Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Жүрек және оның түрлері
08 қазан, 2021 жыл 273 Басып шығару нұсқасы

Ең әуелі бізді мұсылман үмметінен еткен, бізге әр сәт қаншама нығметке бөлеп отырған Аллаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын! Мінезі көпке үлгі болған сүйікті Елшімізге (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шексіз салауаттар мен сәлемдер болсын!

Жалпы, жүрек – имандылық пен күпірліктің мекені, яғни жүрек – басқарушы орталық. Егер жүрекке иман ұяласа, адамның бойында имандылық, көркем мінез-құлық көрініс табады. Ал жүректі күпірлік мекен етсе, адамның бойында имансыздық пен жаман қасиеттер пайда болады. Сахаба Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Жүрек – патша. Ағзалар оның әскері. Егер патша жақсы болса, әскері де жақсы болады. Ал егер патша нашар болса, әскері де нашар болады». Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Назар аударыңдар! Адам денесінде бір бөлік ет бар. Егер ол түзу болса, бүкіл дене дұрыс болады. Ал егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады» деп ескертуі де адам баласы үшін жүректің өте маңызды екендігін аңғартады.

Жалпы адам баласының жүрегін рухани тұрғыдан алғанда төмендегідей топтарға бөлуге болады. Олар:

1. Сау жүрек. Құран Кәрімде былай делінеді: «Ол күні (қиямет күні) мал да, бала-шаға да пайда бермейді. Тек, кім Алланың құзырына сау жүрекпен келсе, сол адам ғана пайда табады» (Шұғара сүресі, 88-89 аяттар). Аятта айтылып өткен «сау жүрек» сөзінің мағынасын алғашқы буын ғалым өкілдері «күпірлік пен күнәһарлықтан аман», «ширк пен шүбәдан арылған», «Алланың Хақ екендігіне, қияметтің күмәнсіз болатындығына және өлгеннен кейін қайта тірілуге иман келтірген», «түрлі рухани дерттерден айыққан» және «жаман мінез-құлықтан арылып, көркем мінез-құлықпен безенген жүрек» деп түсіндірген.

2. Мойынсұнған жүрек – жүзін әрдайым жаратушы Аллаға қарай бұрып, өткінші дүниелердің бұғауынан құтылған, шынайы ықыласпен Раббысына мойынсұнатын жүрек. Құран Кәрімде бұл жайында былай деп баяндалады: «Міне, сендерге уәде етілген жәннат! Ол Аллаға қарай жән-тәнімен бет бұрған, әмірлеріне мойынсұған, көрмесе де Рахманнан қорыққан және «қалбун мунибпен» (Аллаға бет алған жүрекпенен) келген пенделерге арналған» (Қаф сүресі, 32-33 аяттар).

3. Орныққан жүрек. Бұл – мүминнің санасын кеміріп, көкейіне түрлі арам ой салып, мазасын қашыратын уәсуәсә-азғырулардан құтылып, тыныштық тапқан яғни нық иман орныққан жүрек. Яғни, «айнал-яқин» дәрежесіне жеткен жүрек. Құран Кәрімнің баяндауы бойынша жүректің мұндай дәрежеге жетуінің бірден-бір жолы – Алланы еске алып, зікір ету. Бұл Құранда анық түрде баяндалған. «Біліп қойыңдар! Жүректер тек Алланы зікір етумен ғана орнығып, тыныштық табады» (Рағыд сүресі, 28-аят).

4. Қатайған жүрек. Ислам ғалымдары жүректің қатаюын «жүректің ақиқатқа бас ұрудан және Алланың аяттарын түсінуден ұзақ тұруы», «уағыз-насихаттарға құлақ аспай, жалғанға бой алдыруы» және «имансыздық пен күнә істеуде шектен шығып, қасарысуы» деп түсіндіреді. Құранда былай делінеді: «Алланы еске алуда жүректері қатайған пенделерге қандай өкінішті. Олар ашық адасуда» (Зүмәр сүресі, 22-аят).

5. Өлі жүрек. Бұл – Құран Кәрімнің терең мағыналы әрі ғибратқа толы аяттары мен Хазірет Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағылымы мол уағыз-насихаттарынан ғибрат алмайтын, сезініп, әсерленбейтін жүрек. Мұндай жүрек Құран Кәрімде «мөр басылған жүрек» деп сипатталады. Бұл Алла Тағаланың ескертулеріне құлақ аспайтын, көкірек көздері көр болғандықтан ақиқатты көре алмайтын адамдардың жүрегі. Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді: «Расында кәпірлерді ескертсең де, ескертпесең де бәрібір (ескерту оларға пайда бермейді). Олар иман келтірмейді. Алла олардың жүректері мен құлақтарына мөр басып, бекітіп тастаған. Көздерінде де перде бар» (Бақара сүресі, 6-7 аяттар).

6. Ауру жүрек. Қасиетті Құранда былай айтылған: «Олардың жүректерінде ауру бар. Алла олардың ауруын күшейте түседі» (Бақара сүресі, 10-аят). Ислам ғалымдары жүрек ауруларын итиқади  және ахлақи тұрғыдан екіге бөліп қарастырады. Осыған байланысты имансыздық, екіжүзділік, ортақ қосу, надандық және күмән келтіру сынды иманға қатысты адастыратын әрекеттерді «итиқади сырқаттар» деп, ал шәһуаттың құлы болу, күнә істеу құмарлығы, қорқақтық, сараңдық, риякерлік, тәкаппарлық, кектену, көре алмаушылық және дүние құмарлық сынды жағымсыз қасиеттерді «ахлақи сырқаттар» деп түсіндірген. Бұл сырқаттар имансыз, екіжүзді және нәпсісінің жетегінде жүрген кейбір мұсылман пенделердің жүректерінде болады. Жүректің сырқаты өткінші. Өйткені, алғашқы кезде ешқандай жүректе ауру болмайды. Сол себепті, жүректегі кез-келген сырқаттан Алланың жәрдемімен айығуға болады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде адам баласы қияметте жауапқа тартылғанда Алла Тағала оның түр-әлпеті мен дене бітіміне емес, жүрегі мен амалына қарайтындығын баяндайды. Сондықтан, ешбір мал да, жан да пайда бере алмайтын сол бір ұлы күнге сау жүрекпен баруды Алла Тағала барша мұсылман пендеге нәсіп еткей!

Сәтбаев қаласы

«Балмағанбет Балқыбайұлы» мешітінің

ұстазы Бауыржан Амангелдіұлы

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары