Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Жетім көрсең жебей жүр
01 тамыз, 2013 жыл 61 Басып шығару нұсқасы

Жетім көрсең жебей жүрДана халқымыз:« Жетім көрсең жебей жүр» деген ұлағатты терең бойына сіңірген. Ортасындағы жетім – жесірлерін ауқатты жандар қанатының астына паналатқан. Құран Кәрімде: «(Ей Мұхаммед!) Олар сенен жетімдер туралы сұрайды. «Оларды түзелткен жақсы (яғни, жетімдерді тәрбиелеп өсірген жақсы, жетімнің әкесінен қалған мал-мүлкін қорғап, бағып берген жақсы). (әкесіз қалған бейшара жетімдердің мүддесіне бола) олармен араласып (өмір сүріңдер) жасаңдар. Олар сендердің діндес туыстарың. Алла бұзушыны түзеушіден айырып біледі...»,- деген.


Жетім деп, діни тұрғыда әкесі қайтыс болған баланы атайды. Әкесі бар, анасы болмаса жетім болып есептелінбейді. Ал жануарларда керісінше, шешесінен айырылған жануар жетім. Сондықтан да, мақал-мәтелдерде «әкесіз жетім жарым жетім, анасыз жетім нағыз жетім» -деген.
Жетімдік үкімі балаға балиғат жасынан асқанша айтылады. Балиғат деп, дінімізде ұл балаларға 12 – 15 жас арасы, қыз балаға 9 – 15 жас аралығын атайды. Бұл жастан асқан соң, жетімдік үкімі бұл балалардың мойнынан түседі. Екі дүниенің сәруары Рахым Пайғамбар
Мұхаммед (с.ғ.с.) өзі жетімдіктің тауқыметін көп тартқандықтан, Құран аяттарына сүйене, жетімдер ақысына көп хадистер айтқан.


Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): « Жетімді өз қолына алған адам, мына екеуі сияқты жәннатта жақын (аға - іні) боламыз», - деп нұсқаушы және орта саусақтарын көрсеткен. Имам Ибн Мажәһ риуаят етуінше: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жақсысы жетім баққан үй. Ол үйде жетімге құрмет көрсетіледі. Мұсылман адамдардың тұратын үйлердің ең жаманы – жетім қиналған үй» - деген. Осы жерде жетім бағып – асырау шексіз сауап әрі құлшылық екендігін айта кеткен жөн. Жүрегі қатайған, көзіне дүние тірлігінен басқа еш нәрсе көрінбеген адамдар жетім – жесірлердің үйлеріне барса, хабар алса, жәрдем етсе, көңілдері босайды, мейірім қонады.


Халық арасында кеңінен айтылып жүрген асыл сөздердің бірі «жетімді қуантсаң жерде жетпіс, көкте жетпіс періште қуанады» деген.


Ал енді шексіз ауыр күнә қатарына жататын нәрсенің бірі де жетім ақысын жеу немесе оған қол сұғу. Құранда мұндай адамдар тіпті Аллаһ тағала тарапынан лағынеттелінген. «Бай болғандар ( жетімді бағып, қарағанына бола) жетімнің малын жемесін» - деп, Алла тағала қатаң тыйған.
Имам Мәліктің риуаятында, бір бәдәуи араб Абдулла ибн Аббастың (р.а.) алдына келіп: «Қолымда жетімдер бар. Олардың түйелері көп. Менің жалғыз ғана түйем бар. Мен түйемнің сүтін кедейлерге беріп, жетімдер түйесінің сүтін ішу маған болады ма?», - деп сұрады. Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Жоғалғанда іздесең, әр түрлі ауруларына қарасаң, жем – шөбін беріп бақсаң, түйенің баласына зиян келтірмесең онда сүтін іш. Зиян келетін болса, сауып алуыңа да болмайды», - деген екен.
Имам Бұхаридің хадис жинағында Әбу Хурайрадан (р.а.) риуаят етілген мына хадис баяндалады: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан: «Бәлеге жолықтырар жеті түрлі күнәдан сақтаныңдар»,- деді. Сахабалар: «О, Алланың Елшісі, олар нелер?» - деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға серік қосу, сиқырлау, нақақ адам өлтіру, өсімқорлық, жетім ақысын жеу, соғыс майданынан қашу, мұсылман ар – намысты әйелді зина жасадың деп айыптап, жала жабу» - деп, жауап берген.
Және бір хадистерде « Жетім мен жесірдің ас суы мен киім киінуі үшін қызмет еткендер Алла жолында соғысып және әр түнін намаз оқып, күндізін ораза ұстаумен өткізгендей сауап алады».
«Қиямет күні бір қауым адамдардың ауыздарынан от лаулап тұрған бойда тіріледі» - деді. Адамдар: «О, Алланың Елшісі, олар кімдер?» - деп сұрады. Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Алла тағала жетімдердің малын жегендер ішіне от жұтып алғандай болады деген аятын білмейсіңдер ме? - деген. Тафсиршілер: «Қиямет күнінде жетімнің малын жеген адамдардың аузы - мұрынан, құлақтары мен көздерінен от лаулап шығып тұрған бойда тіріледі» - деп аятты кеңіткен.
Жетімді күту, көңілін аулау, тіпті сәлем берудің өзі де үлкен құлшылық болып есептелінеді. Кем дегенде жетімнің басын сипаудың өзі пайғамбар (с.ғ.с.) қалаған сүннет. Жетімнің басын сипағанда қолымыз неше шаш талшығына тисе, сонша періште жаратылып, ол адамға салауат айтып тұрады. Жетімнің қаншалықты ақысының барын мына төмендегі пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) уақытысында болған оқиғадан білуге болады: ұлық айттың күндері арабтарда балаларын түйелерге мінгізіп, ойнататын үрдіс бар еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мешіттен шыққанда бір бала күңіреніп жылап отырды. Баланың әкесі өлген, анасы басқа күйеуге шыққан жағдайы бар екен. Өгей әкесі баланы айт күндері түйемен қыдыртып, ойнату түгілі үйден қуып шыққан еді.


Әкем тірі болғанда, мені басқа балалар сияқты ойнататын еді – деген жетімнің сөзі ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жүрегіне найзадай қадалды.
Сенің әкең Мұхаммед, анаң Айша болуды қалайсың ба? – деп сұрады.
Сіздің түйеңіз жоқ қой, мені неге мінгізесіз?
Мен саған сондай бір керемет зор түйедей болам, кел менің арқама шық – деп, жетім баланы иығына отырғызған еді...
Сонда маңайындағылар бұл жағдайға таң қалып, жетімнің көз жасы пайғамбардың жүрегін елжіреткендігі соншама, пайғамбарымыз бала көңілі үшін лоқылдап, түйедей «уф» деп дауыстаған еді... .
Қай қоғамда жетім – жесірінің көңіліне қараса, жағдайларынан хабар алса, ол жер көгереді, өседі, өнеді. Жетімнің және Алла тағаланың ортасында перде болмайды. Бұл деген сөз, олардың дұға – тілегі кәміл қабыл болған дұғалардан. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сәби кезінде жетім қалып, Мединадан келген сүт ана Халиманың отбасына береке қонып, малдары артып төлдеп, сүттері көл – дария болады.
Халқымыздың «Жетімнің босағасы алтыннан болса да дүниесі арам» деген сөзі бар. Бұл дегеніміз жетімнің қаншалықты мал – дүниесі болғанымен, ол ер жетіп – бой жетпейінше дүниені орынсыз шашу күнә! Тіптен жетім бала дариядан балық ұстап алып келсе, ол балықты өзіне ғана жегізу керек. Себебі ол жетімнің еңбегі болғандықтан, басқаларға болмайды.


Жетім бағып асыраудың бір заңдылық реті бар. Баланың ақыл – есі кіргенде, өзін – өзі тоқтатқанда, шынайы ата – анасы туралы ақиқат ақпар берілуі керек. «Менің баламсың» деп алдауды шариғатымыз қоштамайды. Күндердің күнінде бала бөгде адамдардан естіп жатса, барша істеген жақсылық зая кеткендей болады. Бұл жағдай жетім болмаған ағайынды туыстардың, немере – шөберелерді асырап алуға да қатысты жайт. Өтіріктің қай түрі болса да исламда дұрыс көрілмейді. Пайғамбарымыз Зайд ибн Харисанды өзіне бала етіп,асырап алғаннан кейінСахаба Абдулла ибн Омар былай дейді: «Біз Зайд ибн Харисаны бұрын Зайд ибн Мұхаммед деп атайтын едік, бірақ: «Асырап алған балаларыңды өз аталарының атымен шақырыңдар», - деген аят түскен соң: «Зәйд ибн Хариса» деп атайтын болдық.


Бір хикаяда: «Бір кездерде арақ ішкіш маскүнем жан болыпты.Арақ ішіп алып, кез келген күнәні жасаудан қорықпайды екен.Бір күні бір жетімге өз баласындай, тіпті, оданда артық қошемет,құрмет көрсетіп, қамқорлық жасапты.Сол күні маскүнем түнде түс көріп, түсінде тозақты көріпті. Ол түсін былай баяндайды: «Мені тозаққа қарай сүйрей бастады, сол уақыт мен құрмет көрсеткен жетім бала келіп, мені тозаққа алып кетіп жатқандарға : «Тоқтаңдар! Менің Раббыма арызым бар» деді.Олар тоқтады.Бір сәттен кейін бір дауыс естілді. «Оны жіберіңдер! Ол мына жетімге қайырымдылық жасап, оны қуантқан еді!» - деді. Сөйтіп тұрғанда мен оянып кеттім» , - дейді. Сол түсінен кейін ол арақ ішуді , күнә істерді біржола қойып, жетімдерге көп қамқорлық жасайтын адамға айналыпты.
Имам Ахмад (р.а.) жеткізген хадис шәріпте: «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады» деген.


Көп қыздары бар бір әйел бар еді.Күйеуі өлгеннен кейін ол әйел жесір қалды.Көп қиналып,бейшара күйге түсті.Өзінің мүсәпір күйіне намыстанған ол қыздарымен басқа жаққа көшіп кетуге мәжбүр болды.Бір елге көшіп барады.Ол елде намаз оқылмайтын бір мешітті паналады.Әйел қыздарын ол жерге қалдырып, азық ауқат тауып келуге шығып кетеді.Содан сол елдегі аса дәулетті мұсылман байдың үйіне барып, есігін қағады.Әйел оған хал-жағдайды түсіндірді. Бірақ үй иесі: «Шынымен кедей екеніңді анықтайтын бір анықтама қағаз алып кел»! – деді. Әйел: «Мен жергілікті емеспін, бөтен жақтан келдім!» - десе де бай кісі түсінгісі келмеді. Жесір шарасыздықтан ол үйден шығып кете барады. Сөйтіп басқа бір есікті қағады.Ол үйдің иесі отқа табынатын еді.Оған да жағдайын айтты.Отқа табынушы оны естігеннен кейін, өз әйелін әлгі жесір әйелге қосып, мешіттегі қыздарды үйіне алдырды.Үй иесі қарындары ашып келген қыздарды тамақтандырды. Сол түні жесір әйел мен оның жетімдеріне көмек қолын созбаған мұсылман кісі түс көрді. Түсі қиямет қайым. Бір тудың астында Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тұр екен.Қасында үлкен бір қасыр бар екен. Мұсылман кісі: «О,Алланың елшісі, бұл қасырға кім кіреді?» - деп сұрады. Расулулла (с.ғ.с) «Бір мұсылман кіреді»- деді. Ол кісі: «Мен де мұсылманмын, менің де кіруіме бола ма?» - деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған: «Мұсылмандығыңды анықтайтын қағаз алып кел!» - деп айтты. Ол кісі түсініңкіремей таң қалды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сонда оған күндіз мұқтаж боп келген жесір әйелдің күйін есіне салды. Ол адам шошып оянды, түсі туралы ойлап, жесір әйелге қол ұшын бермегеніне өкінді. Өйткені, жесір әйелден анықтама қағаз сұрағаны рас, қағаз әкелмегені үшін оны құр қол қайтарғаны да рас. Ертесіне орнынан тұра сала жесір әйелді іздейді.Ол әйелдің қыздары мен мешіттен кетіп қалғанын , содан отқа табынатын кісінің үйіне барып қонғанын сұрап біледі. Отқа табынатын кісінің үйіне іздеп барады.Отқа табынатын адамнан ол жесір әйелді қыздарымен бірге алып кетпек ойын айтты. Бірақ, үй иесі оларды қайтарудан бас тартты: «Бұл жесір әйел қыздарымен шаңырағыма кірген сәттен бастап үйіме береке кірді!» - деді. Сонда әлгі мұсылман кісі отқа табынатын адамға ақша беретінін оларға кеткен ақысын төлейтінін айтты. Отқа табынатын адам оған күлді де: «Сен, менен алып кетпек болғандарға мен де лайықтымын. Сен, түсіңде көрген қасырды Алла маған арнап дайындап қойса керек. Мұсылман болғаның үшін менен артықпын деп тұрсың ба? Аллаға ант, бүгін біз үй ішімізбен түгелдей бірдей түс көрдік.Үйге келген мына жесір әйел мен қыздары себеп болып, бәріміз хақ дін исламды қабылдадық. Мұсылман болдық. Түсімде Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) менен: «Жесір әйел мен жетім балалар қамқорыңда ма?» - деп сұрады. Мен: «Иә, Расулулла!»- дедім. Ол (с.ғ.с): «Мына қасыр сен және отбасың үшін»,- деді. Содан бұл сөздерді естіген мұсылман кісі ұялып, өкінішпен әлгі үйден кете барды.


« Ниса» сүресінің 9 аятында: «Кімде-кім артында қалатын ұсақ балаларына қандай қамықса, басқалардың жетім қалған жас балалары үшін де сондай қамықсын. Жетімдер туралы Алладан қорқып турасын айтсын» деген. Бұл аяттың мағынасы: әкесі өліп, жетім қалған балалардың әкесінің орнына екінші әке болған адам сол жетім балалардың орнына өз балаларын қойып ойлап көрсін, деген мағынаны білдіреді. Ол екінші әке өзі өліп қалса, артында балиғат жасына жетпеген жеткіншектері қалып қоюын ойлағанда қалай қорқады?! Әрбіріңіз ойлаңызшы артымызда өз бетінше күнін көріп кете алмайтын перзенттеріміз жылап, қайғырып қалуы қандай қорқынышты. Олай болса жетім балаларға да, барынша көңіл бөліп қамқорлық жасайық. Адам баласы басқаға жақсылық істесе, сол жақсылығы оның өзіне, не оның бала-шағасына жақсылық болып қайтады. Егер бір жетім баланың басынан сипап, қайырымдылық көмек көрсетсе, жақсы сөз сөйлеп мейірімділік жасаса, сол жасаған ісінің жақсылығы ол дүниеден өткеннен кейін, бала-шағасына міндетті түрде қайтады. Жамандық та солай. Алла тағала Дәуітке (ғ.с) айтқан екен: «Ей Дәуіт! Сен жетімдерге әкесіндей қамқор бол, жесірлерге жақсы күйеуіндей бол. Сен мынаны біл: « не ексең соны орасың, сен адамдарға не істесең саған да солай істеледі.Ақыр күндердің күнінде сен өлесің ғой.Сонда балаларың жетім,әйелің жесір болып қалмай ма?» деді.


«Ниса» сүресінің 10 аятында: «Жетімдердің малын зұлымдық істеп жеп алғандар ішіне от жұтып алған болады.Олар сөзсіз тозаққа тасталады» -деген. Бұл аяттың мағынасы: «кім жетімнің ақысын тартып алып жесе, қиямет болғанда жегені қарнында отқа айналады. Сөйтіп қарны отқа толып, тозақ отына тасталады.Тозақта от қайнап жатады.Демек, жетімнің ақысын жеген адамның іші мен сырты от азабына салынады» .


«Ниса» сүресінің 36 аятында Алла тағала жетімдерге қамқор болуды, Аллаға серік қоспай құлшылық ету, ата-анаға жақсылық жасаумен бір қатарда келтірген. Олай болса мұсылман адам жетімнің жайын көп ойлап жүруі тиіс. Алла елшісі (с.ғ.с) бір хадисінде былай деген: «Жәннаттардың есіктерін алғаш ашатын мен боламын. Сонда менен озуға тырысып жүрген бір әйелді көремін, оған: «Саған не болды,сен кімсің?» - деймін. Сонда ол: «Мен жетімдердің басында отырып, күткен бір әйелмін» - дейді. Демек жетімді күтушілер жұмаққа алғаш кірушілерден болады. Сондай-ақ «Бір жетім дастарханда елмен бірге отырса, олардың дастарханына шайтан жоламайды». деген де хадис бар.
«Исра» сүресі 34 аятында «Жетімнің малына жоламаңдар.Бірақ ол ержеткенге дейін жақсылап шығысуға болады. Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады» дейді.


«Бір үйде жетім жылағанда Ғарышта Алла разы болмайды. Алла тағала былай деп бұйырады: «Ей Жәбірейіл! Мына жетімді кім жылатқан болса, оның орнын жаһаннамнан іздеп тап! Мен де оны жылатайын. Ал оны қуантып күлдірген кісінің де жәннаттағы жерін тап, мен де оны қуантайын».


Бірде Пайғамбарымызға бір кісі келіп, өз жүрегінің қаттылығын білдірді. Оған Алла елшісі (с.ғ.с):«Жүрегіңнің жұмсауын, сөйтіп арманыңа жетуін қалаймысың? Онда жетімге мейірімділік көрсет, басынан сипа және тамағыңнан бөліп бер. Сонда жүрегің жұмсарады.Сөйтіп арманыңа жетесің». – деген.Сондай –ақ хадистердің білдіруінше, «Тұл мен жетімдерге көмек еткен кісі – Алла жолында соғысқан немесе күндіз ораза ұстап, түндерде ғибадат еткен кісімен тең болады.


Алла елшісі (с.ғ.с) тағы да бір хадис шәріпінде былай деп айтқан: «Кім Алла ризалығы үшін бір жетімнің басынан сипаса,қолы тиген әр шашы сайын жақсылық болады». Сондықтан болса керек Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларынан: «Бүгін неше жетімнің басынан сипадың» деп сұрап отыратын. «Егер кімде-кім жетім ұл немесе жетім қызға жаны ашып, қамқорлық жасаса, онымен жәннатта осылай қатар боламыз деп сұқ саусағы мен ортан саусағын бірге көрсеткені де бар.Кім жұмақта Алла елшісімен бірге болғысы келсе, жетімдерге жақсылық жасасын.Жетімді жылатудың күнәсі өте ауыр.Мысалы, жетімнің ақысын жеп, оның көз жасына қалғандар ауыр күнаға душар болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Жетімді жылатудан сақтаныңдар өйткені түнде адамдар ұйықтап жатқанда, олардың зары жүреді, ал таң сәріде Раббысына көтеріледі де, жылатушы үстінен шағым жасайды.Сонда Алла тағала жылатушының тиісті жазасын береді.Сондықтан жетімнің жылауынан мейлінше сақтаныңдар».
Имам ибн Мажаәһ Әбу һурайрадан (р.а) жеткізген хадисте пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с): «Екі әлсіз – жесір мен жетімнің малынан қашық жүрулеріңді өсиет етемін»,- деген.Қорыта айтқанда әкесіз немесе ата-анасыз қалған жасөспірімді қолына алып тәрбиелеу, жетімнің марқұм ата-анасынан қалған байлығы, мал мүлкі болса, оны қорғау жауапты да сауапты іс.Ислам діні бойынша, әке – шешесінен жетім қалған баланы бірінші кезекте әке тарапынан туыстары, сосын кейінгі қатардағы туыстар қарамағына алуы қажет.Туыстары жоқ жетімдерді басқалары қолына алады.


Киелі дәстүрімізді ұмытпай жетімдерді асырап алудың өзі өте үлкен сауапты амал. Ислам дінінде жетімдерді асырау, оларға қамқоршы болу айрықша сауапты амалдар қатарына жатқызылған.Құран аяттарына, пайғамбар хадистеріне назар салатын болсақ, бұған нақты көз жеткіземіз.Мұның жарқын көрінісін мұсылман халықтарының, соның ішінде қазақтың өткен тарихынан көптеп кездестіреміз. . Жетім – жесірін жерге қаратпаған қазақ халқының ата-салтының бірінде әмеңгерлік үрдісі бойынша жетім қалған балаларды өз тегінде қалдырып, жат елге тепкі қылмаған. Жесір қалған әйелді өз елінде қалдырып, жатқа беріп күлкі қылмаған. Халқымыздың талай соғыстарда жетім қалған балаларды бауырына басып, жылатпай, өзінің ғана емес, өзге ұлттардың да жетімін қамқорлыққа алғанына дос та, дұшпан да куә. Йә, бүгінгі күні елімізде 14052 жасөрен балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр.Осыншама жеткіншек аналық махаббатпен, әкелік қамқорлыққа зәру.Десек те, бұл цифр кейбіреу үшін қатардағы статистикалық мәліметтердің бірі болып көрінуі мүмкін.Өйткені, бүгінде «жетімдер үйі», «тастанды» дегенге қазақ бойын үйретіп алған.Тіпті қамқорсыз қалғаны аздай, бейкүнә сәбилер «жер аударып», шетелдетіп жіберуде таңсық болмай қалды. Бір кездері жетімін өзге ел тұрмеқ, өзге руға да бермеген халық үшін бұл үлкен сын.Тіпті біз, қазақ бұл мәселеге ешқашан дәл бүгінгідей бей-жай қарамаған едік. Елбасына күн туған қиын қыстау кезеңде ата-анасынан айрылғанда дініне, тіліне,ұлтына қарамай «балам» деп бауырға бастық.Алғаш жетімдер үйін көрген кезде «астапыралла» деп үрке қарайтын едік. Уақыт өте келе шет елге еліктеп салт-дәстүрімізді, дінімізді ұмытып имансыздыққа бет алып, адами қасиетімізді ұмыта бастадық. Өз балапанын қызғыштай қорғап, жыланның арбауына түссе де шырылдап балапанына пана болатыны белгілі. Тіпті үй құсы тауықтың өзі жайда қорқақ болса да өзегін жарып шыққан балапанын қорғау үшін батылдық көрсетеді. Олай болса екі дүниенің бақытына бөлеу үшін ақыл парасатпен жаратқан біздер, адамдар өз келешегіміз, ұрпағымызды арашалау аманат. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөзге немқұрайлы қарамай, ел келешегін ойлап, жетімдерімізге пана бола білейік ағайын. Халық даналығында «Бай болсаң елге пайдан тисін, батыр болсан жауға найзан тисін» деген қанатты сөздер бекер айтылмаған. Мүмкін болса жетімдер үйінен бала асырап оны бағып, тәрбие беріп, өз балаңдай бөле қарамай, қамқорлық таныта білсек Алланың мейрім шапағатына лайық боларымыз анық.
Аллаһ Тағала баршамыздың тақуалығымызды арттырып әуелі Аллаһқа және пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігімізді арттырып, пайғамбарлардан үлгі алып, жетімге қарайласумен біз Алла тағаланың ризалығына бөленіп, сауапқа кенеліп, халықтың батасын алып, жүрегімізді мейірімділікке бағыттап, жақсылыққа жетеріміз хақ! Алла тағала жетімдерге қол ұшын беретін асыл азаматтардың санын арттырғай! Аллаһ тағала осындай сауапқа ұмтылуды баршамызға нәсіп етсін! Әумин.


Бұқар жырау ауданы
«Жыржыс қажы» мешітінің Бас имамы Мұқаев А.Р.

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары