек. Жұмһур ғалымдар малдың бетіне таңба басудың макруһ екеніне бірауыздан келіскен. «әз-Захира» атты кітапта: «Малдың бетіне таңба басу – макруһ. Ал, малды басқа малдардан ажырату мақсатында одан басқа жеріне рұқсат етіледі. Қойға таңба құлағына салынады. Себебі денесінде жүннің өсуіне байланысты таңба көрінбей қалады»[5], - делінген. Малдың бетіне таңба басу жайлы келген келесі риуаятқа сәйкес ол оның харам екенін білдіреді. Жәбірден жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бетті ұруға және таңба басуға тыйым салған»[6],-деп келген. Тағы бір риуаятта «Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бетіне таңба басылған есектің жанынан өтіп бара жатып, Алла мынаған таңба басқанды лағынеттеді» дегені келген. Сол сияқты келесі бір хадисте: «Сендерге малдың бетіне таңба басу немесе ұру жайлы лағынеттеген сөзім жетпеді ме?»[7] - деп келген. Ханафи мазһабының ғұламалары: «Лағнет айтылған зат немесе құбылысқа макруһ емес, харам үкімі берілетінін айтқан». «әл-Мұхит әл-Бурхани» атты кітапта: «Ғалымдарымыздың кейбірі малдарға таңба салуды макруһ десе, кейбірі оған рұқсат деген үкім берген. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Малдың бетіне таңба басуға тыйым салған» хадисінен малдың бетінен басқа жеріне таңба басудың рұқсат екенін аңғаруға болады»[8]. Өйткені таңба басудың кей жағдайда өзіндік қажеттілігі бар. Егер малды басқаларынан ажыратудың оңай әрі қинамайтын өзге де тәсілдері (мысалы, малдың құлағына пласмассадан жасалған номерді қою секілді) болса онда соған жүгінген жөн. Қазіргі таңда малға белгі салудың осы түрі кең тараған. Алла Тағала білуші.        [1] Радду әл-Мұхтар 6/388 [2] әл-Мажмуғ 6/177 [3] әл-Иқнағ 1/264 [4] Шарх Сахиху Муслим7/231 [5] әз-Захира 13/186 [6] Муслим, Термизи, Ахмад [7] Әбу Дәуіт [8] әл-Мұхит әл-Бурхани 5/244 

fatua.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары